Жанна Д’Арктің соңғы түні Избранное

Пятница, 01 Март 2024 10:33 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 671 раз

Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында «Жанна Д’Арк» трагедиясының премьерасы өтті. Премьераға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек арнайы қатысып, шығармашылық ұжымның еңбегіне ризашылығын білдірді.

onerrr

 

Оқиға барысы XV ғасырдың ортасында Франция жерінде өткен тарихты қамтиды. Әйткенмен басты кейіпкер Жанна Д'Арк пен Жаратушының ортасында өтетін диалогтар біздің заманымызда да қоғам мен адамдар арасындағы қақтығыстардан туып жатқан күрделі мәселелерді қозғайды. Дін мен ділді өз пайдасына айналдырып, қоғамдағы моральдық принциптерден, адамгершіліктен аттап өтетін адамдардың әрекеттеріне шынайы баға беріледі. Сонымен қатар, қаршадай қыздың ерлігіне француз елі соншалықты неге бас иіп, оны әулиелер санатына қосты? Жалындаған отқа жас өмірін не себептен қиып, құрбан болды? Жанна Д’Арк, Жаратушы мен жендет үшеуінің арасындағы диалог осы сұрақтардың жауабын аша түседі.

onerrr-1


Қоюшы режиссер Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымовтың айтуынша, премьера тұңғыш рет қазақ тілінде сахналаныпты.
–Болгар драматургі Стефан Цаневтің «Жанна Д’Арк» пьесасы желісімен қойылған трагедияға үш кейіпкер ғана қатысады. Жанна, жендет және Жаратушы. Спектакльдің сюжеті француздың атақты ұлттық қаһарманы Жанна Д’Аркты өртеу алдындағы соңғы түнді көрсетеді. Осы түнде Жаннаның өзіне бүкіл өмірін көз алдынан өткізеді. Ағылшынның қолына түскеннен кейін оның ерлігін жоққа шығарып, қателігін мойындатқысы келеді. Оны қолдауға Жаратушы келеді. Жендет те Жаннаға оның кім екенін дәлелдемек болады. Кейіпкер бір түнде толғанады, ойланады, қасіреттің алдында болатын күйді бойынан өткізеді. Шығарманы қазақшаға Өтен Ахмет аударды. Спектакль көптің көңілінен шығып, көрермен ой түйіп жатса, біздің мақсатымыздың орындалғаны, –деді Қуандық Қасымов.
Премьераны тамашалаған көрерменнің актерлердің шеберлігіне тәнті болғаны соншалық, XV ғасырды көзбен көргендей әсерде болды. Басты рөлдерде ойнаған Бауыржан Сегізбаев, Мөлдір Зияева, Абзал Төлен өз кейіпкерлерінің толғауын шеберлікпен жеткізе білді. Қойылымның сценографиялық шешімін жасаған – суретші Владимир Сизинцев, сахналық техникамен жабдықтап, іске асырған – театрдың бас суретшісі Қалтөре Жұмақұлов. Шығармашық топ көрерменмен етене жақын болу мақсатында қойылымды камералық форматта 100 адамға лайықтап жасаған. Тарихи трагедия өткенді қозғай отырып, қоғамдағы өзекті мәселелердің мәнін түсіндірді, көкейдегі көп сұрақтың жауабын ұсына білді.

Гүлнұр СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « «Архивариус» Сәнгерлер салтанаты »