Су қауіпіне салғырттық себеп

Четверг, 30 Апрель 2015 04:55 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3965 раз

Демалыс күндері толассыз жауған жауын қала тұрғындарын әбігерге салды. Жаңбыр суынан қаланың жеке тұрғын үй секторлары зардап шекті. Сондай-ақ, күшті желдің салдарынан «Самал» шағынауданының тұрғындары жарықсыз қалды.

vlcsnap-2015-04-28-17h36m44s27-640x360Осыған орай, шаһардың ирригациялық жүйелерінің жұмыстары және су тасқынының себебі туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Б. Жанбосынов БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді. Оның мәліметінше әсіресе, «Самал-3» шағынауданындағы Өтегенов, Арғынбеков, Жаңақұрылыс көшелеріндегі үйлердің аулаларын, 3 автомобиль туннелін, 7 жол қиылысын, 2 көпқабатты үйдің жертөлесін, 89 үйдің ауласын  су шайып кеткен.
– 44 миллиметрге дейін жеткен жауыннан 31 су алу оқиғалары тіркелді. Су басу қаупін сейілту үшін 170 адам, 29 техника,10 жүк көлігі, 3 экскаватор мен 4 су сорғыш, 2 трактор тіркемесімен жұмылдырылды. Қошқар ата өзенінің 22 белдеуі бар. Су тасқынынан апатты үйлер тіркелген жоқ. Біз қауіпті сейілту жұмыстары кезінде тұрғындардың қауіпсіздікті ескермегенін байқадық. Кейбір аулалар мен көшелерде ирригация жүйелері жоқ. Бетонмен жауып тастаған. Сондықтан бұл апатты жағдайға жатпайды. Зардап шеккендерге өтемақы төленбейді. Су қаупінің орын алуына тұрғындардың салғырттығы себеп, – дейді қала әкімінің орынбасары.
Қазір шағынаудандар мен көшелер және электр бағаналары қалпына келтірілуде. Оған облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 70 адам, 9 техника, 10 мотопомпа тартылды. Қарасу және Қошқарата өзенінің белдеулері 2350 құм қаптарымен бекітілді.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.