Панфиловшы Құдайберген Тұңғышбаев

Пятница, 20 Февраль 2015 04:33 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4304 раз

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ұлы Отан соғысының ардагері Құдайберген Тұңғышбаев 20 ақпанда 92 жасқа толады. Ол соғыс жылдары И.Панфиловтың 73-ші атқыштар дивизиясы сапында мерген болған. Воронеж, Ростов, Белград және Харьков қалаларын жаудан азат етуге қатысты. Курск түбінде болған қиян-кескі шайқаста жауға тойтарыс бергендердің бірі.

20150216 130502Құдайберген Тұңғышбаев 1942 жылы небәрі 17 жасында соғысқа аттанды. Кіндік қаны тамған Қазығұрт ауданы, «Қарақия» колхозында баласының амандығын тілеп анасы қалды. Әкесінен ерте айырылған Құдайберген ата қиындықты көп көрді. Қатарынан қалдырмай, аялап өсірген анасы аштық кезінде де бар тапқанын жалғыз ұлының аузына тосты. Қартайғанда демеу болар деген тұяғы ер жеткен шағында соғысқа аттанып кете барды.
1942 жылы 22 наурызда әскер қатарына шақырылып, 1943 жылдың 1-ші қаңтарында Ресейдің Пенза қаласында алғаш рет жауға қарсы шайқасты. 1943 жылы тамыз айында сол жамбасына оқ тиіп, жараланды.
– Әскерде мерген және барлаушы ретінде арнайы дайындықтан өттім. Соғыс кезінде Панфиловтың атқыштар дивизиясында снайпер едім. Онда кілең орыстардың ішіндегі жалғыз қазақ болдым. Ауылда орыс сыныбында 8 жыл оқығандықтан, орысшам жаман емес еді. Тұтқынға түскен немістердің формасын киіп алып, барлауға да шығып келетінбіз. Неміс снайперлері түнде қырағы. Біз керісінше, күндіз барлауға шығатынбыз. Ол кезде жан-жақтан бораған оқтан бөлек, аштық пен суыққа да шыдамай қаншама сарбаздар қырылып кетті, – дейді
Құдайберген Тұңғышбаев.
1943 жылы тамыз айында госпитальде ем алып шыққан соң, жарақатына байланысты Құдайберген туған жері Қазығұрт ауданына оралады. Халықтың жағдайы нашар еді. Қарақия колхозында есепші болып жұмыс істеді. Егілген бидай мен мақтаның есебін шығарып, артығын еңбекақы ретінде таратып отырды. «Колхозымыздың диірмені бар еді. Соған бидайды тартып әкеліп, таратушы едім. Әйтеуір, сол қиыншылығы мол жылдары өлместің күнін кештік қой», – дейді майдангер күрсініп. Кейде әңгімесінің арасында орнынан атып тұрып, қолын сермеп сөзін жалғайды. Кім білсін, бәлкім өзін 70 жылдан астам уақыт болған оқиғалардың ортасында жүргендей сезінді ме екен?
Көп ұзамай Мейіз атты қызбен бас қосады. Қыздың ата-анасы Құдайбергенді жақсы таниды. Бір күні шақырып алып, қызын қалыңдық ретінде беретінін айтады.
– Мен ол кісілердің үйінде тұрып оқығанмын. Соғысқа аттанарда кішкентай қыз еді. Мен келгенде бойжетіп қалыпты. Ата-анасы мені өздерінің күйеу баласы ретінде көргісі келетінін айтты. Мен де бас тартпадым. Сөйтіп, Мейіз екеуміз бас қостық. Шешемнің қолы ұзарды. «Қарақия» мен «Атбұлақ» деген екі колхоз үйлену тойымызға дастархан жайып, екі күн дүркіретіп өткізді. Мейіз екеуміз 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, өсірдік. Мен – соғыс ардагері, ол – тыл ардагері атанды. Балалардан 20 немере мен 18 шөбере көріп отырмын. Немерелерімнің есімдерін өзім қойдым. Шөбереге келгенде билік жүрмеді, – дейді Құдайберген ата әзілдеп.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.

Другие материалы в этой категории: « Жәнiбек хан "Қазақ халқына ризамын!" »