Қожановтанудың жаңа дәуірі басталды... Избранное

Среда, 25 Сентябрь 2019 04:01 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3023 раз

Биыл Мемлекет және қоғам қайраткері, алаштың ардақтысы Сұлтанбек Қожановтың туғанына 125 жыл. Тоталитарлық саясат жылдарында жазықсыз жапа шеккен тұлғаның рухына тағзым ету және қайраткерлігін ұрпақ жадында сақтауда қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі «Рухы биік – ұлы тұлға» атты тарихи-танымдық кеш өткізді.

454545555

Түркістан облыстық мемлекеттік архивімен бірлесе ұйымдастырған ісшараға тарихшылар, алаш ардақтысының ұрпақтары, архив қызметкерлері және студент-жастар қатысты. Тағылымы мол кеште тұлға жайында айтылмаған сырлар мен ашылмаған ақиқат айтылды.

Сұлтанбек Қожанов Қазақстан ғана емес, Орта Азияның көрнекті қоғам қайраткері болған ұлт ардақтысы. Ол қазақ мектебінде алғаш рет «Есептану құралы» оқулығын жазған ұстаз, Түркістанда баспасөз бен ұлттық театрдың өркендеуіне үлес қосқан азамат. Кеңес елінде мақта шаруашылығының дамуы Сұлтанбек Қожановтың есімімен тікелей байланысты айтылады.

Патшалық Ресей тұсында бұрмаланып келген «киргизді» төл атауы «қазаққа» қайтарып берген, Қазақстанның астанасын Орынбордан Қызылордаға ауыстырған да – Сұлтанбек Қожанов. Қоғам қайраткері елдің әлеуметтік-саяси өміріне белсене араласып, көптеген жауапты қызметтер атқарғанымен зұлмат жылдарда қазақ халқының тағдырына бей-жай қарай алмай, сол жолда өмірін қиған азамат.

– 1937 жылы С.Қожанов қырық үш жасында қылышынан қан тамған сталиндік жазалаушы саясаттың құрбаны болды. Өзінің бүкіл саналы өмірін халқының бақытты болашағы жолындағы тайталаста өткізіп, қайсар мінезінен танбаған. Сол кезде «ХХ ғасыр қарсаңында Россияны мемлекеттік ауру меңдеп тұр.

Оның шын аты – большевизм, өтірік аты – надандық» деген ақиқат сөзін Кеңес үкіметі кешірмеді. 1957 жылы Алаш қайраткерлерінің бірталайы ақталып жатқанда Сұлтанбек туған жердің тарихынан тыс қалып кетті. Тек 1994 жылы ғана ақталып, есімі елге оралды. Сондықтан Сұлтанбек танудағы есемізді түгендеуіміз керек, – деді кезекті сөз алған ОҚПМУ оқытушысы, ф.ғ.к, доцент Нариман Нұрпейісов.

Оқытушы айтқан ақиқаттың бірі – ағартушының өмірбаянына қатысты деректердің жалған айтылып жүргені. Оған ғалым мынадай мысал келтірді:
– Сұлтанбектің өмірбаянында оның кедей отбасыдан шыққанын, әкесі – оқу-тоқуы кем, қойшы, бір жерде егінші болған деседі.

Кей жазбаларда Сұлтанбек Қоңқақұлы деп аты-жөнінің өзі дұрыс жазылмай жүр. Өзім Алаш ардақтысы өмірге келген Созақтың Ақсүмбесінен шыққасын өмірбаянын зерттеп, дұрысын халыққа ұсынуды жөн көрдім. Ағартушының әкесі – Қожан Ақсүмбедегі көзі қарақты, абыройлы азамат болған. Ал оның Мырзабай, Есей деген бабалары Түркістандағы Қ.А.Ясауи кесенесінде жерленгені олардың тегін жандар болмағанын айғақтайды.

Сол себепті, С.Қожанов асылдың сынығы, тектінің тұяғы. Елі үшін басын құрбандыққа шалған бірбеткей мінезі, бойындағы өрлік пен тектілігі оған бабалар қанымен келгенін байқаймыз.
Тарихи жазбаларда Сұлтанбек Қожановты Ленин «қызу қанды қазақ» десе, Сталин «Орта Азияның Шыңғысханы» деп атаған. Кеш қонағы Созақ ауданындағы қайраткердің атындағы музейдің директоры Ниязәлі Дүйсенбек бұл туралы қызықты дәйегімен бөлісті.

– 1998 жылы ауданымызға Шерхан Мұртаза ағамыз келді. Жазушымен кездесуімізде былай деп сұрадым: «Шер-аға, осы «Орта Азияның Шыңғысханы» деген атауды кітабыңызда Тұрар Рысқұловтың аузына салдыңыз, тарихи шындықта бұл Сұлтанбек Қожановқа айтылған теңеу екен» дегенімде, «Ол кезде Тұрар Рысқұлов ақталған, мойындалған, зерттегеніме 30 жыл болған кез-тін. Расында ол сөз Қожановқа айтылған. «Сталинге қарсы шыққан қазақ» деп ол заманда айту мүмкін болмады. Сондықтан батыр қазақтың айтқанын сынамалап кіргізу үшін пайдаландым», – депті Шер-ағаң.

Созақ өңірінің тумасы Қожанов ел бірлігі мен татулығын жиі қозғап, публицистикалық жанрға көбірек көңіл аударған. Оның тұлғасын тану мен танытуда әлі де кенжелеп келеміз. Тарихшылар танымдық іс-шарада осы мәселені көп меңзеді. Н.Нұрпейісов «Сұлтанбек тану дәуірі басталды» десе, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Зәуре Оралбаева «Ақжол» газетінің алғашқы редакторы болған алаш айбозының өзге де салалардағы еңбектерін атап өтіп, Қожанов еңбегін зерделеу таяу күндердің және бүгінгі ұрпақтың еншісінде болу керек», деді.

Іс-шара соңында жиналғандар Түркістан облыстық мемлекеттік архиві жасақтаған «Алаштың Ақ сұңқары» атты құжаттық көрмені тамашалап, С.Қожанов жайындағы «Өмір жолы» атты деректі фильмді тамашалады.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.