Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі Избранное

Пятница, 23 Сентябрь 2022 04:25 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2413 раз

Шымкент қаласында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Қыздар кеңесі» мектебі жобасы аясында «Ел сұлуы – қыз бала» атты психологиялық кездесу өтті.

222

 

Қыздар қауымы жиналған бұл жиын жастар мен жасөспірімдер тап болуы мүмкін келеңсіз жағдайлар мен жат қылықтардың алдын алуға бағытталған.
Басқосуға Абай аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Бибіфатима Хамитбекова, тәжірибелі психолог
Жанат Атаева, «Медикер ЮК» медициналық орталығының гинекологы Бибігүл
Пирниязова, психотерапевт Салтанат Асанова және жоғары және орта арнаулы оқу орындарының психологтары мен қыздар ұйымының мүшелері қатысты.
Семинар-тренинг жас қыздар арасында белең алып жатқан ерте жүктіліктің алдын алу туралы Шымкент университетінің студенттері қойған көріністен басталды.
– Қыз баласы эмоционалды болғандықтан, көп нәрсені ажырата алмай жатады. Ер адамның махаббаты жетпей жүрген болса, соны іздеп, алданып қалатындары бар. Сол себепті, сезімді басқарып үйрену керек. Осыдан кейін есту мүшеміз, ақыл-ойымыз қосылып, шешімді өзіміз жасай аламыз. Өмірде әр түрлі жағдай орын алғандықтан, қыз баласы ата-анаға айта алмай, қиналады. Осындай тығырықтан шығу үшін арнайы маманға жүгінген дұрыс, – деді
Жанат Атаева.
Жыл сайын елімізде кәмелет жасына толмаған жүкті қыздардың саны артып келеді. Статистика бойынша медицинада 100 жүкті әйелдің 3/10 арасында жасөспірімдер жүктілігі кездеседі. Некесіз жүктіліктің алдын алу үшін қыз баланың жыныстық сауаттылығы болуы керек.
– Біздің қоғамда көптеген қыз-келіншек ұятты нәрсені ашық айтуға қысылғандықтан, қиындық туындайды. Тақырыпты ашып айтпағандықтан, көптеген қыздар некесіз жүкті болып қалады. Сондықтан, жыныстық сауаттылықты ең алдымен отбасынан бастаған дұрыс. Қызды жыныстық сауаттылыққа бала кезінен анасы үйреткені жөн. Осы туралы жас кезінен естіп-білсе, өскенде оны қабылдай біледі, – деді
Бибігүл Пирниязова.
– Психологияда жеке шекара – белсенді түрде талқыланатын тақырып, – дейді Салтанат Асанова. – Бұл әр адамның жеке кеңістігі, принциптер мен сенімдер саласы. Оның үлкен белгісі – өзіңді жайлы сезіну. Егер сіздің айналаңыздағы адамдардың сөзі және іс-әрекеті сізге физикалық немесе эмоционалдық ыңғайсыздық тудырса, бұл жеке шекараны бұзу болып табылады. Барлық қыз құрметке ие әрі ерекше жандар. Соны түсіну үшін өзінің жеке пікірі болуы керек.
Іс-шара ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өзара пікір алмасты, ойларын ортаға салды.