"Қазақ халқына ризамын!"

Пятница, 20 Февраль 2015 04:44 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 6088 раз

Биыл елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялануы жаңа бағыт-бағдар беріп, айқын міндеттерді алға қойып отыр. Қазір Елбасының Жарлығымен барлық өңірде Қоғамдық келісім орталықтары құрылуда. Жаңа мекемелердің қызметі Қазақ-стан халқы Ассамблеясының жұмысымен тығыз  байланысты. Яғни, ұлтына, дініне, тіліне қарамастан, этносаралық қатынастарды дамыту бағытында жұмыстар жүргізуде. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты Қоғамдық келісім мемлекеттік мекемесіне қарасты «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің жетекшісі Хасан Бациевті атаулы датаға орай әңгімеге тартқан едік.

1-presideent– Ассамблея – Елбасы  құрған ең сенімді қоғамдық институт. Оған Ассамблеяның алғашқы сессиясына қатысқан кезімде көз жеткіздім. Бірінші жиыннан-ақ, елімізді мекен еткен әр этнос өкілі өз үйімізге жылылық пен бейбітшіліктің бөлшегін алып қайтқандай болғанбыз. Президент Н. Назарбаевтың бірліктің ұлы ұғым екенін,  сол арқылы көп жетістіктерге жетіп, бірлік арқылы мемлекетіміздің нығаятыны жөніндегі ойларын үнемі елге насихаттаймыз. «Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігінің мүшелері Елбасының сенімін ақтауға бар күш-жігерін салады. Нағыз ұлтаралық келісім бар жерде кез келген міндетті атқаруға дайынбыз, – дейді Х. Бациев.
Этно-мәдени бірлестік өңіріміздегі барлық іс-шараларға белсене атсалысады. Бір шаңырақ астына біріккен ұлттар мен ұлыс өкілдері бір үйдің отбасындай тату. Тау халықтарының кейбір салт-дәстүрі біздің әдет-ғұрпымызға ұқсас келеді.
Шешендерде ер адамдар әрдайым жоғары тұрады. Ұл балаға кішкентайынан «Сен жігітсің, азаматсың, отбасыңды, Отаныңды қорғауың керек» деп үйретеді. Сондай-ақ,  тау халқы түн ұйқысын төрт бөлген анасын құрмет тұтады. Әкесіне қарсы келмейді.  Әжесі мен апасын, әпкесі мен қарындасын сыйлауды парыз санайды.
Қазіргі таңда тау халқының ұлттық биі – лезгинканың өрісі кеңейіп келеді. Әуені де, қимылы да ерекше, сұранысқа ие лезгинкаға жұрт билеуге құмар. Кейбір деректерде ұлттық би  махаббат пен ерліктің биі саналады. Көне аңыз желісі бойынша сұлу қызға ингуш жігіті ғашық болады. Бозбала бойжеткенге сезімін сарт-сұрт қимыл жасай отырып білдіреді. Шебер қимылмен аруды тәнті етеді. Сұлу алдында тізерлеп отырып, басын көтерген кезде лезгинка дүниеге келсе керек.
Десе де, ұлттық бидің шығу тарихы осымен ғана шектелмейді. Тау халқының ауызында бидің шығуы жайында алуан-алуан деректер мен аңыздар жиі кездеседі.
– «Лезгинка» тау халықтарының дәстүрінде ерекше орын алады. Қазақ үшін қыран киелі құс саналады ғой. Кавказ ұлттарында да сондай. Бидің өзінен ұлттың намысы пен тәкаппарлығы аңғарылып тұрады, – дейді Хасан Бациев.
«Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігі жетекшісінің айтуынша, қазір би жігіттер мен қыздарға арналған заманауи түрде орындалып жүр.
Хасан ағай қазақша сөйлегенде кез келген қазақты сүріндіреді. Төлеби ауданына қарасты бұрынғы «Алатау» совхозы, Жаңа ұйым ауылында туып-өскен ол туған жерін бәрінен биік қояды. Өйткені, кіндік қаны тамған жер вайнах үшін қасиетті саналады. Олар дінін, салт-дәстүрін қалай сыйласа, қазақтардың тілі мен ділін де солай құрметтейді.
Таулардан, сай-тастардан, өзен-көлдерден қазақтың мінезі көрініп тұратынын айтып таңданған Хасан ағай әрбір атаудың астарында халықтың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы жатқанын баяндады.
– Аштықты да, соғысты да көрген шешен халқының өкілдері 1944 жылы тарихи отанынан ықтиярсыз көшірілді. Әкем Қазақстанға  ағасымен бірге 7 жасында келіпті.
IMG 8913Уақыттың қиындығына қарамастан жергілікті халық вайнахтарды құшақ жая қарсы алады. Қысылтаяң шақта шынайы жанашырлық танытады. Қазақ халқы артта қалғанды жетелеп, аш қалғанды тойдырады. Әкем шаруаға ерте араласты. Ауыр еңбек оны ерте есейтті. Ата-анамыз шаруа адамдары болған соң ба, ол кісілердей қиындық көрмедік. Қазақ ауылында өсіп, қазақ балаларымен ойнадым. Қазақ тілінде білім алдым.  Әкем ұзақ жылдар бойы Жаңа ұйымда ерінбей еңбек етті. Кейін облыс орталығына жұмыс ауыстырды. Қазір ауылда тұрады, – дейді
Хасан Бациев.  
Бациевтің отбасындағы сегіз баланың үшеуі дәрігер, мұғалім мамандықтарын иеленеді. Малшаруашылығы саласында білім алған Хасан ағай кейін Ресейдегі Нежный Новоедегі партияның жоғары мектебін бітіреді. Ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істейді.
2013 жылдан бастап, шешен-ингуш мәдени бірлестігіне жетекшілік етеді. Тіл білгеннің тынысы кең, досы мол екенін Хасан Бациевтің әңгімесінен аңғарылады. Шындығында оның достарының көбі қазақтар екен.
– Ұмытпасам, 2011 жыл болу керек. АҚШ-тың Аризона  штатында туыс қарындасым тұратын. Шақырған соң, қонақ болып бардық. Қарындасым сол штаттағы университтеттің бірінде қазақ, шешен-ингуш тілдерінен сабақ береді екен. Жұмыс орнын көріп таңғалдым. Өзімді АҚШ-та емес, Қазақстанда, жүргендей сезіндім. Жұмыс бөлмесі қазақтың мұражайы іспетті. Не жоқ дейсіз онда. Іздегеніңнің бәрі бар.  Іссапармен келген қазақтар ұлттық бұйымдарын естелік ретінде қалдырады екен. Қала мэрі жиналған сыйларды көріп, жеке кабинет аштырыпты. Аризона штатында қарындасым киіз үй тіктіріп, ұлттық тағамдарды дайындады. Студенттерге қазақтың салт-дәстүрін, тұрмыс-салтын әңгімелеп берді. Кішігірім айтыс өнерінен, ұлттық ойын  қыз қуудан көріністер қойылды. Міне, қазақтың салт-дәстүрін АҚШ-қа келіп танытамын деген кімнің ойында бар? Мұндай дәстүрлі шара университетте жыл сайын өткізіледі екен. Елге төбем көкке жеткендей қуанышпен оралдым. Бүгінге дейін барлық ғұмырым Қазақ елімен тығыз байланысты ғой. Сондықтан қазаққа қатысты мәселелерге бей-жай қарай алмаймын. Ынтымағы жарасқан, ұлттар мен ұлыстардың ұйтқысы болған қазақ халқына ризамын, – дейді Х. Бациев.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.