БАСПАНА – БАҚЫТТЫҢ МЕКЕНІ, БЕРЕКЕНІҢ БАСТАУЫ Избранное

Среда, 24 Июль 2024 05:58 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 715 раз

Жаңа заң тұрғын үй төңірегіндегі түйткілдерді шешеді

Халықты баспанамен қамтамасыз ету – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі. Әсіресе, әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтардың баспаналы болуына мемлекет барынша қолдау көрсетіп жатыр. Республика бойынша жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларынан бөлек, Шымкент қаласында жергілікті әкімдіктің бастамасымен қолға алынған қолдау механизмдері де бар. Соның бірі – тұрғын үй сертификаттары.

1 БАСПАНА  БАҚЫТТЫҢ МЕКЕНІ

 

 Жуырда ғана әкімдік ипотекалық негізде тұрғын үй сатып алушыларға жалпы сомасы 300 миллион теңге көлемінде тұрғын үй сертификаты берілетінін хабарлады. Бұл сертификат мемлекеттік бағдарлама аясында «2-10-20», «5-10-20» бағыттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алушыларға бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде беріледі. Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір үміткер үшін 1 миллион теңгеден аспайтын бірыңғай мөлшерде айқындалған. Биыл жыл басында әлеуметтік осал топқа жататын 218 азаматқа тұрғын үй сертификаты берілгенін ескерсек, мұның өзі өз шаңырағы болғанын аңсап жүрген азаматтарға айтарлықтай қолдау екенін байқаймыз. Дегенмен, мұндай бағдарламалар мен қолдау шаралары тұрғын үй қатынастары саласындағы барлық түйіткілді мәселені шешу үшін жеткіліксіз екенін ашып айтуымыз керек.

Соңғы жылдары елімізде тұрғын үй қатынастарында күрделі мәселелер көбейіп кетті. Сыбайластықтың құзыры жүріп тұрғандықтан, әртүрлі «көмекшілердің» қолдауымен тұрғын үй кезегін жылжыта салу да, сөйтіп, жұрттан бұрын жеңілдетілген бағамен ұсынылған немесе арендалық баспанаға ие болу да оңай болып кеткендей еді. Әрине, «көмекшілердің» бұл қызметі тегін емес. Қалтаңыздағы қомақты қаражатты артығымен жұмсауыңызға тура келеді. Мұндай заңсыздық пен әділетсіздік жылдар бойы кезегін сарыла күткен жұрттың наразылығын туғызып жүрген. Ал, ондай әрекеттердің алдын алуға қолданыстағы заңның күші толығымен жете бермейтіні де жасырын емес. Мемлекеттік тұрғын үй қоры есебінен және мемлекеттік бағдарламалар аясында баспанамен қамту ісі біршама дұрыс жолға түссе де, мәселенің түбегейлі шешілетін түрі болмады. Ол үшін сапалы, жүйелі заң керектігі Парламентте көптен бері талқыланып жүрген.
Жуырда Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жолдады. Биыл күз айларында қолданысқа енгізіледі деп жоспарланып отырған заң жобасында қандай мәселелер қарастырылған және тұрғын үй қатынастары саласында бізді не күтіп тұр? Бүгін осы мәселелер төңірегінде сөз қозғамақпыз.

«Отбасы банк» жаңа мәртебеге ие болды

Заң жобасын дайындаумен айналысқан Мәжілістегі жұмыс тобының жетекшісі, депутат Ұлықбек Тұмашиновтың айтуынша, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң 1997 жылы қабылданған екен. Содан бері 27 жыл өтсе де құжатқа айтарлықтай өзгеріс енгізілмепті. «Яғни, заңға біраз өзгерту енгізу қажеттілігі уақыт талабынан да туындап отыр. Сондай-ақ, бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осыдан екі жыл бұрынғы тұрғын үй қатынастарын реттейтін Ұлттық даму институтын құру туралы Жарлығына сәйкес атқарылған жұмыстың нәтижесі», – дейді депутат.
Елімізде 650 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Ал, Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының мәліметі бойынша, 49 725 азамат үй кезегіне тіркелген. Олардың басым көпшілігі – халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобындағылар. Бірақ, оның ішінде шетелге кетіп қалғандар мен үй алғандар да бар. Оның үстіне кейбір азаматтардан «тіркелгенімен қанша жыл өтсе де кезегім жылжымай қойды, менен кейін кезекке тұрғандар баспаналы болып жатыр» деген шағымдарды да жиі естіп жатамыз. Яғни, тұрғы үй кезегінде ашықтық пен жариялылық жетіспейді. Осының барлығын ескере отырып, жаңа заңда «Отбасы банкін» тұрғын үйді есепке алумен, қоюмен және бөлумен айналысатын ұлттық даму институты ретінде қайта құру көзделген. Сөйтіп, осы институтта «Баспанамен қамтамасыз ету» орталығы дейтін электрондық база құрылады. Тұрғын үйге мұқтаж адамдардың кезегі жергілекеті мемлекеттік органдардан алынып, қайта тексеріліп, жаңа электрондық базаға енгізіледі. Заң күшіне енген соң кезекке жаңадан тұратын адамдар бұрынғыдай Халыққа қызмет көрсету орталықтарына емес, «Отбасы банкіне» барады. Әр адам кезегін «Отбасы банк» платформалары арқылы онлайн көріп отырады, яғни, ашықтық пен жариялылық толықтай қамтамасыз етіліп, заң бұзушылық болмайды. Күмән болмауы үшін адамдар кезектен тек өзін ғана емес, өз кезегінің маңайындағы адамдарды да бақылай алады.
Дегенмен, «Отбасы банк» бұрынғыдай екінші деңгейлі банктер санатында өз жұмысын жалғастыра береді. Себебі, «Отбасы банкі» екінші деңгейлі банктер санатынан шығарылатын болса, Ұлттық банктің бақылауынан кетіп, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қадағалауынсыз қалады. Одан бөлек, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қадағалауынан, құзырынан да шығып кеткелі тұр. Ал, банкте 2,7 млн.салымшы мен және айналымда 3,5 трлн. теңге барын ескерсек, бұл өте тәуекелге толы шешім болар еді.

Арендалық баспаналар жекешелендіріледі

Бүгінде арендалық пәтерде тұрып жатқан отандастарымыздың да қатары аз емес. Республика бойынша 51 мың отбасы осындай пәтерлерде тұрып жатыр деген дерек бар. Осы орайда жаңа заң жобасына арендалық тұрғын үйлерді жекешелендіруге қатысты нормалар енгізілген. Дегенмен, бұл жекешелендіру тегін емес. Арендалық пәтер онда тұрып жатқан азаматқа жылдық 2 пайыздық амортизациясы шегеріле отырып, қалдық құнымен ұсынылады. Қалдық құны дегеніміз не? Мәселен, бір отбасы үйді 2017 жылы арендалық жолмен алды, ол кезде сол пәтердің құны 8 миллион теңгеге бағаланған дейік. Содан бері жеті жыл өтті. Яғни, жылына 2 пайыздан амортизацияланды десеңіз, пәтердің бағасы 14 пайызға арзандатылып есептеледі. Яғни 8 миллионның 14 пайызы шегеріліп, одан 6 880 000 теңге қалып тұр. Қалдық құны деген осы. Енді сол 6 880 000 теңге қалдық құнының 30 пайызын (2 064 000 теңге) алғашқы жарна ретінде құйып, қалған соманы (4 816 000 теңге) ешқандай пайызсыз 10 жылға дейін бөліп төлеп отырады. Бұл шамамен айына 40 133 теңге болады. Бұл жерде ескере кететін жайт, үйді жалға алған кезде құны қандай болса, қанша жыл өтсе де сол бағада қала бермек. Енді өзіңіз ойланып көріңіз, 2017 жылы 8 миллион тұрған пәтерлер қазір нарықта кемінде 18-20 миллионға бағаланады. Ал, арендалық пәтерде тұрған адамдар үшін ол 6 880 000 теңге дейтін өте тиімді бағамен ұсынылып отыр. Оны тағы да бөліп төлеуге мүмкіндік бар. Бұл мемлекеттің әлгі 51 мың отбасыға жасап отырған үлкен қолдау деп айта аламыз.
Одан бөлек, жекешелендірудің бұл түрі ерікті түрде жүзеге асады. Мемлекет ешкімді күштемейді. Қаласаңыз сол жалдамалы пәтерде өмір бойы тұра бересіз, ол балаңызға да қалады. Сізден үйді ешкім тартып алмайды. Тұрғын үйді жекешелендіру үшін жергілікті әкімдіктерге барып, арнайы есепшот ашу арқылы тиісті берешегіңізді ай сайын төлеп тұрасыз.
Сонымен қатар заң жобасында мемлекеттің тұрғын үй қорынан ұйымдардың қызметкерлеріне берілген қызметтік баспананы жекешелендіру құқығын беру туралы норма да енгізіліп отыр. Нормативтік-құқықтық актінің жобасында «Мемлекеттік қызметте 10 жылдан кем емес мерзімде жұмыс істеген азаматтарға қызметтік баспананы жекешелендіру құқығы беріледі» деп жазылған. Бірақ бұл 10 жылдан астам еңбек еткендердің бәріне қызметтік баспана беріледі деген сөз емес. Қызметтік баспана алса, 10 жылдан кейін жекешелендіру құқығы болады деген норма. Мұнда да «қалдық құны» принципі қолданылады.

Баласы бар жесірлер ақысыз үй алуға құқылы

Заң жобасына енгізіліп отырған негізгі нормалардың бірі – мемлекеттің қолдауы аясында салынған үйлердің кем дегенде 70 пайызы 11 санаттың өкілдеріне берілу керектігі жөніндегі норма. Бұл санатқа кімдер жатады десеңіз, соғыс ардагерлері, І, ІІ топтағы мүгедектігі бар тұлғалар, қызметте жүріп қайтыс болған әскерилер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасылары, ядролық сынақтардан зардап шеккендер, жетімдер, жесірлер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, көпбалалы отбасылар, мүгедек баланы асырап отырған және тағы басқалар кіреді. Әрине, әлеуметтік осал топтарға мемлекет қолдауы арқылы салынатын пәтерлердің 70 пайызы беріледі. Қалған 30 пайызы басқа санаттарға беріледі.
Осы орайда мемлекеттік тұрғын үй қорынан ақысыз үй алуға хақылы азаматтардың санатына асыраушысынан айырылған, қамқорлығында кәмелетке толмаған баласы мен 23-тен аспаған күндізгі бөлімде оқитын студент баласы бар «жесірлер» дейтін жеке топ енгізіліп отыр.
–Қазақ ежелден жесірі мен жетімін жылатпаған ел. Неге көпбалалы отбасыларды қолдағандай, ері немесе әйелі қайтыс болып, 2-3 баласын жалғыз асырап отырған азаматтарды да қолдамасқа? Сондықтан оларды жеке санат етіп енгіздік. Ондай отбасылардың саны көп, аз деп айта алмаймын. Әсіресе, әйел адамдар көп, - дейді Ұлықбек Тұмашинов.
Айта кетейік, заң жобасында мемлекеттен кезектен тыс баспана алуға хақылы азаматтардың қатарына мүгедектігі бар бала асырап отырған отбасылар мен І, ІІ топ мүгедектерін қосу ұсынылған. Оған қоса мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді орындау кезінде қаза тапқандардың отбасына бір жылдан кешіктірмей баспана беру туралы да норма ұсынылып отыр. Бұл норма негізінен әскерилерге, органда жұмыс істейтіндерге қатысты. Мұның өзі өте дұрыс шешім деп ойлаймыз. Өйткені, Отан қорғау жолында қайтыс болған адамның отбасында пәтер жоқ болса, бір жылдың ішінде берілу керек.

Шымкентте биыл 2144 баспана пайдалануға беріледі

Жалпы үйлі болсам дегендер үшін 2024 жылы Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында 364 пәтері бар үйлердің құрылысы жүргізілуде. Аталған көрсеткішті нарықтан сатып алу арқылы 1000 пәтерге жеткізу жоспарланыпты. Тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарының аяқталуы және пәтерлердің коммуналдық тұрғын үй қорына өткізілуіне қарай тұрғын үй кезегіне қарап 449 пәтер халықтың әлеуметтік осал тобына, 351 пәтер көпбалалы отбасыларға, 200 пәтер жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілетін болмақ.
Бұдан бөлек жыл соңына дейін жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз 900 жалдамалы пәтер беріледі. Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының мәліметіне сүйенер болсақ, 2024 жылы 2696 отбасының тұрғын үйдің жалдау ақысының 50 пайызы мемлекет тарапынан төленіп, субсидиялануда екен. Тұрғын үй жалдау төлемдерін субсидиялау бағдарламасына тұрғын үй кезегінде тұрған І және ІІ топ мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар балаларды асыраушы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көпбалалы отбасылар санатындағы азаматтар қатыса алады дейді мамандар.

ТҮЙІН:

Баспана – бақыттың мекені, берекенің бастау. Бір байқағанымыз, жаңа заңның жобасында негізінен әлеуметтік тұрғыда осал топқа жататын азаматтардың мәселесі көбірек қамтылған. Біздіңше, бұл орынды шешім. Өйткені, біз құқықтық мемлекетте және нарықтық қатынастар жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Мұндай жағдайда «мемлекет халықтың бәрін тегін немесе жеңілдетілген баспанамен қамтамасыз етсін» деп талап қою орынсыз, қисынға келмейтін әңгіме болады. Үй деген адамның өмірдегі ең маңызды құндылықтарының бірі. Демек, дені сау, еңбек етуге қабілетті адамдардың барлығы үйге қол жеткізуі үшін тер төгіп, өз мақсатына өзі ұмтылуы тиіс.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.