Тайқазан Маңғыстауға жол тартты

Пятница, 27 Март 2015 08:16 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4219 раз

«Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 игі іс» Тайқазаны жер жаннаты Жетісудан Оңтүстікке жол тартқан болатын. Татулық пен игіліктің бойтұмары келген күннен бастап, өңірде қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, рухани эстафетаға қолдау білдіргендер көп болды.

11111Облыстағы 20 этномәдени бірлестігі әртүрлі шараларға белсене атсалысты. Кәсіпорындар мен кәсіпкерлер де ізгі істен аянып қалмады. Олар «Асар» акциясы аясында аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына көмек қолын созды. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне сый-құрмет көрсетті. Балалар үйі мен мүмкіндігі шектеулі балаларға қайырымдылық  іс-шаралары жасалды.
21 наурыз – Үйлесім күні ізгі істердің символы болған Тайқазанды оңтүстікқазақстандықтар Маңғыстау облысының делегациясына табыстады. Тәуелсіздік саябағында өткен «Бір ел – бір тағдыр» фестивалінде батысқазақстандық қонақтар түрлі ұлт пен ұлыстың берік достығы мен ынтымағына тағы бір тәнті болды. Облыстық этномәдени бірлестіктердің жанынан құрылған шығармашылық топтардың қол-өнері, ұлттық тағамдары мен салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын паш ететін еңбектерімен танысты. Сондай-ақ,  этнос өкілдерінің концерттік бағдарламасын тамашалады.
– Біз Жетісу өңірінен ұлттарды ұйыстырып, ынтымақтың ұйытқысына айналған эстафетаның символын қабылдап алған едік. Осы аралықта қарттарға, балаларға, мұқтаж жандарға бірқатар ізгілікті істерді атқардық. Мұндай қайырымдылық шаралары осымен шектелмейді. Жыл аяғына дейін жалғасын табады, – деген облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов Тайқазанды Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Баян Нұрғазиеваға тапсырды. Батысқазақстандықтар да ырыс пен берекенің нышаны Тайқазанды қабылдағандарына қуанышын білдіріп, игі істердің дәнекері болатынына сенім білдірді.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.