Қазақстаннан қымбат мекен жоқ Избранное

Пятница, 03 Апрель 2015 04:53 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4788 раз

Оңтүстік өңірінде еліміздің өркендеуіне  ирандықтар да лайықты үлес қосуда. Тұрақтылық пен келісімді паш етіп, достыққа – дәнекер, ұлағатты істерге – ұйытқы болған ұлттың қазақ халқына өкпесі жоқ. Бүгінде Оңтүстікте 5 мыңға жуық иран халқы бар. Олардың көбісі Бәйдібек, Сарыағаш, Төлеби, Қазығұрт аудандарында шоғырланған.

kaz kymbat-jokИран этномәдени бірлестігіне Нұрсбек Капар Пур 2000 жылдан бері жетекшілік етіп келеді. Қазіргі таңда бірлестікте 11 адам бар. Атқарып отырған жұмыстары да ауқымды. Өйткені, бірлестік мәдени шаралармен ғана шектеліп отырған жоқ. Биыл еліміздің тарихындағы маңызды датаның бірі Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай игілікті істердің басмашысы бола білді. 20 этномәдени бірлестік қамқорлыққа мұқтаж жандарға, мүмкіндігі шектеулі балаларға, соғыс ардагерлеріне көмек берді. Сондай-ақ, халықтар достығын нығайтуды мақсат еткен орталық бірлестіктермен іс-шаралар мен ұлттық мерекелерді бірге өткізу игі дәстүрге айналған.
– Елімізде құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы өзге елдерге достық пен бірліктің қазақстандық бірегей үлгісін қалыптастырды. Сондықтан, әрбір этномәдени бірлестіктің жетекшілері мен мүшелері Қазақ елінің ынтымағы мен бірлігін нығайтуда. Біз қоғамда қалыптасқан саяси тұрақтылықты, ұлттар арасындағы ауызбіршілікті, ағайын арасындағы сыйластықты жас буынға көрсетіп келеміз Ассамблеяның аясында құрылған барлық бірлестіктердің өкілі еліміздің мәдени және тарихи, этнографиялық өмірінен қалыс қалмай, тарихи танымын байытуда, – дейді Иран этномәдени бірлестігінің жетекшісі Нұрсбек Капар Пур.
Иә, қилы-қилы замандарда түрлі тағдырмен қазақ еліне қоныс аударған ирандықтарды қазақ халқы жатсынған жоқ. Туысындай бауырына тартып, қамқорлық танытты. Бір атаның баласындай бір үзім нанды бірге бөліп жеді.  Нұрсбек ағаның айтуынша, 1946 жылы соғыстан кейін 600-ге жуық иран жігіті  Қазақстанның оңтүстігіне, Бәйдібек ауданына жер аударады. Осы өңірге қоныстанған ұлттар өзге ұлттың қыздарымен отбасын құрады. Әкесі қиын кезеңде жер аударылғандардың көпшілігі суық климаттық жағдайларға, аштыққа шыдамағанын, қазақтардың кең пейілі мен бауырмалдық қасиеті болмағанда бүгінгідей халге жетулері беймәлім екенін айтып, еске алып отырады екен. Сондықтан Нұрсбек Капар Пур үшін ұшы-қиыры жоқ көсіліп жатқан қазақтың кең даласынан қымбат мекен жоқ.
kaz kymbat-jok1Нұрсбек Капар Пурдың айтуынша, Наурыз ирандықтардың  да өз мейрамы саналады.  Өйткені, оларда Наурыздай кең тараған мереке сирек. Ежелгі мереке ұлттық сенім мен әдет-ғұрыптың бір бөлшегіне айналған. Иран халқының мерекелік дастарханынан қасиетті заман, өмірге келу, өсіп шығу, тазару сияқты мифологиялық қырлар байқалады. Сол себепті, мерекелік дастарханға 7 тағам мен зат міндетті түрде  қойылады.  Мәселен,  ирандар үшін алма денсаулық пен сұлулықтың белгісі болса, шырақ жылылық пен татулықтың, жиде мықтылықтың белгісі саналады. Сарымсақ көзден сақтаса, қызыл балық тыныштық пен байлықты білдіреді. Ал, мерекелік Аштың (көжесі) құрамы бөлек дайындалып, күріші майға пісіріледі.
Қазақ ауылында туып өскен, тілімізді жетік меңгерген Нұрсбек ағаның отбасы да қазақша сөйлейді. Салт-дәстүріміз бен әдеп-ғұрпымызды да құрмет тұтады. Ал, немерелері қазақ тілін балабақшадан меңгеріпті. Өйткені, отбасы мүшелері қазақ елінде тұрып жатқандықтан өздерін Қазақстан халқының бір бөлшегі санайды.
Осы орайда, этномәдени бірлестіктердің жанынан құрылған жексенбілік мектептердің маңызы зор. Діндері мен салт-дәстүрлерін ұстануға мол мүмкіндік қарастырылған.
– Кеңестік дәуірде өзгелердің тіліне мән берген ешкім болмады. Содан болар, кейінгі ұрпақ парсы тілін білмей өсті. Бір қуантарлығы, этномәдени бірлестіктердің жанынан жексенбілік мектеп жұмыс істейді. Мектепте оқулықтардың көбісі елшілік арқылы алынған. Кішігірім кітапхана қажетті оқулық, керекті құралдармен қамтылған. Қазір иран ұлтының өкілдері ана тілінде сөйлей бастады және 90-95 пайызы мемлекеттік тілді біледі. Дегенмен, ана тілінің жоғалуына жол бермеген Қазақ еліне  өзге ұлттар қазақ тіліне де құрметпен қараса екен деймін. Елбасы халыққа Жолдауында 2020 жылға дейін барлық тұрғындар 95 пайыз қазақша сөйлесін деді. Біз сол межеге жақындап қалдық, – дейді бірлестік жетекшісі.
Бүгінде иран ұлтының өкілі қазақтармен туыс болып кеткен. Үлкен әпкесі қазақ жігітіне тұрмысқа шықса, ұлы қазақ қызымен бас қосқан. Нұрсбек ағаның достарының көбісі қазақтар. Ал, тіл мен мәдениетімізге құрметі тіптен бөлек. Қазақтың кішіпейілділігі мен қонақжайлылығын жоғары бағалайды.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.