Ғылымға көңіл бөлсеңіз...

Вторник, 11 Апрель 2023 11:26 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3890 раз

sandybaevТәуелсіз Қазақстанның беделді, ең студенті көп жоғары оқу орындарының бірегейі – Оңтүстік Қазақстан университеті де өткен күннен үлесін алып, келешекке жоспарын салып, нық басып келе жатқан күңгейлік аймақтағы іргелі оқу ордасы. Тапсырма берілді екен деп тырысып, тыраштануды қойып, келешекке арналған стратегиялық жоспарын аңдап, ғылыми әлеуетін таңдап, адам болудың әлһамдулиласын ғылымға негіздеп, келешекке бет түзеп келеді. Өмір сапары ғылымға негізделген оқу ордасы осы танымды сенімді серік еткен. Басқасын қоя тұрып, ғылыми-ұжымдық сараптамадан жыл сайын өтетін, тек 2022 жылғы ғылыми-зерттеу бағытындағы жоспарлы саясатын парақтаған сайын бұл мәселеге көзіміз жете түседі. Қосымша 2022-2026 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспарының орындалу жүйесіне көз салсақ та оқу ордасының ғылымдағы жоспарлы ізденіс бағытын көре аламыз.

Қазір оқу орнында 2 ғылыми-зерттеу институты, 17 ғылыми-зерттеу лабораториясы, алты ғылыми орталық және ұжымдық қолданыстағы аккредитациялық лаборатория, жалпы 110 оқу-ғылыми, ұйымдастыру объектілері қызмет етеді. Университеттің ғылыми әлеуеті: 75 ғылым докторы мен 450 ден астам ғылым кандидаты, 70 PhD докторы ғылым мен оқу мен зерттеу өндірісін қатар алып келеді.

Жаңа Қазақстанның келешегі туралы «Ұлттың инттелектуалдық дәрежесінің дамуы, ғылыми-зерттеулердің деңгейі жоғарылап оны іс жүзінде пайдалану – сөзсіз орындалуы тиіс стратегиялық тапсырма» деп Қазақ елінің Президенті Қ.К.Тоқаев ғылыми ізденіс жұмыстарының бағытын анықтап берсе, ғылымның негізгі міндеттерін «...ұлттық ғылымның дамуы университет айналасында қалып қоймай, өзінің және аймақтың экономикалық тұтынуының нақты көрінісі де болу керек» деген-ді. Және «айтылған әрекет университеттердің мемлекетпен ғана емес, жеке сектормен және ірі бизнес орталықтарымен тығыз кооперация құруы керектігін» нақтылап көрсетіп те берді.

Бұл анық жоспарлы болашақтың өзегі екендігін, тіршілік жаратылғалы адамзат баласының көкейіндегі «өмір сүру» қағидасы болатынын көп басшылар білмеді не түсінбеді әлде түсінгісі келмеді. Осыдан келіп көп қоғам адасты, бағытын өзгертіп қателесті. Басында пендешілігі басым қоршаған қоғамның азапты өмір бағыты бұл. Адамзат өмірі – теңіз толқынындай. Бірде олай, бірде бұлай. Ол заңдылық та. Бірақ реттік нәтижелері әралуан. Ал ғылым зерттеу нәтижесінің қорытындысына негізделеді. Иә шындығында Ұлы Алла Тағаланың жаратылыстағы сегіз сипатының алғашқысы «тіршілік» (һаят) болса, екінші сипаты «ғылым» екендігін Хакім Абай да анықтап көрсеткен. Және ол ойын «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз» деп түйіндеп, бекітіп те берген. Бұл таным-түсінікті жоғарыдағы Ел Президентіның Жолдауындағы ойы мен Хакім Абай ойларының үндестігін терең түсінген Оңтүстік Қазақстан университеті ғалымдарының бірлескен ұжымдық еңбегінің көрінісі дер едік.

Нақты мысал келтірелік. М.О.Әуезов атындағы ОҚУ бағдарламалар мен ғылыми Кеңесте және университеттің Стратегиялық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған жоспары ой елегінен, саяси сүзгіден өтіп, бұл саяси жүйе Жоғарғы (максимум) және Төменгі (минимум) деп аталатын екі бағдарламалық жүйеден құралған тұжырымдамадан тұрады. Жоғарғы бағдарлама – ғылыми зерттеулер мен университеттің кәсіпкерлік бөлшектерінен құралады. Ал төменгі бағдарлама – ғылыми зерттеулердің нәтижелік қорытындысы аясында түзілетін ғылымды мақсатты қаржыландыру болып табылады. Бұл бағыттағы ізденіс нәтижесі де өнімді. Немесе ғылымда жаңалық аш та, оны бағала немесе сат. Біз бұл мәселеге де яки университетте ашылған ғылыми жаңалықты аймақтық экономикалық даму арқылы ел экономикасына ықпал ету жүйесін де жасап отырмыз. Оны жасалынып отырған түрлі бағдарламалар мен ғылыми жобалар нәтижесі және ғылыми, ғылыми-техникалық ізденістерінің қорытындысы көрсетеді. Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалардың 2022 жылғы орындалуы туралы мәліметтерді берейік. 2022 жылы 540 миллион 202 мыңнан астам теңгелік 50 жоба орындалды. ҒжЖБ Ғылым комитеті қаржыландырылған 35 жоба 317, 210 911,74 теңге, 2 Халықаралық грант 10,47% (56 637 696 тенге), АҚ «Ғылым қорынан» 4 жоба 29,61% (160 000 000 тенге), басқа да қорлардан 9 жоба 1,20% (6 354 050 тенге). Жалпы 380 млн. астам теңгелік жобалар орындалды. Жалпы 2022 жылы ҚР ҒжЖБ Ғылым комитетінің 37 жобасы белгіленген 10 мақсатты жобаның 7 бағыты бойынша гранттық жобасына қатысты. Жаратылыстану ғылымдары бойынша информациялық технологиялар, ауыл шаруашылығы ғылымдарында ғылым мен оқыту жүйесінде ғылыми жобалардың орындалуы мардымсыздау болғанымен сілкініс бар.

2022 жылы ғылыми, ғылыми-техникалық жобаларға қатысқан орындаушылар саны – 208 адам. 75 ғылым докторының 31 ғана, 450 ғылым кандидатының 52 ғана, 70 PhD докторының 39 ғана ғылыми жобаларға атсалысқан. Аздау әрине. Бұл бағыттағы ізденіс жолдары да ойландырмай қоймайды. Жарқырап көзге түскендер ішінде «Химиялық инжинерия және биотехнология жоғары мектебі» алты жобаны 98 915 801,30 тенгеге, «Механика және мұнай газ» факультеті 7 жобаны 79 920 236 тенгеге, «Сәулет, құрылыс және транспорт» факультеті 29 559 959 тенгелік 4 жобаны ұтып алды. «Жаратылыстану-техникалық ғылымдар» ғылыми-зерттеу институты 57 186 115 тенгелік 12 жобаны ұтып алса, «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар» ғылыми-зерттеу институты 47 224 883 тенгелік 3 жобаны жеңіп алды. Жалпы 2022 жылы ғылыми жобалар мен бағдарламаларды орындауға 5 елден (Германия, Индия, Ресей, Украйна, Өзбекстан) 16 шетелдік ғалымдар қатысты. «Ғылым қорынан» 2022-2024 жылдарға арналған, жалпы құны 1 млрд 302 млн. 969 мың тенгелік 4 жоба ұтып алынды. 2022 жылы университет 22 ғылыми-зерттеу институттарымен келісімшартқа отырды. 4 ғылыми-зерттеу институттарымен меморандумға отыру жоспарлануда. Университетте үш тілде «М.О.Әуезов атындағы ОҚУ ғылыми еңбектері» және «Оңтүстік Қазақстан ғылымы хабаршысы», Республикалық «Қазақтану» журналдары жарық көріп келеді. 2021 жылы университетте 5182 мақала жарық көрсе, 2022 жылы 5224 мақалалар жарияланды. 2021 жылы Web of Science и Scopus импакт-фактор бойынша 174, 2022 жылы 230 мақала жарияланды. Ондаған патенттер мен авторлық куәліктер алынды. Scopus және Хирша индексі бойынша «Химиялық инжинерия және биотехнология жоғары мектебі» алда тұр. Студенттерді көбірек тарту мақсатымен «Жасыл желек» бағытындағы ізденістер аясы да үлкен. Студенттік конференциялар, Ұстаз бен студенттің байланысы тақырыбында филологтар, «Абайтану» және «Тарих және этнология» ғылыми орталықтары алда. Ғылым жаңалықтарын өндіріске енгізу (оқыту процесіне) бойынша 495 ғылыми талдамалар жасалса, 102 жаңалық оқыту процесіне енгізілді.

01.01.2023 жылы магистранттар саны 1787 болса, докторанттар саны 192 адамды құрады. 2022 жылы 746 магистрант ғылыми іс-тәжірбиеден өтті.

Өлке тарихын, әдебиеті мен мәдени мұраларын жинау мен жариялауда университет ғалымдарының еңбегі өте жоғары. Доцент Саттар Өмірзақовтың ұйымдастыруымен, атақты абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлының ғылыми кеңесшілігімен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Қазыналы «Оңтүстік көптомдығының» 311 томы жарияланды. Егер Үкімет тарапынан қолдау болып жатса, аталған көптомдықты 500 томға жеткізуге болар еді. Ұлы ғалым Мұхтар Омарханұлы «...қазақ әдебиетіндегі кітаби ақындар саны 150 ге жуық...» деп көрсетсе «Ақын-жыраулар» еңбегінде 79 ақынның аты аталады. Ал қалғаны кейінгі зерттеулер көрсеткеніндей осы Оңтүстіктен шығып отыр. Бір ғана С.Өмірзақовтың тауып отырғаны 70 ақынның мұралары. Тарих, педагогика, мектепке дейінгі дайындық бөлімінде қызмет істейтін ғалым-оқытушылардың саны да жоғары, ізденістері де бар.

Жасыратыны жоқ бұрындары материалдық игілікке негізделген техникалық сала ғалымдары оқшаулау, биіктеу тұратын. Бұл да бір бұрынғы кеңестік жүйе тықпалаған салқын саясат болатын. Ал қазіргі университет басшылығы осы теңсіздікті жойып, екі бағытты (материалдық, ізгіліктік) қатар ұстап келеді. Екі жүйені тел ему қазіргі ұрпаққа қандай қажет болса, ғылыми ізденістің жолы да ашыла бермек. Қарап отырсаңыздар қазіргі жастар арасында технологияны керемет меңгерген білімділер көп, бірақ сөйлеу, ойлау мәдениеті төмен. Ойын ашық айта алмайды, көпшілігі әдеби қалыпта сөйлеуге шорқақ. Бұл да терең ойланатын мәселе. Бұл бағыттағы жұмыстар да өз деңгейінде жүргізілуде, мұның оң шешімін табатынына сенімдіміз. Өйткені, оқытушы-профессорлардың потенциалы өте жоғары екендігін университетіміздің әлемдік рейтингтегі орны көрсетіп тұр.

Қазіргі уақытта университетімізде білім мен ғылымды дамытуға қажетті жағдайлардың барлығы да өз деңгейінде ұйымдастырылған. Университет жанында докторлық диссертация қорғайтын 3 кеңес жұмыс жасайды. Жақында ғана «Филология» бағыты бойынша диссертациялық кеңестің ашылуы осы сала қызметкерлерінің үлкен қуанышына айналды.

Қазақстан Республикасы ғылым қызметкерлері күніне орай университетімізде ұйымдастырылған онкүндік аясында мектеп оқушыларының үздік жобаларының көрмесі, «Жаңа Қазақстанды құру -жастардың қолында», Республикалық студенттер конференциясы, «Ғылым мен өндірісті кооперациялау – аймақты дамытудың инновациялық жолы» тақырыбында форум және т.б. тақырыптарда түрлі іс-шаралар ұыймдастырылып, жан-жақтан қонақтар шақырылып, университеттің жетістктерімен таныстырылды. Бұл күндері ғылыми және мәдени іс-шаралар университетімізде одан әрі жалғасын тауып жатыр.

Құрметті ғылым жолында жүрген барлық әріптестер, Сіздерді 12 сәуір Қазақстан Республикасы ғылым қызметкерлері күнімен құттықтап, шығармашылық табыстар тілейміз!

Боранбаев Сандыбай Режепұлы,
ф.ғ.д., доцент М.О.Әуезов атындағы ОҚУ
«Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар»
ғылыми-зерттеу институтының директоры

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.