Тіл – тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз

Среда, 29 Май 2024 10:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 278 раз

Тіл – халықпен бірге өсетін, не өшетін асыл қазына. Тіл болмай, ешқандай ғылым ғаламда кең өріс ала алмайды, тамырын тереңге жая алмайды. Қандай да тіл болмасын, өзінің қолданылу аясымен, көркемділігімен ерекшеленеді. Ана тілі - адам болып жаралғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп - өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Ана тілі жүректінің терең сырларын, халық тарихының барлық кезеңдерін, жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа сақтап отыратын қазына.

 

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әр жылы халыққа жолдаған Жолдауында мемлекеттік тілдің елді біріктіретін күшке айналуы тиістігін айтып келеді. «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан, қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі», - деді Президент. Жүйелі жұмыстардың арқасында мемлекеттік тілді дамытуда қол жеткізілген табыстар аз емес. Дегенмен мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты ел ішінде көңіл толмаушылықтардың бар екендігі рас. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады», - деді Мемлекет басшысы.

«Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде» деп В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі.

Біздің мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Қазақ тілін әлемдегі «ең көркем тіл» деп айтуға еш кедергі жоқ. Себебі, қара қылды қақ жарған жандардың жұртты тамсандыратын өлеңдері, қаламынан жыр төгілетін жазушылардың шығармалары, тіпті, ақылдылығымен әлемді мойындатқан ғалымдардың еңбектері де қазақ тілінде жазылды. Белгілі ақын Қадыр Мырза Әлі: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп тегін айтпаған.

Тілім менің-таусылмайтын байлығым. Ең құдіретті де қастерлі өз ана тілім. Шыр етіп дүниеге келгеннен бері ана тіліммен өсіп келемін. Ана тілі арқылы алғашқы әліппені таныдым. Содан бері міне, өз ана тіліммен сусындап келемін. Өз тарихымды танып білдім. Туған тіліміздің абыройын асқақтату-әрбір азаматтың борышы. Себебі, біздің болмысымыз, салт-дәстүріміз, дініміз, мәдениетіміз осы тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің жас ұрпағын парасатты, білімді, іскер, қабілетті, ұлтжанды етіп қалыптастыруда мемлекеттік тіліміздің атқаратын қызметі өте жоғары денп білемін. Сондықтан да туған еліміздің мемлекеттік тілін білуге міндеттіміз. Өйткені, тіл - ата-бабамыздың бізге қалдырған аманаты. Ата-баба мұрасын жалғастыру, оның мәртебесін көтеру баршамыздың міндетіміз, парызымыз. Тіл арқылы ақындарымыз бен жазушыларымыздың даналық сөздерін, өлең жырларын оқып білеміз, олардан ғибрат аламыз. «Өнер алды-қызыл тіл» деген сөз бекерге айтылмаса керек! Елінің болашағын ойлаған, құрметпен қараған әрбір азамат ана тілін сақтап қалуы үшін қолынан келген көмегін аямауы тиіс.

Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдыретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы - әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра екендігі белгілі. Тіл – ұлттың жаны, рухы, оның бет-бейнесі, өткені мен бүгіні және болашағы. Ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» – деп тілдің ұлт үшін қандай маңызды екенін бір-ақ ауыз сөзге сыйдырған. Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз – қазақ тілі. «Ана тілі - халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі», - деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі болуы керек.

Демек, әр халықтың өзінің ана тілі бар. Тіл – жеке адам ойлап тапқан туынды емес, ол - барша ұлтқа ортақ, соның төл перзенті. Сол халықтың мәдени әлеуметтік өмірінде өзіндік мәні бар киелі ұғым. Тіл – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Тіл – еліміздің іргетасы, «Ұлттың қуаты тілінде», «Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем», «Тіл – асыл ойдың бұлағы», «Тіл –құдырет», «Тіл - тәуелсіздік тұғыры», «Тіл – ұлттың жан дүниесі» дегендей, тілдің адам өмірі үшін мәні айрықша екенін қазақ даналарының қалдырған мақал-мәтелдерінен де аңғаруға болады.

Б.Момышұлының: «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту - бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» - деген болатын. Олай болса, тіл құдіреті - ерекше. Оның бітпесті бітіретін, жетпесті жеткізетін, үзілгенді жалғайтын мүмкіндігі бар. Бір ауыз сөз опық жегізіп, өмір бойы өзегіңді өртесе, бір ауыз орынды айтылған сөз жадында жатталып, бақытқа жеткізеді.

Ал қоғам қайраткері М.Жұмабаев: «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады», - деген. Тіл байлығы - әрбір ұлттың мақтанышы. Әр азамат өзінің ана тілін, көзінің қарашығындай қарап, орынсыз шұбарлануына қарсы тұруымыз керк.

Тіл – ұлттың жан дүниесі. Расында қазақ халқының басында талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап, босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасына дарыған - ана тілі ғана. Халқымыздың тілге беріп жүрген бағасы бұл ғана емес, ана тілге деген мейірім, махаббат сезімін білдіретін сөздер көп-ақ. Оған жүздеген мысалдар келтіруге болады. Осы сияқты ой тұжырымдардың баршасы ел аузына түспей, ғасырлар өтсе де ұрпақ жадында сақталып қалған. «Тәрбие басы - тіл» деген осы күнге дейін мән-мағынасын жоғалтпаған қанатты сөз XI ғасырдың ұлы ойшылдарының бірі Ахмет Иүгінекидің есіміне қатысты. Үзілмей келе жатқан осындай даналық дәстүрінің жалғасын біз бүгінгі ұрпақтан да көреміз. Ана тіліміздің айтып жеткізуге болмайтын асыл қасиеттерін тап басып танып, қанатты сөздерге айналдырған зиялыларымыз да баршылық екені ақиқат.

Ата-бабамыздан қалған асыл қазына тілімізді сақтаудың тиімді жолы – отбасында ана тілінде сөйлеп, айналадағы дүние туралы сол тілде айтып, сол тілде қуаныш-ренішіңді бөлісіп, өзіңді, өзгені жұбату болып табылады. Бұл - ана тілінің қадір-қасиетін арттыра түсері анық. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның тазалығын сақтауға тиіс. Ана тілі - ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау - арды шұбарлау, көңіл тұнығын майлау. Ең жақсы адам - ана тілін құрметтеген адам. Бұл сенің басқа тілді меңгеруіңе бөгет болмайды, қайта сені адамгершілікке, шын патриот болуға жетелейді. Ана тілдің терең иірімдеріне бойлай білу – саналы адам болғысы келетін жас адамның бірінші парызы.

Ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», - деп тілдің ұлт үшін қандай маңызды екенін бір ақ ауыз сөзге сыйдырған. Сондықтан қазіргі жаһандану дәуірінде аз ұлттар мен ұлыстар өз тілдерін қорғап қалуға барынша күш салуда. Қазақстан Республикасы қазақ тілінің ғана емес, қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тілінің дамуына барынша жағдай жасап отыр. Асыл қазынамызға айналған қазақ тілінің құндылығының арта беруіне әрдайым өз үлесімді қосамын. Ендігі біздің міндетіміз тілімізді сақтап, сол тілде сауатты жазып, ойымызды қазақ тілінде таза жеткізу және оны ардақтап құрметтеу.

Қорыта келгенде, Тіл - өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі. Сондықтан да өз ана тіліміздің қадірін біліп, өз тілімізде дұрыс сөйлесе білу - әр қазақ баласының бірден бір міндеті деп есептеймін. Біздің болашақ жастарымыз тіліміздің абыройын асқақтатып, биікке көтереді деп нық сеніммен айтқым келеді. Тіл тағдыры - ел тағдыры екенін еш уақытта ұмытпайық. Ақын-жазушыларымыз жырлаған тіл - қазақ тілі, Мәңгілік елдің, мәңгілік тілі болып қала бермек!

 

Нұрлан СЕРІКҰЛЫ

Шымкент қаласының Әділет Департаментінің «Атқарушылық құжаттарды

орындау жөніндегі бөлім филиалы» басшысы аға сот орындаушысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.