Тiл үйренуге басшылар неге құлықсыз?

Пятница, 15 Май 2015 03:05 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3673 раз

Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің жыл сайынғы халыққа Жолдауында тілдерді дамыту бағыты бойынша 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар саны 80 пайызға дейін, 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайыз құрауы тиістігі туралы міндеттер қойды.

20150328005918Бүгінгі күнге дейін күн тәртібінен түспей келе жатқан өткір мәселенің бірі – өзге ұлт аудиториясында қазақ тілін оқыту жолдары. Мемлекеттік тілді білу – мемлекеттік қызметкерлердің ең басты біліктілік талабына айнала бастады. Қазір мұндай талап қойылатын лауазымдар саны күн өткен сайын артып келеді.
Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдегі құжаттар үлесі 100 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш өзінен-өзі нәтиже берген жоқ.  Бұл тіл оқытатын орталықтардың еңбегінің нәтижесі. Алайда, кейбір жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер әлі де болса іс құжаттарын мемлекеттік тілде жүргізбейді. Атап айтар болсақ, «Сәуле» тігін фабрикасы, «YUTEX jsc», «TAU - PRODUCT» т.б.  Республикалық, облыстық, қалалық деңгейде тілдерді оқытатын орталықтар жергілікті ересек азаматтарға тілдерді ақысыз оқытады. Соның бірі – Шымкент қаласы әкімдігінің «Тілдерді оқыту орталығы».
Орталықта 17 жыл ішінде 12 500 тіл үйренуші курстан өтті. Мемлекеттік мекемелердің, кәсіпорындардың, басқа да коммерциялық ұйымдардың қызметкерлеріне және қаланың ересек тұрғындарына қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқытады, ғылыми әдістемелік семинарлар, дөңгелек үстелдер, байқаулар т.б. іс-шаралар өткізеді. Орталыққа тіл үйрену үшін келіп өтініш білдіріп жатқандар саны да жылдан  жылға  артуда. Олардың қатарында  ОҚО ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары» ММ, Ұлттық  қауіпсіздік комитеті ОҚО бойынша департаменті, ҚР Ұлттық ұланы 6698 әскери бөлімі, Шымкент қаласы  Абай, Еңбекші, Әл-Фараби аудандары бойынша мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасы, Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі, Шымкент қалалық экономика және қаржы бөлімі, қалалық білім бөліміне қарасты жалпы орта мектептері бар.
Алайда, қызметкерлерін тілдерді оқытуға құлықсыздық танытатын басшылар да жоқ емес. Оларға тілдерді ұйымдастыру үшін  заңнамаларды көрсетіп, сауатын саяси  ашуға тура келеді. 2014 жылға дейін орталықта курстан өту қалалық бюджеттен қаржыландырылмайтын мекемелер үшін ақылы болатын.  Алайда,  2015 жылдан бастап оқу түрі ақысыз жүргізілетінін хабарлап  хат  жолдағанда  кейбір  мекеме басшылары  уақыттың тапшылығын алға тартып  оқымайтындықтарын  жеткізуде. Мысалы, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Шымкент қаласы Абай ауданы прокуратурасы, ОҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті, Шымкент жол жөндеу шаруашылығы ЖШС,  «Kasimhan grain products» ЖШС, «Корона» макарон фабрикасы ЖШС, «Алтын Дән» ЖШС тағы басқалар. Соның ішінде жанға бататыны облыстық қаржы басқармасының жауап хатында курстан өту тобын ұйымдастырудың тиімсіз екені атап көрсетілген.    
Қазақстан тәуелсіз ел болып қалсын десек, онда ең алдымен қазақ халқының ұлттық мәдениетін ұлттық салт-дәстүрін, ана тілін дамытуға күш салғанымыз жөн. Әрбір адам өз елінің патриоты болуға тиіс. Қазіргі уақытта мұны сақтап қалатын бірден-бір насихат орны – осы, тілдерді оқыту орталығы. Жалпы, ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болады! Елбасымыз Н. Назарбаев атап көрсеткендей, оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн.

Ж.Тулеева,
Шымкент қаласы әкімдігі
«Тілдерді оқыту орталығы» директорының орынбасары

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.