Елдi еңбекке баулыған Ешан ата

Пятница, 15 Май 2015 03:17 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 7008 раз

Оңтүстік қазақтарына танымал болған дін қайраткерлерінің бірі, ел аузында әулие атанған – Ешан ата. XIX ғасырда өмір сүрген Ет жемес Ешан ата бүкіл оңтүстік өңіріне емшілік қасиетімен де әйгілі болған. Кезінде Құдайқұл, Бабақұл, Сәдір, Нәдір, Ақберді секілді әжіке, бесуыл, араншы руының ел билеушілері мен би-болыстары осы Ет жемес Ешан атаны Ташкент қаласынан Келес өңіріне көшіріп әкеліп, жағдайын жасапты. Алдымен алты қанат ақ киізбен қаптаған қазақы үй тігіп отырғызыпты. Ешан ата Келес өңірінде алғашқы рет жергілікті халықты егіншілікке, бағбандыққа, сауда-саттық қарым-қатынасына, еңбекке баулыған. Сондай-ақ, жол, көпір, тұрғылықты үй салып, отырықшылдыққа үйреткен.

Өмiр бойы оразасын үзбеген

eshan3

19 мамыр күні Сарыағаш ауданы әкімдігінің қолдауымен Абай кентіндегі  мәдениет сарайында  Әулие Ет жемес Ешан атаның өмірі мен  қызметіне арналған үлкен жиын өтпекші. Әулиенің елге жасаған жақсылығын, артына қалдырған тәлім-тағылымын танытуды көздеген бұл жиынға Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасынан және оның облыстық, аудандық бөлімдерінен өкілдер қатысуға ниет білдіріп отыр.
Жалпы, қазақ әулиені сыйлаған, құрметтеген халық. Әлімсақтан солай. Әруақтарға құрмет көрсету – бұл қазақтың санасында ежелден бар түсінік. Біз сөз етіп отырған әулие Ет жемес Ешан ата кім? Келес өңірінің тұрғындарының санасында «Ишан базар» деген ұғым баяғыдан сіңген. Оның қандай қадір-қасиеті болған? Өткен өмірі қандай еді? Ендігі ретте осы сауалдарға жауап іздеп, жан-жақты деректерді ұсынғанды жөн көрдік.
Ешан ата 1833 жылы Ташкент маңындағы қазағы көп ауылда дүниеге келген. Жас та болса білімі жеткілікті деп есептеген жамағат, әкесі Шадманқожа қайтыс болғанда орнына имам бол депті. Бірақ, ол білімін жетілдіруді жөн көрген. Сол кездегі аса жоғары білімді ұстаздарға шәкірт болып, арнайы дәрістер тыңдаған. 1600 күн /4 жылдан астам уақыт/жер асты мешітінде /қылуетте/ жасап, бір Аллаға мінажат етіпті. Бұл дәстүр өмірінің соңына дейін, әр жылы шілде айында 30 күн қылуетте болумен жалғастырылыпты. Тағы бір таңғаларлық ұстанымы – ораза тұтуды басқалар сияқты жылына бір ай емес, өмір бойы үзбеген. Көбінесе жеміс-жидек, көкөніспен қоректенген, ет жемеген. Сондықтан да болар, азан айтып қойған есімі ұмыт қалып, қазақ тілінде Ет жемес Ешан атанған. Алланың сүйікті құлы, түрік дүниесінің ұлы ұстазы Яссауи бабамыздың жолын ұстанған.

Кауфманға мұсылмандықты мойындатқан

eshan2Ешан ата Келес өңіріне 1866 жылы қоныс аударады. Ол өзі өмір сүрген ортасында жартылай көшпенді болып жүрген қазақтар арасында діни сауаттылықты арттыруға, егіншілік мәдениетін өркендетуге және сауданы дамытуға үлкен үлес қосты. Өзі бас болып халықтың ортасында жүреді. Емшілігі жөнінен де жұрттың алғысына бөленеді.
Сонымен қатар, қасида оқуын меңгереді. Шыны керек, бұл әдіспен емдеуді ғылым әлі күнге дейін түсіндіріп бере алмайды. Осының бәрі біліммен, іліммен келді десек те, Жаратушы Алла Тағаланың қолдауы бірінші кезекте тұрғаны анық.
Бір ғажабы, 1867-1882 жылдарда бүкіл Түркістан генерал губернаторлығын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Константин Петрович Кауфманды мойындатып, мұсылмандықты қабылдатқан да осы Ет жемес Ешан атамыз еді. Әулие атамыздың жұртқа жасаған қайырымдылығы да халықтың жадында. Ол Келес өңірінде бір мезгілде 3000 адам намаз оқи алатын 6 күмбезді мешіт салдыртқан. Өкінішке қарай, ол мешітті кеңес үкіметінің жергілікті белсенділері әртүрлі желеулерді айтып бұздыртты. Қуантарлығы сол, 1978 жылы намазхан жамағаттың бастамасымен бұрынғымен салыстырғанда шағындау «Ешан баба» мешіті қалпына келтірілді. 1866 жылы негізі қаланған Ешан базар ауылы қазір Абай ауылы деп аталады.

«Ешан бауы»

eshan4Бұл атау Ет жемес Ешан атаның елге деген қызметінің өтеуі іспетті. Орда бұзар отыздан асқан шағында, Ташкенттегі көп ешандардың ішінен бөлініп, Келес өзенінің ортадан төменгі ағысындағы қазақтар қоныстанған аймаққа қоныс аударуына, осы өңірді мекен еткен шанышқылы тайпасының Бесуыл, Әжіке руларының ақсақалдары бастамашы болған еді.
Болашақ баудың орнын суландыру үшін Құдайқұл арықтың арнасын одан әрі жалғастырып, ұзарту қажет еді. Аталған арықтың бастауы Келес өзенінің Ыса ата сағанасы («Сарыағаш» шипажайы жанында) тұсында еді. Сол жерден бастап Келесті жағалата, біртіндеп көтере отырып, бес-алты шақырым жердегі Құдайқұл қыстауына жеткізілген болатын. Бүгінгідей техника жоқ заманда, тереңнен топырақ қазу және оны адамдар бір-біріне асыру арқылы он-он бес метр жоғары шығару оңай болмаған. Осының бәрі дуалы ауызды Ет жемес Ешан атаның ұйымдастыруымен іске асты. Осылайша ондаған гектар жер суландырылды. Шөл дала көк орай шалғынға, бау-бақшалы алқапқа айналды. Ел қоныстанып, еңбек етіп, нәпақасын тапты.
Сол кездердегі «Ешан бауы» мен «Ешан базар» алыс аймақтарға дейін белгілі болды. Ташкент шаһарына бара жатқан, келе жатқан жолаушылар «Ешан бауында» аялдап, әуіздің жанында алыстан көрініп тұратын қос теректің көлеңкесінде бірауық демалып, шайланып алып, сапарларын ары қарай жалғастырады екен.

Есімі елдiң жүрегiнде

Ешан ата Хаққа қызмет етуді халыққа қызмет ету деп білді. Ханафи мазхабының басты қағидаттарын сақтай отырып, жартылай көшпелі халықтың ислам талаптарына сәйкес мұсылманшылықты ұстануына тиімді ақыл-кеңестерін берді. Соның нәтижесі мен шарапаты болар, оңтүстік өңіріндегі халық бүгінде «Әлімсақтан бері мұсылманбыз» деп ынтымақ, бірлікте бір-біріне дос-бауыр болып өсіп-өніп жатыр.
Ет жемес Ешан ата туралы жазбаша дерек 1916 жылы Петроградта шыққан «Түркістанда өткен жарты ғұмыр» (авторы генерал Н.С. Лыкошин) деген кітапта бар. Бұдан бөлек аудандағы көнекөз қариялардан Зұлпықар Асқанұлы Өтегенов «Сарыағаш» газетінде естіген, білгендерін жариялаған еді. Ол кісінің де дүниеден өткеніне бірнеше  жыл болды. Ет жемес Ешан ата беріде ХХ ғасырдың басында қаза болған. Ол туралы басқа да азаматтар мақалалар жазған немесе әңгімелеп берген. Сол кісілер баяндаған әңгімелердің басын қосып, өткен жылы «Ет жемес Ешан ата» деген атпен жинақ та шыққан. Бұл ретте Ешан ата туралы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Орынкүл Тәжиева, белгілі журналист Оңғар Исаев толымды еңбектерді жарыққа шығарды.
Әрине, сол кездегі және кейінгі билік иелерінің ұстанған идеологиялық саясатына байланысты Ешан ата халықтың есінен шығарылуға тиісті болған. Десек те, еліміз егемендігін алып, «өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілген» заманда тарихи тұлғаларымызды кеңінен ұлықтап, ел алдындағы еңбегін дәріптеуге мүмкіндік туды. Тәуелсіздіктің арқасында халқымыз қасиет тұтқан әулиелердің басына кесенелер салынып, ескілері жаңаланып жатыр. Ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүріміз қайта түлеп жатқан дәуірде Ешан ата секілді әулие бабаларға құрмет танытқанымыз – ұрпақ сабақтастығын дамыту жолындағы ең ізгі тірліктің бірі деп санаймыз.

Сейт-Омар Саттарұлы,
Сарыағаш ауданы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.