Тарих белесіндегі Оңтүстіктің орны бөлек

Пятница, 14 Август 2015 06:47 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4941 раз

Ежелгi дәуiрден бастап күнi бүгiнге дейiнгi қазақ халқына қатысты айтулы даталарға айналған, көне жазбаларға түскен қандай да бiр тарихи оқиғалар мен деректердi алсаңыз да, бәрiнiң оңтүстiк өлкесiмен тығыз байланыста екенiн байқайсыз. Кәрi тарихқа ден қойсақ, осыдан 21-23 ғасыр бұрын осы күнгi қазақтардың алғашқы мемлекеттiлiгiнiң негiзiн құрған Үйсiн, Қаңлы, Алазон (Алшын), Аримаспи, Массагет жұрттарының басым бөлігі қазіргі Қазақстанның шартты түрде оңтүстік өлкесі деп аталатын Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарының аумағын жайлаған.  Қазақтың арғы тегі – түркі тайпаларының әу бастағы түп қонысы Алтай мен Монғолия, батыс Қытай жері десек те, бәрібір, олардың кейінгі дамуы, өсіп-өну жолдары Әму мен Сыр, Ыстықкөл мен Арал, Жетісу мен Балқаш аймақтарымен байланысты.  III-IV ғасырларда ыдырау жолына түскен ұлы ғұндар елiнiң жан-жаққа жөңкiген лек-лек көштерi де  тура оңтүстікпен өткен. Ертедегi батыс пен шығысты, сондай-ақ ат пен түйе тұяғы жетер барлық тарапты қамтыған Ұлы Жiбек жолының да негiзгi торабы – осы аймақ. Оның қиыр-қиырға жол тартқан тiзбектi керуендерi де, жоғарыда аталған аймақтармен ары-берi сапарлаған. Тіпті, алыс елдерге айлап, жылдап жол жүретін керуендер бағыт-бағдарларын да оңтүстік тараптан айқындаған. Қазақстанның басқа өңiрлерiне қарағанда алғашқы һәм ежелгі – Испиджаб (Сайрам), Иасы (Түркiстан), Тараз, Баласағұн, Сұяб, Сауран, Сығанақ, Шаш, Құмкент, Құрлық, Жанкент, т. б. ортағасырлық және одан бұрынғы замандардағы қалалар да осы өлкеде пайда болған. Барлық түркi жұртының түп-тiрегi – Сақ деп аталған ұлы жұрттың да мәдени ескерткiштерi, обалары мен қорғандары оңтүстік алапта тізіліп тұр. Бұлармен қатар Ташкент пен Жаркент арасына дейін доғал түрде созылып жатқан тау етегіндегі жазық-қырлар төсінде, өзендер мен сулы аңғарлардың жағасында көне Үйсін обалары да неше мыңжылдықтың тарихи куәсі ретінде күні бүгінге дейін бұзылмаған қалпын сақтап, самсап тұр.
Негiзгi жұрты қазіргі қазақтардың ата-бабалары болып есептелетін тайпалар қауымдастығынан құралған Батыс Түркi қағанаты да, оңтүстiк өңiрде өмiр сүрген. Одан кейiнгi Түркеш, Қарлық, Қарахан, бес Дулу мен бес Нушибе болып бөлiнген он оқ қағанаттарының тарихы да түстiк тараппен байланысты. Осылардың барлығы қазақ болып қалыптасу жолына бет бұрған түркі тайпаларының түп қазық отаны – оңтүстік алабы болғанын айқындайтын тарихи айғақтар.
ХVIII ғасырдан бастап бүгінгі Қазақстан жері мен күллі Орталық Азиядағы, қала берді, қазіргі Кавказ, Иран, Ирак, сондай-ақ шығыс Еуропа өлкесіндегі халықтар тарихын мүлдем басқа арнаға бұрған һәм жаңа мемлекеттердің қалыптасуына зор ықпалын тигізген Шыңғыс ханның батысқа қарайғы қанқұйлы шапқыншылығы да, Балқаштың түстік тарапындағы Жетісудан бастау алып, оның алғашқы шайқастары бүгінде Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан деп аталып жүрген облыстардың аумағында өткен. Сол шайқастарда аталмыш аумақтардағы нешеме ірілі-ұсақты қалалар жермен-жексен болды. Олардың бәрін тізбелей бермей, 1219 жылы өткен атақты Отырар соғысы уақиғасын ғана айтсақ, оңтүстіктің қазақ тарихында қандай маңызға ие болғаны – өз-өзінен әйгіленіп шыға келмек.  
Орта Азия мен Қазақстанда Шыңғысхан әулеттерi билiк құрған кезде оңтүстiк өңiрi Шағатай ұлысына қараған. 1348 жылы Шағатай ұлысы ыдыраған кезде Қашқар, Жетісу, Оңтүстік Қазақстан, Ташкент, Ферғана өңірлеріндегі ру-тайпалар жаңадан пайда болған Моғолстан хандығына қарады. Моғолстан жұртына Шағатай ұрпақтары хан болып танылғанымен, іс жүзінде барлық билік жоғарыдағы аймақтардың ежелгі тұрғындары боп саналатын қазақ руларының, әсіресе Дулат тайпасы көсемдерінің қолында болғаны шүбәсіз тарихи айғақ. Кезiнде Шыңғыс ханнан да асып түсемін деп, жарты әлемге ойран салған жыртқыш Ақсақ Темiр де алғашқы және басты шайқастарын дәл осы Моғолстан жерінде бастаған. Ақсақ Темір салған ылаңның кесірінен Моғолстан екіге бөлініп, Ташкент пен Жетісу, Балқаш пен Алатау  аралығы Маңғылай Сүбе аталды. Маңғылай Сүбенiң орталығы һәм нақ ортасы қазiргi Оңтүстiк Қазақстанда болды және халқының бәрі қазақ руларынан тұрған. Олар – Моғолстан атын иемденiп, батыс Қытай, Қашғар мен Қырғыз жерлерiн билеп отырған хандармен де, Ақсақ Темiр  қосындарымен де алысқа түстi. Камараддин Дулати басқарған Маңғылай Сүбе жұртының әскері 1371-72 жылдары Тараз, одан кейінгі кезеңдерде Сайрам, Арыс, Қазығұрт, Келес маңында Ақсақ Темiр қосындарына айтарлықтай тойтарыс берген. Бірақ уақыт өте келе, Ақсақ Темір басымдық алып, Ташкенттен Қаратауға дейінгі алапты түгел жаулады. Бұдан кейін басты жаулық бағытын батыс пен солтүстікке бұрған Ақсақ Темір Тараз бен Жетісу тарапқа бас бұрмады. Дегенмен өмірінің соңында онсыз да тарихы бай оңтүстік өңірінің атын әлемге тағы бір әйгілейтін тарихи ескерткіш – Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауи кесенесін салдырып кетті.
ХV ғасырдың алғашқы жартысында бұрынғы Көк Орда жерiнде билiкке жеткен Шайбан тұқымы Әбiлхайыр көшпелi өзбек хандығын құрды. Құзырындағы аумақты барынша кеңейтуге кiрiскен Әбiлхайыр Маңғылай Сүбе жерiне де бiрнеше рет шабуыл жасап, Созақ, Сығанақ, Аққорған, Өзкент қалаларын басып алды. Ақсақ Темір өлген соң Маңғылай Сүбе құрамына қайта кірген Шымқала мен Сайрам, Шаш пен Келес аймағына да ойран салып, жергiлiктi тұрғындардан жүздеген мың мал айдап әкеттi. Бiрақ Әбiлхайыр билеген көшпелi Өзбек хандығының Оңтүстiк Қазақстан жерiндегi билiгi мен шапқыншылығы тұрақсыздыққа әрi баянсыздыққа ұшырады. 1455 жылы Ертiстiң оң тарапы мен Хангай тауларының етегiнде бiр ортаға ұйысқан ойраттар (қалмақтар) Iле мен Балқаш күнгей жағын бойынан көктей өтiп, Әбiлхайыр иелiгiндегi Қаратау өңiрiндегi қазақтарды шапты. Әбiлхайыр ойраттарға жөндi қарсылық көрсете алмай, Сығанақ қаласының қамалына тығылды. Ешкiмнен тойтарыс алмаған ойраттар Тараз, Түркiстан, Шымкент, Ташкент маңайын әбден тонап, көп олжамен керi қайтты. Мiне, ойраттардың нақ осы шабуылы – келешекте екi жүз жылға ұласқан қазақ-қалмақ шайқасының алғашқы бастамасы едi.

Момбек ӘБДӘКIМҰЛЫ,
жазушы, Қазақстан
педагогика
академиясының
профессоры
(Жалғасы бар)

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.