ҰСТАЗДЫҚ – МАМАНДЫҚТЫҢ ТӨРЕСІ Избранное

Пятница, 04 Октябрь 2024 06:09 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 66 раз

Елімізде педагогтардың кәсіби мерекесі – Мұғалімдер күні 5 қазанда атап өтіледі. Былтыр ел Үкіметі осындай қаулы қабылдады. Мемлекеттік мерекелер тізіміне сәйкес, республикада Мұғалімдер күні осы уақытқа дейін қазан айының бірінші жексенбісінде тойланып келген болатын. Өткен жылдан бастап бұл мереке 5 қазанда әлемнің 100-ден астам елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді.
Мұғалімдер күні – білім беру саласындағы қызметкерлердің барлығына ортақ кәсіби мереке. Бұл күні ұстаздар қауымының қоғам дамуындағы рөлі мен еңбегі, оған қосатын зор үлесі аталып өтіледі.

bilimmmm

 

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 556 мың педагог еңбек етеді. Айта кетейік, Дүниежүзілік мұғалімдер күнін бекітуге 1966 жылы 5 қазанда Парижде өткен Мұғалімдердің мәртебесі туралы арнайы үкіметаралық конференция ұйытқы болды. Нәтижесінде ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері «Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар» деп аталатын құжатқа қол қойды. Дүниежүзілік мұғалімдер күні алғаш рет 1994 жылы 5 қазанда атап өтілді.
Иә, дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы «Мұғалім – мектептің жаны» деп айтқанындай, ұстаздар қауымының бала тәрбиесіндегі, оның уақыттың талабына сай сапалы білім алуындағы орны ерекше. Ел ертеңі – жас ұрпақтың көрнекті тұлға, Адал азамат болып қалыптасуында мұғалімдер маңызды рөл атқарады. Сондықтан мемлекет педагогтерді әрдайым жан-жақты қолдап отырады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ұстаздар – балаларға білім беріп, ұрпағымызды отаншылдық рухында тәрбиелейтін керемет жандар. Еліміздің лайықты азаматтары – мұғалімдерге әрқашан қолдау көрсетеміз» деген болатын.
Білім берудің сапасын жақсарту – ұлттық модернизация мен әділетті қоғам құруға бағытталған мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Ал, осынау стратегиялық маңызға ие саланың дамуы мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне тікелей байланысты. Сол себепті Президентіміздің бастамасымен мұғалімдердің қоғамдағы орны мен мәртебесін арттыруға, олардың білімі мен біліктілігін шыңдай түсуге бағытталған көптеген шаралар қолға алынды. Сонымен қатар педагогтердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.
Ұстаздар күні 5 қазан болып бекітілгенімен, мұғалімге деген құрметіміз әрдайым биік тұратыны анық. Сол себепті ұзақ жылғы тәжірибесі бар ұстаздарға арналған республикалық, облыстық арнайы атақ пен төсбелгі белгіленіп, лайықты мамандарға табыстау қолға алынған. Жыл сайын республикалық байқауда бағы жанып «Үздік педагог» атанған 100 ұстазға 1 000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни, шамамен 3,6 миллион теңге сыйақы беріледі. Сайып келгенде осының бәрі ұстаздардың беделін көтеру мақсатында жасалып жатқан қадамдар.
Мемлекет тарапынан атқарылған жұмыстардың нәтижесінде сапалы білім жылдан жылға қолжетімді бола түсуде. Шымкент қалалық білім басқармасының деректеріне сүйенер болсақ, бүгінде қаламыздағы білім беру жүйесінде 30 мыңға жуық ұстаз бен тәрбиеші еңбек етуде. 982 білім беру ұйымында 415 908 тәрбиеленуші, оқушы мен студент білім алады. Биылғы жаңа оқу жылының өзінде Шымкент қаласында 26 979 бүлдіршін бірінші сыныптың табалдырығынан аттаған. Демек, қаламыздағы әрбір үшінші адамның білім жүйесіне қатысы бар деген сөз. Қала бюджетінің қомақты бөлігі білім саласына бағытталып отыр.
Шымкент қаласында заманауи, жайлы мектептер көбейіп, үш ауысымды оқыту тоқтатылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 мектептің құрылысы жүргізіліп, оның ішінде алғашқы 9 мектеп пайдалануға беріліп үлгерді. Жыл соңына дейін тағы 3 жайлы мектеп ашылады деп жоспарланған. Соңғы жылдары оқушыларды бір мезгіл ыстық тамақпен қамту, олардың қоғамдық көліктерде тегін жүруі секілді маңызды мәселелер шешімін тапты.
Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенмен, нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім», – деп ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы. Жалпы, қазіргі кезде білім беру саласы заманның ағымына қарай, ұрпақтың сана-сезімі мен таным-түсінігіне қарай бейімделіп, үздіксіз өзгеріп жатыр. Сәйкесінше, мұғалімдерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.
Осы орайда, Шымкент қалалық білім басқармасының деректеріне жүгінсек, қаладағы 159 мемлекеттік мектепте 17 738 педагог қызметкер жұмыс істейді екен. Оның ішінде 78 пайызында, яғни, 13 782 ұстаздың әртүрлі біліктілік санаттары бар екен. Атап айтар болсақ, 203 мұғалім педагог-шебер біліктілік санатына ие болса, 5 597 мұғалімнің - педагог-зерттеуші, 3 844 мұғалімнің - педагог сарапшы, ал, 3 978 мұғалімнің модератор біліктілік санаты бар екен.
Өкілетті органның ресми деректері бойынша, биылғы жылдың 9 айында 3 376 педагог біліктілік арттыру курстарынан өткен. Жыл соыңан дейін бұл көрсеткіш 8 581-ге жетеді деп жоспарланған.
Иә, бүгінгідей білім саласындағы талап пен тәртіп күшіейіп келе жатқан уақытта ұстаздар қауымының жаңашылдық пен ізденімпаздық, білімділік пен еңбексүйгіштік, парасаттылық пен адалдық секілді асыл қасиеттерді бойына сіңіріп, жас ұрпаққа лайықты үлгі өнеге болатынына сенеміз. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған мұғалімдерді, ұлағатты ұстаздардың ұрпақ тәрбиесі жолындағы, қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектері әрдайым жоғары бағалана бермек. Олай болса, мұғалімдердің өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі өрелі жұмыстары және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істері табысты болсын дейміз.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.