Қазақ хандығы – әлем назарында

Пятница, 27 Март 2015 05:50 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 6190 раз

Шымкентте Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ хандығы – Мәңгілік ел идеясы: Тарихи тағдыры мен тағылымы» атты халықаралық конференция өтті.

Оған Қытай, Түркия, Германия  елдерінен тарихшылар, ғылыми-зерттеу институтының жетекшілері, түркітанушы ғалымдар қатысты. ОҚМПИ-нің ректоры Оңалбай Аяшев конференцияға келушілерді құттықтап, ұлттық мәдени мұраларды түгендеу, тарихтың ашылмаған ақтаңдақ беттеріне ден қою   керектігін еске салды.
Халықаралық конференцияда бас қосқан ғалымдар Қазақ хандығының тағдыры мен тағылымы туралы сөз қозғады. Р.Б Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының  директоры,  профессор Әбсаттар Дербісәлі Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығы және тәуелсіз Қазақстан жөнінде өткен шараның Қазақстан халқына ғана емес, жалпы түркі әлемі үшін де маңызды екендігіне тоқталды.
– 550 жылдық мерейтой-өткен заманның санағы ғана емес, еңсеруді қажет ететін болашақ белес, – деді Ә. Дербісәлі. Ал Түркия Республикасының, Мимар Синан университетінің профессоры Осман Йорулмаз конференцияда мазмұны терең деректерді алға тартты. Сондай-ақ, бас қосуда ғалымдар келелі мәселелерді талқылап, келешек ғылыми жобалардың жоспарларын ортаға салды.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.