«КҮМІС УНИВЕРСИТЕТ» – АҒА БУЫННЫҢ ӨЗІН-ӨЗІ ДАМЫТУЫНА БАҒЫТТАЛҒАН ЖОБА Избранное

Пятница, 04 Октябрь 2024 06:07 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 63 раз

Елімізде 2021 жылдан бастап «Күміс университет» жобасы іске асырылуда. Жоба аға буынға түрлі бағыт бойынша білім мен дағдыны меңгеруге мүмкіндік береді. Ғылым мен технология қарыштап дамыған кезеңде егде жастағы адамдардың білім деңгейін соған сай жетілдіріп отырған абзал.  Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынған «Күміс университет» немесе үшінші буын университеті жобасы – бұл егде жастағы адамдардың заманауи өмірге сәтті бейімделуін, олардың өзін-өзі тәрбиелеуі мен өзін-өзі жетілдіруін қамтамасыз етуге бағытталған жаһандық қозғалыс.

kumiS

 

Бастаманың мақсаты – білім берудің дәстүрлі нысандарын кеңейту және қоғамның даму стратегиясы шеңберінде аға буынның әлеуметтік белсенділігін ынталандыру. Оқыту 50 жастан асқан азаматтарды белсенді етіп, өз-өзін дамытуын қолдауға бағытталған. Әлеуметтік қызмет көрсетуді қамтитын бұл модель Франция, Англия, Қытай және Жапония сияқты елдерде 60 жылдан астам уақыт бойы сәтті жұмыс істеп келеді. «Күміс университет» жобасы аға ұрпақтың ерекше дарынды және ақылды тұлғаларын біріктіріп, олардың өзін-өзі дамытуына және өз тәжірибесімен бөлісуіне жағдай жасайды. Қазақстанда аталмыш бағдарлама білім беруді және ғылымды дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында үздіксіз білім беру және жұмыс тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді.
«Күміс университет» жобасының негізгі міндеті — зейнеткерлік жастағы азаматтардың қазіргі өмірге сәттті бейімделуі үшін, өздігінен білім алу және өзін-өзі жетілдіру үшін жағдайлар жасау. Екіншіден, қарым-қатынас ортасын қалыптастыру және дамыту. Одан кейінгі міндетіміз – қарияларымыздың бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Сонымен қатар, олардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға да баса назар аударамыз.
Бүгінгі таңда «Күміс университет» жобасы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да 13 бағыт бойынша жүргізілуде. Атап айтар болсақ, «Шешендік өнер және харизма», «Основы красноречия», «Result and success», «Speaking English», «Адам денсаулығының физикасы», «Компьютерлік және цифрлық сауаттылық», «Психология», «Балаларды ерте жастан дамыту», «Ата-әжелер мектебі», «Өлке тарихының экскурсоводы», «Музыкалық аспап», «Креативті өнер», «Омыртқа жотасының иілгіштігін қалпына келтіруге арналған емдік дене шынықтыру». Курс тыңдаушысы зейнеткерлік жастағы кез келген азамат бола алады. Оқуға қабылдану үшін университет басшысының атына жазбаша өтініш жазады. Күміс университеттегі оқу жылы 1 қыркүйектен 1 маусымға дейінгі кезеңді қамтиды. Сабақтар аптасына 2 рет кестеге сәйкес жүргізіледі. Бір сабақтың ұзақтығы 1-2 академиялық сағатты құрайтынын да айта кеткен жөн. Оқу курсының ұзақтығы бағдарламаға сәйкес анықталады. «Күміс университет» жобасы жұмысына Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ оқытушылары, мамандары, сондай-ақ серіктес ұйымдар тартылады. Осы ретте айта кететін тағы бір мәселе бар. Бір тыңдаушы бірнеше курстарға қатар жазыла алады. Оқуды сәтті аяқтағаннан кейін тыңдаушыға тиісті бағыт бойынша оқығаны туралы сертификат беріледі.

Рауан БЕГАЛИЕВА,
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ үздіксіз білім беру
орталығының басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.