«Шаңырақ, кереге, уық бiр болмаса, Туырлықты көрiнген түредi ғой» Избранное

Пятница, 13 Март 2015 04:05 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5943 раз

Шымкентте студенттер арасында ақындар айтысы өтті

Шымкенттегі іргелі білім ордаларының бірі – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай ОҚМПИ және М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті арасында командалық жекпе-жек ақындар айтысы өтті. Облысымызда тұңғыш рет өткізілген ақындар додасына ОҚМПИ басшылығы ұйытқы болды.

20150303 175438Сөз бәйгесіне екі жоғары оқу орнының үкілеген 8 ақыны қатысты. Айтыстың басты мақсаты – Қазақ хандығының құрылуы мен нығаюы үшін күрескен жауынгер бабаларымыздың ерлігін сөз ете отырып, жастардың ұлттық өнерімізге деген қызығушылығын арттыру, патриоттық рухын ояту, бірлік пен ынтымақты сақтауға тәрбиелеу.

Ақындар айтысына белгілі жазушы-журналист Мархабат Байғұт төрағалық етті. Сондай-ақ, әділ қазылар құрамында облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы А. Балажан, танымал айтыскер ақын Б. Шойбеков, «Қазақ әдебиеті» және «Жас Алаш»газеттерініңОҚО-дағы меншікті тілшісі Ғ. Елшібай, «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының директоры У. Қыдыр болды.

Айтыста жас ақындар Қазақ елінің қазіргі таңдағы қол жеткізген табыстарымен қатар, бүгінгі қоғамда кездесетін жат көріністерді де өз жырларына арқау етті. Қажымұқан Абзалов (ОҚМУ) пен Серік Жұмаділ (ОҚМПИ), Дәурен Ақсақалов (ОҚМПИ) пен Мұқағали Кенжетайұлы (ОҚМУ) арасындағы сөз сайысы көрермен күткен керемет өткір әзілдермен өрбіді. Сөз орайы келгенде «Толпа» боп атысқаннан, топ-топ боп айтысқанға не жетеді?» деп кейбір оқу ордаларындағы келеңсіз оқиғалар туралы орынды пікір білдірген Қ. Абзалов елдік мүдде тұрғысында да байыпты, салиқалы ой айтты. «Неге бізде кәріс пен түріктердің, Сериалы тарайды жылдам лезде? Мысалы Сүлейман мен Жумонгтар, Оп-оңай елестейді жұмған көзге. Әлде олар кеп кірпішін қаласып па ед, Бабалар хандығыңды құрған кезде? Корейлердің сериалын неғыламыз, Керейлер, Жәнібектер тұрған кезде?!» – дегенде, қара сөздің Қажымұқанына тыңдарман қауым зор ризашылықпен қол соқты.

Сөз додасында Нұрғали Әнапия (ОҚМУ) мен Аян Ниязбек (ОҚМПИ) жұбы да айтысты ерекше қыздыра түсті. Жас дарындар тақырып төңірегінде ұтқыр ойлары мен ұтымды пікірлерін ортаға салып, бір-бірін қалжыңмен қағытып, көрерменннің ыстық ықыласына ие болды. Бұл орайда екі ақын да бабалардың ерлік жолын дәріптеп, еліміздің әлемге үлгі болып отырған бүгінгі ынтымақ-бірлігін ерекше атап өтті. Осы айтыста жас та болса жасындай жарқылдап, балталаса бұзылмайтын сәтті тіркестерімен есте қалған Аян: «Ұлы Отан соғысы мен ашаршылық, Нәубет боп қазағыма қабат келген. Аша тұяқ қалмасын дегеннен соң, Алдындағы бар малын санап берген. Осының барлығына Желтоқсанда, Біздің Қайрат, Ләззаттар жауап берген. Біз осы азат елдің ұрпағымыз, Тәңірім таудай қылып талап берген. Хандығы қазағымның мәңгі болсын, Керей мен Жәнібек қалап берген», деп көпшіліктің рухын көтерді. Ал, оның қарсыласы, шаппа-шап айтыстың шебері Нұрғали болса: «130 ұлт ақ боз үйдің уықтары, Шаңырақты айнала тіреді ғой. Ал, енді сол шаңырақ өз қазағым, Киіз үйдің негізгі тірегі ғой. Шаңырақ, кереге, уық бір болмаса, Туырлықты көрінген түреді ғой» деп, салмақты жырымен жиналғандарға терең ой тастады.

Сонымен қатар, осы аламанға өз құрамаларын бастап шыққан республикаға белгілі айтыскер ақындар Біржан Байтуов (ОҚМПИ) пен Карима Оралова (ОҚМУ) да көпшілікті тапқыр теңеулерімен, жарасымды әзілдерімен ерекше сүйсінтті. Әсіресе, тақырыпқа байланысты екі ақын да жүректен қозғап, бойды шымырлатар отты сөздерімен пайымды пікір айта білді. Қашанда ұлт мүддесін жонып айтып жүрген қазақ айтысының белді өкілі, бүгінде ОҚМПИ-де еңбек ететін Біржан Байтуов:

– Сирияда күн сайын соғыс болып,

Нәубет деген төніп тұр бұл арабқа.

Украина ортадан қақ жарылып,

Тыныштығы кетіп тұр мына жақта.

Басшысын тақтан қуып оңған елді,

Өз басым көрген жоқпын бұл алапта, – деді. Ал, талай жыр додаларында жүлдегер атанған Алаштың аяулы ақыны Кәрима Оралова:

– Хандығы қазақ болар ма ед,

Керей мен Жәнібек болмаса,

Қасымнан қалған қасқа жол,

Есімнен қалған ескі жол,

Абылай ханы бұл күннің,

Нұрсұлтан салған нұрлы жол.

Халыққа үндеу жолдаса,

Бірауыздан жұмылып,

Ел де енді қолдаса.

Алтын ғасыр дейміз біз,

Жаңарып жатқан ел іші.

Қазақстанның бұл күнде

Әлеммен боп тұр тең ісі.

Жеріміздегі ырыс-құт,

Еліміздегі тыныштық, – дей келе, халықты ынтымаққа, бірлікке шақырды.

Қысқасы, үш сағатқа жалғасқан ақындар айтысы жырға шөлдеген жұртшылықтың шөлін басып, жанын жадыратты. Айтыс соңында жыр додасына төрағалық еткен жазушы-журналист Мархабат Байғұт ақындар айтысының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және мұндай игілікті шараны алдағы уақытта да жиі-жиі өткізіп тұру керектігін айтты.

– Қос оқу ордасы да небір мықты кадрларды даярлап шығарған. Меніңше, бұл айтыс екі ұжым арасындағы достық пен татулықты тереңдете түсті деп ойлаймын. Әрине, Кәрима мен Біржан кәнігі шеберлер. Ал, Қажымұқанның айтыстағы тәжірибесі толысып келе жатқанын көрдік. Ол ұстасып, тістесіп айтысты. Серік те тақырыпты жақсы аша білді. Мұқағали да талантты екен. Дәурен нағыз айтыс ақыны екенін көрсетті. Дегенмен, бұл айтыста бәрімізге керемет көңіл күй сыйлаған Аян мен Нұрғалидың айтысы болды. Олардың сөз қағыстыруына қарап, қазақ айтысының болашағы зор екенін көруге болады. Екеуі де әріден ойып айтады, сөзді де тауып айтады. Жалпы, екі қарашаңырақ тең түсті. Ұпай санын алып қарағанда ОҚМПИ алға шықты, – деді М. Байғұт.

Әділқазылар алқасының ұйғарымы бойынша 243 ұпай жинаған Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының командасы жеңімпаз болып танылып, ақындарға ОҚМПИ ректоры Оңалбай Аяшев ауыспалы кубокті табыс етті. Айтыстың соңында барша ақындарға арнайы сертификаттар беріліп, бағалы сыйлықтар тарту етілді.

Последнее изменение Пятница, 13 Март 2015 09:07
Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.

Другие материалы в этой категории: « Сахнада – «Iнжу-Маржан» Мерекелік марапат »