ИННОВАЦИЯҒА ИЕК АРТҚАН КӘСІПОРЫН Избранное

Пятница, 04 Октябрь 2024 06:01 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 57 раз

«KARLSKRONA LC AB» компаниясы Шымкенттегі инновациялық технологияға негізделген кәсіпорындардың бірі. Аталған өндіріс орны 2003 жылы құрылған. Мұнда сорғы агрегаттары жасалады. Зауыт толық циклды кәсіпорын болып табылады. Яғни, барлық керекті бөлшектерді негізінен зауыттың өзі жасап шығарады. Ол үшін компанияның Түркістан облысына қарасты Бадам индустриялды аймағында метал құю өндіріс орны бар. Ал Шымкенттегі кәсіпорнында өнімдер негізгі екі цехта өндіріледі.

inofas

 

2014 жылы салынған бірінші цехта ұңғымаға арналған батырмалы сорғылар шығарылады. Агрегаттың электрқозғалтқышын компания шетелден сатып алса, қалған бөлшегін өздері жасайды. Мұндай сорғылар уран өндірісінде қолданылады. Олардың көмегімен уран өндіріліп қышқылды сұйықтық тасымалданады. Сорғы өте берік болаттан құйылған. Бастапқыда осы өнімді шығару арқылы кәсіпорын басқа да сорғылардың технологиясын меңгеруге мүмкіндік алды. Мәселен, сорғының тағы бір түрінде дөңгелек пайдаланылады. Ол айналған кезде су 150 метр биіктікке көтеріледі. Бұл техниканың сыртқы қаңқасын зауыт өзі болат немесе шойыннан құйса, айналма дөңгелекті дәлме-дәл дәнекерлеу технологиясы бойынша да өздері құрастырады. Ендігі жерде жасалып болған дайын өнімдер цехтағы сынақ құрылғысында сапасы мен дұрыстығы жағынан бақылаудан өтеді. Мұндай сынақ құрылғысы көлемінің үлкендігі бойынша Қазақстанда жалғыз осы кәсіпорында орналасқан деуге болады. Өнімдер сыртқа жіберілмес бұрын шынайы жағдайда сынақтан өткізіліп, техникалық сипаттамасы стандартқа сай екендігі құжатпен бекітіледі. Зауыт мамандарының айтуынша сорғы агрегатын жасау шын мәнінде өте күрделі технологиялық жұмысты талап етеді. Мәселен бір өнімді құрастырып шығару үшін он мың іс атқарылады. Сонымен бірге бұл цехта консолды, екі жақты әрекетті, құбыршекті сорғылар да өндіріледі. Сорапты қондырғылар негізінен құймалы өнімдер болғандықтан кәсіпорын барлығын толық өзі шығаруды мақсат тұтқандықтан метал құю өндірісін іске қосады. Соның нәтижесінде қазір компания сорғылардың сызбасын өзі жасайды, қаңқасын металдан өзі құяды, оны механикалық өңдеуден өткізеді, сөйтіп әрі қарайғы құрастыру жұмыстарын толық өзі атқарады. Бұл өз кезегінде өнімнің бағасы мен сапасына керемет оң әсерін тигізіп отыр. Алғашқыда компания сорғыларды жөндеу жұмыстарымен айнылсудан бастаған. Кейін келе оның өндірісін меңгеріп, дайын өнім шығаруға ден қойған. Дегенмен, кәсіпорын әлі күнге дейін сорғы агрегаттарына сервистік қызмет көрсетуді үзбей жалғастырып келеді. Жоғарыда айтылғандай компания бірінші сервистік қызметтен түскен пайданы үнемдеп, кейін ол ақшаға батырмалы сорғы өндірісін ашқан. Оның да табысын құртпай, сорғы қондырғысының басқа технологияларына инвестициялаған. 2003 жылы құрылған компания бірнеше жылдар ішінде аяғына тұрып, 2012 жылы өзінің жеке кеңсесі пайдалы болады. Сосын арада екі-үш жыл салып өндіріс цехтары іске қосылады. Ал 2016 жылы метал құю кәсіпорны пайдалануға беріледі. Осылайша компания бірте-бірте кеңейіп, Қазақстандағы сорғы қондырғылары нарығын тұтастай бағындырып келеді.
Жалпы кәсіпорынның негізін қалаушы Уалихан Ахметов дейтін азамат. Кәсіпкер көп жыл Еуропада дәл осы сала бойынша білікті маман болып жұмыс істеген. Содан барып өз елімізде осы технологияны қолға алып дамыту ниетінде отандық өндіріске бет бұрған. Былайша қарағанда сорғы қондырғылары ішкі нарықта кең сұранысқа ие. Өйткені, ол тек өндірісте ғана емес, тұрмыста да басқа да салаларда жаппай қолданылады. Мәселен, тұрғын үй-коммуналдық құрылыс саласында сорғылардың көмегі қатты қажет.
Сырттан келетін тұрмыстық мақсаттағы сорғылармен бәсекелесу елімізде қиын болғандықтан кәсіпорын ондай өнімдер шығарудан бас тартып, қазір толық өндірісте қолданылатын сорғылар жасауға көшкен. Өнімді уақытында жеткізу, сервистік қызмет көрсету, сапасы жағынан үлкен сенімге ие болған компания бүгінде «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының уран өндірісіне қажетті технологиялық құрылғылармен жабдықтаушы серіктестерінің бірі болып табылады. Мұнымен қоса кәсіпорын тау-кен өнәркәсібі мен жылу электр станцияларына да керекті сорғы қондырғыларын жасай бастады. Осы күнде серіктестік «ҚазМұнайГаз», Eurasian Resources Group, «Қазақмыс корпорациясы», «Самұрық-Энерго» секілді алпауыт компаниялармен әріптестік байланыс орнатқан. Тіпті Үндістандағы «Құданқұлам» мен Түркиядағы «Аққую» атом электр станцияларын салқындату үшін Шымкентте шығарылған отандық сорғы агрегаттары пайдаланылған. Өнімнің сапасын көзбен көру үшін Түркиядан арнайы келген сарапшылар компанияның сорғы өндірісіндегі технологиялары мен сапасына өте жоғары бағасын беріп кетіпті.
Бір айта кетерлігі компания Кайдзен технологиясы бойынша жұмыс істейді. Жапониядан келген бұл технология өндірісті жүйелеуге, тәртіпке келтіруге, тазалыққа шақырады. Жан-жағы тап-тұйнақтай, жинақы, әр зат өз орнында тұрған кәсіпорында еңбек өнімділігі де жоғары болады. Қазақстанда ең жаңа өндіріс орны саналатын серіктестіктің метал құю кәсіпорнында осы технологияның ықпалы айрықша сезіледі. Соның айқын бір көрінісі күніне екі рет тазалық жұмыстары жүретіндіктен өндіріс ошағы әрдайым мұнтаздай таза болып тұрады. Тіпті ол метал құйылатын зауытқа да ұқсамайды. Өз кезегінде компанияның ескі сорғы қондырғылары металлургия кәсіпорнына қажетті шикізатқа пайдаланылады. Бұл өнімнің өзіндік құнының алдағы уақытта төмен болуына оң әсерін тигізеді.
Кәсіпорындағы басты проблема осы күнде кадр тапшылығы болып отыр. Зауыттың жауапты өкілінің бірі Наргиза Артықованың айтуынша өндірістегі заманауи қондырғылармен жұмыс істей алатын мамандар өте аз көрінеді. Осы мәселені шешу үшін компания еліміздегі техникалық мамандықтарға оқытатын беделді жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс орнатып, дуальді оқыту жүйесі бойынша студенттерді өндірістік іс-тәжірибеден өткізіп жатыр. Өз сөзінде жауапты өкіл мемлекет келешекте машина құрастыру саласын жетік білетін мамандар даярлауға көңіл бөлсе деген өтінішін білдірді. Өйткені кәсіпорын дәл осы саланы игерген білікті мамандарды Қазақстан бойынша таппай отыр.
«Машина құрастыру өнеркәсібі отандық өндірістің негізі. Онсыз технологиялық прогрестің жүзеге асуы мүмкін емес. Мемлекеттің осы мәселені ойланатын кезі келді. Біз қашанғы шетелдік мамандарға мұқтаж бола береміз. Өндірісті үлкейтіп, құлашымызды кеңге сермейін десек, осы кадр тапшылығы қолбайлау болып отыр» деді Н.Артықова.

Әнуар НҰРЖІГІТҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.