ШАРТАРАПТЫҢ МЫҚТЫЛАРЫ ШЫМКЕНТТЕ КЕЗДЕСТІ Избранное

Пятница, 04 Октябрь 2024 05:50 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 48 раз

Дәстүр жалғастығы деген осы шығар. Шымкент төрінде Кеңес одағының батыры Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған бокстан ересектер арасындағы халықаралық турнир биыл 43-ші рет ұйымдастырылды. Жарты ғасырға жуық уақыт. Бұл турнир талай саңлақтардың бағын ашқан. Олимпиада және әлем чемпиондары, Азия чемпионатының жеңімпаздары Шымкент шаршы алаңында тәжірибе жинады. 2024 жылғы бәсекенің жөні тіптен бөлек.

boks

 

Мықтылардың бағын ашқан

29 қыркүйек пен 5 қазан аралығына жоспарланған халықаралық бокс додасында Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Украина, Тәжікстан, ҚР ұлттық құрамасы, еліміздің өңірлерінен, жалпы 200-ге жуық спортшы бақ сынауда. Іс-шараның ашылу рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, ҚР бокс федерациясының вице-президенті Дархан Қызайбаев, белгілі спорт ардагерлері қатысып, ізгі тілектерін жеткізді. Қала мәслихатының төрағасы сайыстың 43-і рет өткізілуі аз уақыт еместігін, бұл турнир тарихымызға деген тағзым екенін атап өтті. Биылғы бәсеке ұлттық құраманың спортшыларын алдағы жауапты сындарға іріктеу болмақ.
Олимпиада ойындарына қатысушы Закир Сафиуллин, Илияс Сүлейменов, Асланбек Шымбергенов осы бәсекеде тәжірибесін ұштады. 2016 жылы турнирдің үздік боксшысы болған Жомарт Ержан 2017 жылы әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Асланбек Шымбергенов әлем чемпионы атанып, Олимпиада шаршы алаңында өнер көрсетті. Көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан спортшылары осы турнирге ұдайы келеді.
Жалпы айтқанда, Моңғолия, Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай боксшылары үшін дәстүрлі мемориал тәжірибе алаңына айналған. Тіпті Армения, Венгрия, Түркиядан да боксшылар бақ сынап жүр.
Әлем чемпионы Болат Жұмаділов, олимпиада чемпионы Василий Жиров, Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев осы турнирде топ жарған.

Париж Олимпиадасынан кейінгі алғашқы дода

Биылғы бәсекенің жөні бөлек. Ұлттық құраманың үздіктері, нөмірі бірінші спортшылардың бәрі де дәстүрлі турнирге қатысуда. Яғни, ел боксшылары үшін Париж ойындарынан кейінгі алғашқы доданың маңызы зор. Олимпиададан кейін біраз үзіліс алған қазақ боксшылары шаршы алаңға қайта оралып, ұлттық құрама сапына ілігу үшін бақ сынайды. Жалпы елімізден төрт құрама қатысады. Ұлттық құраманың бірінші нөмірлі боксшылары арасынан Асланбек Шымбергенов, Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі) және Нұрбек Оралбай (80 келі) ғана босатылыпты. Қалған үздіктер Шымкент шаршы алаңында бәсеке көрігін қыздырып жатыр.
Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов турнирдің маңызына тоқталып өткен еді.
– Олимпиада ойындары аяқталған соң, бокстан ересектер командасы қандай да бір жарысқа қатысқан жоқ. Алдағы уақытта боксшылар Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған ірі халықаралық бәсекеде бақ сынайды. Бұл додаға ұлттық құрама спортшыларының барлығы да қатысады. Турнирге дейін Түркістан облысындағы «Алма тау» базасында Украина құрамасымен бірлескен жаттығу жиынын өткіземіз. Азия біріншілігіне қатысатын кейбір салмақтардағы спортшылар Қ.Әбдәлиев турнирінен соң анықталады. Яни, осы жарыс ұлттық құрама боксшылары үшін Азия біріншілігіне іріктеу болады, – деді Қ.Сәтжанов.
Бокстан Қазақстан құрамасы биыл Иорданияның Амман қаласында өтетін Азия чемпионатына қатысады. Азия чемпионаты 30 қараша мен 12 желтоқсан аралығына жоспарланып отыр.

 

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.

Другие материалы в этой категории: « Волейбол бәсекесі өтті