Оқытушы-дәрігерлер қашықтан көмек көрсетуде Избранное

Пятница, 17 Июль 2020 05:36 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 570 раз

bc1d3ded-a9ee-464a-9141-15af5c97cfdb

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент медицина институтының оқытушы-дәрігерлері қалада жұқпалы індетпен күресуге белсенді атсалысуда. Университеттің президенті Болатбек Абдрасиловтың бастамасымен қолға алынған шараға институттың 40-тан аса оқытушысы жұмылдырылған. Жоғары оқу орны мамандарының жұмысымен арнайы танысып қайтқан болатынбыз.

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент медицина институтында 200-ден астам оқытушы еңбек етеді. Осы кезге дейін жоғары оқу орны қаладағы емханалармен келісімшартқа тұрып, ондағы ғылым докторлары, медицина ғылымдарының кандидаттары, оқытушы-профессорлар құрамы тұрғындарға медициналық көмек беріп келген. Ел басына түскен қиын-қыстау кезеңде ұстаз-дәрігерлер қала тұрғындарына қашықтан медициналық қызмет көрсетуге көшті.

 

693254c5-70b1-432b-9af9-a652926a3bd5


– Бүгінде әлемді жайлаған коронавирус індетімен күресуде медицина саласының мамандарына үлкен жауапкершілік жүктелді. Әр адам - мемлекеттің қазынасы десек, індетке шалдыққан әрбір науқастың өміріне бей-жай қарай алмаймыз. Оқу орнында еңбек етіп жүрген оқытушы құрам қалалықтарға көмек беруде. Шымкент медицина институты мен Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты 14 медициналық мекеме арасында түзілген келісімшарт негізінде жоғары білікті мамандарымыз тұрғындарға қашықтан кеңес беруде. Сонымен қатар оқытушы құрамнан бөлек, білім алып жатқан интерн, резидент-мамандарға дейін жұдырықтай жұмыла кірісіп, өз міндеттерін орындауда, - дейді Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті Болатбек Абдрасилов.
Жоғары оқу орнының 20 терапевті, 7 педиатр, 7 акушер-гинекологы мен 3 диагностикалау маманы мемлекеттік емханалардағы әріптестеріне көмектесуде. Институт директорының оқу әдістемелік және клиникалық ісі жөніндегі орынбасары
Нурлан Жанабаев өз сөзінде жалпы дәрігерлік практика мамандары шамамен күніне - 150-200, рентгенолог-дәрігерлер 80-90 тұрғынға кеңес беретінін атап өтті.
– Қазіргі таңда, дәрігерлеріміз үш бағытта онлайн кеңес береді. Алғашқысы, бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып тұрған - пневмония, ЖРВИ бойынша УЗД, рентген, компьютерлік томографиялық зерттеулерге қорытынды жазады. Айталық, емхана мамандары науқастың өкпесі түсірілген рентген қағазды (пленка) онлайн түрде рентгенолог-дәрігерге жібереді. Біздегі маман сол сәтте қорытынды жазып, кері жібереді. Бұл уақыт үнемдеуге және науқастың дер кезінде ем қабылдауына мүмкіндік береді. Екінші, жалпы практикалық дәрігерлер телефон арқылы науқастарға кеңес береді. Үшінші, зертханалық диагностикалау қорытындысын дәл және дұрыс жасауға көмектеседі, - деді Н.Жанабаев.
Жауапты басшының айтуынша, институтта білім алып жатқан 37 резидент, 21-дан аса интерн-маман қаладағы стационар, провизорлық орталықтарда еңбек етіп жатыр екен.
– Елімізде медицина мамандарына деген тапшылық бұрынғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай артып отыр. Биылғы жылы оқу ордасын 324 маман (208 мемлекеттік грант арқылы) бітіргелі жатыр, қазірдің өзінде оларға республиканың түкпір-түкпірінен сұраныс түсуде. Шымкент қаласының өзінде 17 маманымызға еңбек кз арқылы сұраным берілді, – деді Н.Жанабаев.

 

47cdc950-4a52-4eef-b3ea-cc500d179d58


Институттың резидент-маманы Айтжан Өтеевтің «Атамекен» провизорлық орталығында еңбек етіп жатқанына айдан асыпты. «Жас маманбыз деп қарап отыруға уақыт жоқ» деген Айтжан: «Қаладағы медициналық ұйымдарға дәрігерлер жетіспей жатқанын естіп-көріп отырмыз. Қазіргі жағдайға байланысты өз өңірімізде қалып, білімімізді, күш-жігерімізді жұмсауды дұрыс санадық. Мұндағы дәрігерлер ауысыммен жұмыс жасап, күндіз-түні науқастардың сауығып шығуы үшін жанталасып еңбектенуде. Маман тапшылығы бар. Сондықтан өз замандастарымды провизор, стационарларда қауіпті індетпен күрес және оның алдын алу жұмыстарына шақырамын», - деді.
Коронавирус инфекциясының басқа вирустардан айырмашылығы бірінші кезекте өкпедегі альвеола деген кішкентай бөліктерді зақымдайды, сосын иммунитетке кері әсер етеді, дейді медицина ғылымдарының кандидаты, рентгенолог-дәрігер Қуаныш Кулаеев. Ал медицинада осы кезге дейін өкпенің қабынуы – аса қатерлі аурулар қатарына жатқан жоқ. Дер кезінде дәpілік зaттap қолданып, көмек көpceтілсе, құлан-таза айығуға болатын-ды. Бүгінде ол өзгеше сипатқа өзгерді. Елді есеңгіреткен індеттің медициналық қорытындысын жасайтын маман оны былайша түсіндіріп берді.
– Қазіргі уақытта елімізде өршіп тұрған пневмонияның этимологиясын анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінгі жағдайда анық болып жатқаны - вирус өкпедегі жоғары, ары қарай төменгі тыныс жолдарына түсіп, альвеоланы зақымдайды да, ондағы қанның айналымын бұзады. Сосын қан өкпе тініне жайылады. Мұның соңы оттегі жетіспеушілігіне алып келеді. Біздің басты міндетіміз - ауруды дер кезінде анықтау және дұрыс ем тағайындау. Өзінше ем қолданудың пайдасы жоқ. Бұл уақыт жоғалту деген сөз. Кейбір науқастарда аталған аурудың белгісі байқалып, бірақ ентігу не дене қызуы болмаса да антибиотиктер қабылдап жатады. Ондай кезде мүмкіндігінше вирусқа қарсы, қанды сұйылтатын препараттар қолдану қажет. Сондықтан бұл жерде міндетті түрде маманның кеңесі қажет, – дейді рентгенолог-дәрігер.
Оқытушы-дәрігерлер қаладағы мемлекеттік емханаларға қарасты тұрғындардың зертханалық көрсеткіштеріне қарап, кеңес беруге дайын екенін жеткізді. Ол үшін Call-орталық арқылы байланыс жасауына болады.
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент медицина институтының бұл игі бастамасы дәрігерлердің тапшылығы кезінде үлгі боларлық іс екен.

Последнее изменение Пятница, 17 Июль 2020 06:52
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.