Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мен қалалық жол патрульдік полиция полкінің инсректорлары бірге қоғамдық көліктерге рейд ұйымдастыруда. Кешкі рейд «Авто-Нұр» базарының аялдамасында жүргізілді. Алдымен жол сақшылары жүргізушілердің құжаттарын егжей-тегжейлі тексерді.
Нәтижесінде №135, 52, 3, 103, 91 бағыттарына қатынайтын автобустардың жұмысы талапқа сай келмейтіні анықталды. Арнайы формалары жоқ, жолаушыларға билет таратылмаған. Кейбір көліктерде жолаушылар шамадан тыс көп болып шықты.
– Сөз жоқ, қала мәдениеті автобустардан бастау алатыны белгілі. Ал автобустарға белгіленген орыннан артық адам алуға болмайды. Заң да, тәртіп те – бәріне бірдей. Талаптарды сақтамаған жүргізушілер мен кондукторларға ескерту бердік. Қоғамдық көлік саласында қызмет көрсету сапасын көтеру мақсатында рейдтік шаралар аптасына екі рет жүргізілуде,–дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары
Жарқын Байдуллаев.
Рейд кезінде 5 автобус жүргізушісіне ескерту беріліп, №38 микроавтобустың иесіне 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Мұндай рейдтер алдағы уақытта да жалғасады.