Журналист – мәртебелі мамандық

Понедельник, 15 Июль 2024 06:23 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 991 раз

jurnalist-martebeli

Ол – ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзі

 

Қадірлі журналистер!

Құрметті жиынға қатысушылар!

Ең алдымен, баршаңызды Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Журналист – мәртебелі мамандық. Ол – ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Сондықтан біз медиа саласының мамандарына әрдайым зор құрметпен қараймыз. Түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай.

Біздің мақсат-мұратымыз – ортақ. Бұл – баршаға тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстанды құру. Мен бүгін медиа саласы мамандарының осы жолдағы қажырлы еңбектері үшін шынайы ризашылығымды білдіремін.

Әлихан Бөкейхан «Газет-журнал шығаруға зор шеберлік керек» деп талап қойған. Бұл – бүкіл ақпарат саласына ортақ тұжырым. Жалпы, журналистер мемлекеттік саясатты халыққа түсіндіру ісінде айрықша рөл атқарады.

Өздеріңізге мәлім, қазір еліміз дамудың жаңа сатысына қадам басты. Біз соңғы 5 жылдың ішінде ауқымды саяси реформаларды жүзеге асырдық. Қазақ-станның саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Парламенттің ықпалы, Үкіметтің жауапкершілігі айтарлықтай артты. Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік орныға түсті. Саяси партиялардың қоғамдық рөлі күшейді. Азаматтарымыз өз ой-пікірлерін ашық айтып, қоғамда белсенді болуына мүмкіндік беретін нақты тетіктер пайда болды. Сайлау жүйесін жетілдірдік. Ауыл, аудан әкімдері тікелей сайлана бастады. Бір сөзбен, саяси және қоғамдық мәдениет үлкен өзгеріске ұшырады.

Ең маңызды бастаманың бірі – Президент жеті жылдық мерзімге бір рет қана сайланатын болды. Осы шешімнің саяси мән-мағынасы ерекше, бұл – мемлекет басқару ісінде жаңа стандарт қалыптастыратын маңызды қадам.

Реформалар, өзгерістер әлі де жалғаса береді. Ең бастысы, бұл өзгерістер – халықтың таңдауы. Сондықтан біз ешқашан кері қайтпаймыз, тек алға қарай жүреміз. Біз экономикалық дамудың нақты бағытын айқындадық. Бір сөзбен, озық ел болу үшін ауқымды жұмысты қолға алдық.

Сіздер тың бастамаларды жұртшылыққа жан-жақты түсіндіруге зор үлес қостыңыздар. Шын мәнінде, барлық реформаны өздеріңізбен бірге атқардық деуге болады. Бірақ өзгерістерді жүзеге асыру бір басқа, ал оны орнықтыру бір бөлек. Ол үшін қоғамдық сана түбегейлі жаңғыруға тиіс.

Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында жалпыға ортақ құндылықтар туралы айтқанымды білесіздер. Мұның бәрі ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін айрықша маңызды. Ашығын айтсақ, осы құндылықтарды қоғам санасына орнықтыру журналистерге тікелей байланысты. Ақпарат өкілдері болмаса, оны жұртқа жария ету мүмкін емес. Сондықтан журналистер қауымы осы маңызды жұмысқа зор жауапкершілікпен қарайды деп сенемін.

Біз әрбір сөзімізді қоғамды түзеуге жұмсасақ, болашағымыз да баянды болары хақ. Мен Құрылтай отырысында елімізге қатер төндіретін бес кеселге тоқталдым. Тағы да қайталап айтқым келеді. Жұртты нашақорлық пен құмарпаздықтан, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан, вандализм мен ысырапшылдықтан қорғау – ортақ міндет. Мемлекет бұл бағытта нақты қадамдар жасап жатыр.

Жақында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл болатын арнайы заң күшіне енді. Бұл – өте қажетті құжат. Бұл мәселе бойынша менің көзқарасым – баршаңызға айқын.

Еліміздегі әрбір шаңырақ қазақ отбасының үлгісіне айналуы керек. Әрине, қабылданған заң барлық қатерді бірден жойып жібермейді. Бұл – ұзақ әрі күрделі үдеріс. Заң жазалау үшін емес, ең алдымен, құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін маңызды. Оған бүкіл қоғам болып атсалысу қажет. Осы жолда ақпарат өкілдерінің рөлі ерекше.

Ең қауіпті әлеуметтік кеселдің бірі – лудомания. Құмар ойынға тәуелділік көптеген азаматты орға жығып, қарызға белшесінен батырады, отбасының шырқын бұзады, қылмысқа, суицидке итермелейді. Статистика бойынша іс жүзінде әрбір бесінші қылмыс құмар ойындардың кесірінен жасалады.

Интернет дамыған сайын лудомания проблемасы ушыға түсті және нағыз әлеуметтік індетке айнала бастады. Бұл ұлтымыздың болашағына қатер төндіреді. Сондықтан Мемлекет басшысы ретінде мен осы қауіпті құбылыспен күресу үшін бірқатар пәрменді шаралар қабылдадым.

Былтыр күзде осы мәселе бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы отырысы өтті.

Жуырда менің тапсырмаммен Үкімет Заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды бекітті.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.