«WORLDSKILLS SHYMKENT – 2024»: ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ Избранное

Пятница, 04 Октябрь 2024 06:11 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 59 раз

Жақында қаладағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттері арасында «WorldSkills Shymkent - 2024» кәсіби шеберлік чемпионатының аймақтық кезеңі өтті.

WORLDSKILLS SHYMKENT

 

Чемпионаттың мақсаты – жұмысшы және кәсіби мамандықты дәріптеу, мамандықтардың танымдылығын және қоғамдағы беделін көтеру, бизнес өкілдерінің жұмысшы мамандығына қызығушылығын арттыру. Кеше аймақтық чемпионат қорытындыланып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.
WorldSkills – жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға негізделген халықаралық жоба. Кәсіптік-техникалық мамандықтың деңгейін арттыратын жобаға еліміздің жастары қатысып, халықаралық деңгейде үздік нәтиже көрсетіп келеді. Жоба шеңберінде қоғамға ең қажетті маман иелерінің біліктілігін арттыру жоспарланған.
«WorldSkills Shymkent - 2024» кәсіби шеберлік чемпионатының аймақтық кезеңінде 42 құзыреттілік бойынша 221 үміткер бақ сынады. «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», «Өндірістік және инженерлік технологиялар», «Қызмет көрсету саласы», «Білім беру», «Медицина», «Шығармашылық және дизайн», «Құрылыс индустриясы», «Көлік және логистика» бағыттары бойынша үздіктер анықталды. Чемпионат қатысушыларының конкурстық жұмыстарын қала аумағындағы кәсіпорындардың жетекші мамандарынан құралған тәуелсіз сарапшылар бағалады.
Бүгінгі іс-шарада білім басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Нұрдәулет Абылаев халықаралық жобаның ұтымды тұстарына тоқталып, жеңімпаздарды марапаттады. Н.Абылаев бүгінде инновациялық кәсіпорындар ашылып жатқанын, оған жұмысшы мамандар керек екенін айтты.
Енді аймақтық чемпионат жеңімпаздары биыл қараша айында өтетін республикалық сайысқа жолдама алды. Айта кетсек, «WorldSkills Shymkent - 2024» кәсіби шеберлік чемпионаты барысында 9-11 сынып түлектері үшін «Ашық есік» күндері ұйымдастырылды. Мектеп оқушыларына колледждердің материалдық-техникалық базасы мен жетістіктері таныстырылып, инновациялық жобалар көрмесі өткізілді.

Т. ҚАСЫМ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.