Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін қала көшелеріне беру мәселесі жөнінде қоғамдық тыңдау өтті

Вторник, 28 Апрель 2015 12:18 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3456 раз
20150428 160336Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің мәжіліс залында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, Кеңес Одағының батырлары және бірқатар ордендермен марапатталған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін қала көшелеріне беру мәселесі жөнінде қоғамдық тыңдау өтті. Қалалық мәслихат депутаты Ғани Ташқараевтың төрағалығымен өткен жиынға қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова, мәслихат депутаттары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары қатысты.
 
Қала аумағындағы атауы өзгертілуге тиіс және атауы жоқ көшелерге Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімін беру мәселесіне сәйкес, күн тәртібіне 15 ұсыныс келіп түскен. Осы орайда қоғамдық тыңдауда қаралған барлық мәселелер бірауыздан қолдау тапты.
 
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұрат Базарқұловтың айтуынша, атауын өзгертуге ұсынылған көшелердің ішінде: 9 атауы жоқ көше, 1 атауы қайталанатын көше, 1 заңдастыруды қажет ететін көше және 3 моральдық тұрғыда атауы ескірген көше бар.
 
– ҚР Премьер-министрінің орынбасары Б. Сапарбаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімін ұлықтау мақсатында қаламызда бірқатар шаралар жүзеге асуда. Бүгінгі жиында 15 ұсыныс талқыға түсті. Ол ұсыныстарды Астанаға жібереміз. Жалпы, алдағы уақытта қалалық мәслихат депутаттардың қатысуымен атауы өзгеруге тиісті көшелерді тағы да бір пысықтап, бас қосамыз. Қазіргі таңда жергілікті тұрғындардан, қоғамдық ұйымдар мен ардагерлер кеңесінен келіп жатқан ұсыныстар да бар. Өтініш иелері белгіленген заңнама талаптарына сәйкес, әлі де қала және аудан әкімдіктеріне өз арыздарын беруіне болады, – деді Мұрат Базарқұлов.
 
Айта кетсек, қалалық мәслихатқа ұсынылған көшелердің ішінде Абай ауданы бойынша – 9, Әл-Фараби ауданында – 1, Еңбекші ауданында – 3, Қаратау ауданында 1 көше бар.
 
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.