Шаһарға сән берген

Пятница, 08 Июль 2022 05:19 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 921 раз

shaharga-san-bergen

Шымкенттіктер мен қала қонақтары шаһардың көрікті жерлері мен саябақтарында ғана демалмайды. Шілденің шіліңгір ыстығында қаланың бұрыш-бұрышындағы субұрқақтардың саясында дамылдап, тыныға алады. Әуенді, әсем, ерекше талғаммен жасалған субұрқақтардың қала көркіне сән беріп тұрғаны анық. Ал, демалыс орындарындағы қауіпсіздік мәселесі мен күтімі жайлы сала мамандарының пікіріне жүгіндік.

— Шымкентте 37 субұрқақ бар. Олар толығымен консервациядан шығарылып, оның 35-і бекітілген кестеге сәйкес тұрақты жұмыс істеп тұр, – дейді Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бас маманы Әуесбек Әзбердіұлы.

Биыл жыл бойы субұрқақтар мен ұңғымаларды күтіп ұстауға жарияланған мемлекеттік сатып алу конкурсында мердігер мекеме «Dim Nur Company» ЖШС-і жеңімпаз атаныпты. Бүгінде компания күтім жасау жұмыстарын бастап кеткен.

— Тәуелсіздік және Абай саябағындағы субұрқақтың сорғы құрылғысы күйіп кетуіне байланысты уақытша тоқтатылды. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Таяу күндері іске қосылады. Сонымен қатар, қала тұрғындары субұрқақтарға шомылуға тыйым салынғанын назарда ұстаса дейміз. Әр нысанның жанына «субұрқаққа шомылуға тыйым салынған» деген жазуы бар арнайы тақтайшалар орнатылған, - дейді Ә.Опабек.

Қаладағы 37 субұрқақтың 3-еуі әуенді. Олар Тәуелсіздік саябағында, Әкімшілік іскерлік орталықта және этносаябақта орналасқан.

 

Кестеге сай жұмыс істейді

Қаладағы субұрқақтар жұмысы арнайы кестемен қадағаланады. Яғни, олардың қосылатын уақыты, судың тазалығы, демалушылардың қауіпсіздігі — барлығы назарда. Бұл туралы қаладағы су бұрқақтардың күтіміне жауапты мердігер «Dim Nur Company» ЖШС-інің маманы Мұхтар Әлімұлы мәлімдеді.

М.Тұрабаевтың айтуынша, қаладағы әуенді нысандар кешкі сағат 20.00-21.00 және 22.00-23.00 аралығында қосылады.

— Тәуелсіздік және Абай саябағындағы фонтандардың сорғы құрылғысының істен шығуына байланысты жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оншақты күнде қала тұрғындары бұл су бұрқақтарды да саялай алады. Қалған 34-і сағат 08.00-10.00, 12.00-16.00, 17.00-22.00 аралығында қосулы тұрады. Барлық субұрқақтың жұмысы автоматтандырылған. Дейтұрғанмен, су сорғы қызметіне шамадан тыс күш түсіп, күйіп кетпеуі үшін арнайы кесте негізінде жұмыс істейді,- дейді маман.

 

Сапа мен қауіпсіздік – басты назарда

Мердігер компанияның қызметіне сорғы қызметін қадағалау, жарықтандыру және субұрқақтың кафельді, гранитті бассейндеріне күтім жасау, жөндеу жұмыстары кіреді.

— Алғашқы он күндікте нысандардың кестеге сай жұмыс істеуі қадағаланбақ. Одан әрі кейбіріне ағымдағы әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта ерекше күтім қажет субұрқақтар зерделеніп жатыр, - дейді Мұхтар Әлімұлы.

Бүгінде мердігер компания әр техникалық қызметкерге 2-3 субұрқақтан бекіткен. Ал, ірі нысандарда жекелеген мамандар жұмыс істейді. Яғни, олар кестеге сай жұмыс істеуі мен техникалық қауіпсіздігін қадағалайды.

— Шілде түсіп, күннің ысуына байланысты бүлдіршіндер субұрқақ суына шомылып жатады. Алайда, ол өте қауіпті. Себебі, субұрқақтардың су сорғысы, жарығы барлығы электр энергиясымен жұмыс істейді. Су астында арнайы сорғы, генератор, жарық лампаларының сымдары болады. Техникалық ақаулар туындаған жағдайда адам өміріне қауіп төндіретіні анық. Сондықтан барлық нысанға ескерту белгілері орнатылды. Енді ата-аналардың қадағалауы маңызды, - дейді М.Тұрабаев.

 

P.S. Әр әрекет бір мәдениетке сүйенетіні анық. Қаламыз көрікті, саялы болуы үшін тиісті мекемелер күтіміне жауап берсе, бізге қойылатын талап – демалыс мәдениетін қалыптастыру. Яғни, әр келуші демалыс аймағында тазалық пен қауіпсіздік шараларын сақтап, жауапкершілікпен қарауы тиіс. Жауапты мекеме мамандарының да тілегі сол.