Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында облыстық опера және балет театры ғимаратында түрлі салаларда еселі еңбегімен есімі көпшілікке танымал болған шымкенттік 23 азамат «Үздік» аталымы бойынша жоғары марапатқа ие болды. Марапат иелерінің қатарында өз ісінің үздік мамандары, яғни, педагогтар, дәрігерлер, спортшылар, журналшылар, кәсіпкерлер мен полиция қызметкерлері де бар.
Білім және ғылым саласы бойынша тағайындалған үздік марапат иесін профессор Л.Ташимов табыс етсе, мәдениет және спорт саласы бойынша А.Леубаева мен облыстық «Оңтүстік Цирк» мекемесінің директоры А.Алиев, ақпараттық қамтамасыз ету саласы бойынша «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Б.Тайжан мен «Отырар» телеарнасының бас редакторы З.Оралбаева, қоғамдық өмір саласы бойынша қала әкімінің орынбасары Б.Нарымбетов пен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары В.Доронин сый-сияпаттарды табыстады.
– Бүгінгі шара көшбасшы болуға лайық жас өскелең қауым үшін ісіне жаңа тың серпін беріп, азаматтарымыздың ұлтжанды болып қалыптасуына өз ықпалын тигізері сөзсіз, – деп атап өтті Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов. Марапатқа ие болған жастар арасында біздің әріптесіміз, «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі Сәбит Тастанбек те бар. Ол «Үздік жас баспасөз тілшісі» номинациясына ие болды.
– Мұндай марапаттың талапты жастар қауымы үшін аса маңызы зор, – дейді әріптесіміз. – Бұл тек өз ісіңе берілген лайықты баға ғана емес, ары қарай ынталанып, озық деңгейде қалыптасуыңа жасалған қолдау деп білемін. Мемлекет басшысы қай кезде де жастар – елдің болашағы екендігін айтып келеді. Қазақ елінің түрлі саладағы әлемдік ареналарда қол жеткізген оңды істерінің барлығы да осындай жастарға деген зор құрметтің нәтижесі болса керек.