Қалмахан Омар, ұстаз-домбырашы: Дәстүрлі өнердің насихаты жандануы тиіс Избранное

Пятница, 03 Апрель 2015 05:01 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 6451 раз

Дәстүрлі музыкалық өнерді насихаттауда ұстаз-домбырашы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қалмахан Омардың еңбегі елеулі. Ол өңірде шәкірттерімен бірге қазақ күйінің құдіретін талайға танытып келеді. Жуырда өткен оның «Бабалар аманаты» атты тарихи-танымдық, әдеби-музыкалық жобасы жұртшылықты дәстүрлі халық өнерінің кәусарына қандырды. Киелі домбыраның қос ішегімен үндескен әдемі ән мен күйге жүрегі жібімеген, көңілі шаттанбаған жан жоқ шығар, сірә. Өнерпаздар төкпе күйді төгілткенде көрермен «бәрекелді» деп, дем беруден жалықпады. Екі сағатқа созылған концерт көпшіліктің дәстүрлі өнерге сусағанын, есер әннен естіні ажырата алатынын тағы бір дәлелдеді. Жоба авторынан алған сұхбатты бүгін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

DSC 1917– Қалмахан аға, бұл жобаңыздың ерекшелігі неде?
– Бұл жобаны қолға алғандағы негізгі мақсат – қағажу көріп келе жатқан дәстүрлі өнерді төрімізге шығару. Ең бірінші ерекшелігі – жанды дауыста, екінші ерекшелігі – дәстүрлі өнеріміздің барлық дерлік жанры қамтылды. Атап айтқанда, дәстүрлі ән кең тараған Арқа, Батыс, Алтай-Тарбағатай, Сыр бойы және Жетісу мектептерінің үздік туындыларын көрермен назарына ұсындық. Сондай-ақ, қасиетті қара қобызымыз бен домбыра күйлерін де көрерменмен қауыштырдық. Тағы бір ерекшелігі, поэзия мен бір жұп ақындар айтысын бағдарламаға енгіздік. Ендігі бір айтатын мәселе, қазақтар бұрын өзара күй тартыстан жарысқа түсіп отырған. Сондай-ақ, көрші қырғыз, қарақалпақ және түркімендермен де күй көрігін қыздырғаны жөнінде деректер жетерлік. Біз ұмытылып бара жатқан күй-тартыс үрдісін жаңғыртудамыз. Сайып келгенде, жобаның негізгі мақсаты – түркі дәуірінен тамыр тартатын бабаларымыздан қалған ғажайып дәстүрлі өнерімізді насихаттай отырып, ұлтымызға жетіспей тұрған ұлттық рұхты асқақтату арқылы намысты жану. Осы орайда басылым арқылы ата дәстүрге адалдық танытып, төл өнерімізге қолдау көрсеткен облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасына алғыс айтамын.
– Кезінде батыстың этнограф ғалымдары жоғары бағалаған дәстүрлі өнеріміз неліктен кенже қалып отыр?
– Мұның тамыры өте тереңде. Өзіңіз айтпақшы, бүкіл әлемде теңдесі жоқ ұлтымыздың дәстүрлі музыкасы талай жатжұрттықтарды тамсандырған саф алтындай биік өнер болатын. Жалпы алғанда, қазақ ұлты сахара төсінде ат ойнатып, табиғатпен үндесе білген қаны таза, жаны сұлу эстет  халық еді. Ал, мұндай сипаттағы ұлттың әсемдік әлеміндегі тудырған дүниелерінің осал болуы мүмкін емес. Бірақ жерімізге дендеп енген отаршылар қасиетті атамекенімізді ғана емес, ұлтымыздың ғасырлардан келе жатқан өмір сүру дағдысы, тілі, діні жалпы алғанда руханиятымызға орасан зардап әкеліп, қазақтың жанын жаулады. Соның салдарынан тілінен, ділінен  айырылған көптеген қандастарымыз ұлттық құндылықтарына жатсына қарап, өзгенің мәдениетіне табынушылық сияқты мінез-құлық қалыптастырды. Міне, осындай жағдайда дәстүрлі өнеріміздің де тынысы тарыла бастады. Өз қағынан жеріген космополит қазақтарға ұлттық құндылықтарымыз архаизмнің белгісі іспетті көрінді, қолданыс аясы азайды. Осы үрдіс бүгінге дейін әлі жалғасуда. Бір сөзбен айтқанда, атадан балаға мұра болып, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан төл өнеріміздің  мәдени желісіне сызат түсіп, тұнығы лайланды. Әр ұлттың сөйлеу тілімен бірге музыкалық тілі бар. Міне, осы музыкалық тіліміз қазіргі таңда шұбарлануда. Әсіресе, жастарымыз Батыстың елірме, жеңіл музыкасының жетегінде кетті. Мұндай ахуалдың орын алуына, елімізде жүріп жатқан қаптаған ток-шоулар мен даңғаза әуендерден  тұратын эстрадалық концерттер «үлес»  қосуда.
– Мұндай тенденцияны тоқтатудың қандай жолын ұсынасыз?
– Оның ешқандай қиындығы жоқ. Бұл тенденция тоқтатылар еді,  егер ол керек деп табылса. Бірақ,  осындай жөнсіздіктерге тоқтам  салатын мәдениет министрлігі, болмаса руханиятымыздағы белгілі бір тұлғаның табылмай тұрғаны қынжылтады. Қазақтың өнері өнерпазға ғана емес, халыққа, болашақ ұрпаққа қажет қой.
– Өнер жұлдыздары туралы ойыңызды білсек...
– Кез келген халықтың өзіндік ұлттық сипаты, ұлттық болмысы бар. Соның бір көрінісі, ол – халықтың ұлттық өнері. Кезінде тамаша дауысымен әсем әнді әуелеткен Ақан сері, Біржан сал, Мұхиттарды қай қазақ танымайды дейсіз?! Қазақ әнін әлемге паш еткен Әміре, дәстүрлі қазақ әніне дара жол салған Жүсіпбек Елебеков   әлі күнге халық есінде.  Өнер көгінде  жұлдыздай жарқыраған оларды халық төбесіне көтерді. Құрметі мен қошеметін аямады.  Міне, осындай  жампоздарға телінуге тиіс талант деген ерекше категорияны біз «ауылдың алтыауызы» деңгейіндегі әншісымақтарға үлестіріп біттік. Өткенде бір әншінің концерт жүргізушіге «мені жұлдыз деп хабарлауды ұмытып кетпеңіз» дегенін естіп, жағамды ұстадым. Кейде теледидардың төрінен әлі ешкімге белгісіз той бизнесінде жүрген әншінің «талантымның арқасында» деп биіктен сөйлегенін көргенде өзімді жайсыз сезінемін.
–Сіздің домбырамызды әлемдік масштабта ұлықтау жөнінде еліміздің Премьер-министріне жазған ашық хатыңыздан хабардармыз. Ондағы мақсатыңыз не еді?
– Иә, бабаларымыздың қалдырған асыл мұрасы – домбыраның  орны бөлек. Ықылым заманнан бері ғажайып аспап ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Әрине, ежелгі әуен-саздарымыз домбырадан басқа, қобыз, сыбызғы, жетіген, сазсырнай, шертер сияқты аспаптар арқылы жетіп отырды. Бірақ тыңдаушыға етене жақыны, әрбір қазақтың сырласына айналған киелі жәдігеріміз-домбыра екені белгілі. Халқымыздың барлық тыныс-тіршілігі, мұң-шері, асыл арманы қара домбыраның шанағында қатталған. Тілмен жеткізу  мүмкін емес жағдаяттарды күймен баяндау үрдісі  болғанын тарих қатпарларынан кездестіресіз. Осы орайда, елімізде мемлекеттік домбырашылар ансамблін құру арқылы киелі жәдігерімізді әлемге бренд ретінде насихаттау идеясы осыдан 10 жыл бұрын келген еді. Неге Премьер- министрдің алдына мәселе етіп қоймасқа? Мұндағы мақсат ешбір ұлтта жоқ күй жанрын біртекті домбырадан тұратын ансамбль арқылы әлемге насихаттау. Өйткені, домбыра - күй аспабы. Бұл ойымды өзімнің ұстазым домбырашы-дирижер, профессор Өтеген Ғұбайдуллинге айтқанымда ол кісі бірден қолдады. Содан ашық хаттың мәтінін дайындап, ұстазым екеуміз «Егемен Қазақстан» және «Жас алаш» газеттері арқылы Премьер- министр мен мәдениет министріне ашық хат жолдадық. Бірақ хатымыз тиісті жерлердің назарына іліккен-ілікпегені белгісіз. Дегенмен ғаламторда пікір айтушылар болмай қалған жоқ. Өткен жылы қазақтың  күй жанры мен киіз үйіміз  ЮНЕСКО-ның Адамзаттық құндылықтар тізіміне  енгеніне  хабардармыз.
– Домбыраны  «дэкко» жанрында ойнатуға қалай қарайсыз?
– Қазақ елінің тарихында домбыраны тұңғыш рет эстрадалық-симфониялық оркестрге қосып ойнаған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, марқұм Рахым Тәжібаев болатын. Кейін бұл үрдісті Асылбек Еңсепов, «Ұлытау» тобы жалғастырды. Бұл топ пен Асылбектің орындауында күйлеріміздің музыкалық мәтіні сақталып,  өзге де аспаптардың сүйемелдеуімен тыңдаушыға ұсынылды. Ал, соңғы кездері электронды домбыралардағы күй орындау үрдісін қолдамаймын. Өнерді бұлай төмендетуге болмайды. Өйткені домбыраның тембрі, өзіндік бояуы тыңдаушыға жетпейді. Домбыра күй аспабы болғандықтан күйлерді  төл аспапта  ойнағанға не жетсін?!  
– Өнерге қалай келдіңіз?
– Мен Отырар төбесінің баурайындағы Талапты ауылында туып өстім. Ол кездері ауылға концерт, кино айына-жылына бір келетін. Ал, әртістердің келуі ауыл  үшін мереке болатын. Сондағы әнші, күйшілердің  өнері керемет баурап алушы еді. Әкем Қалтай агроном болса да, әдебиет пен музыкаға жаны құмар жан еді. Ол кісі музыкалық аспапта ойнамаса да, халық музыкасын беріле тыңдайтын. Анамыз Қыздаркүл де  ән-күй десе ішкен асын жерге қоятын. Ал ағам Нұрлан Самарқандта институтта оқып жүріп, домбыра-гитара үйреніп келгені есімде. Міне осының бәрінің маған ықпалы болмай қалған жоқ. Сөйтіп өз бетімше домбыра, гитара  үйрене бастадым. 4 сыныптан кейін Шымкенттегі №12 мектеп-интернатта оқуымды жалғастырып, үрмелі оркестрде трубада, сонымен қатар, халық аспаптары оркестрінде домбырада ойнадым. Мұндағы музыкаға баулыған ұстаздарым Санаққали Байжұманов және Сыдық Әбубәкіров болды. Мектеп бітірген соң арман қуып, Алматыдағы Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің домбыра сыныбына оқуға түстім.  Қазақ еліндегі домбыраны кәсіби тұрғыдан зерттеп меңгерудің көшбасшысының бірі,  профессор Құбыш Мұхитовтан дәріс алдым. Кейін Әл-Фараби атындағы мәдениет және өнер институтында оқуымды жалғастырдым.
– Өзіңіз қызмет ететін  Жамал  Омарова атындағы №1 балалар  саз мектебінің жай-күйі қалай?
– Мектебіміздің 73 жылдық тарихы бар. Қазіргі таңда мұнда 750-ден астам оқушы 18 түрлі музыкалық аспап бойынша білім алады. Мектептің спецификалық ерекшеліктеріне байланысты әрбір оқушымен бір мұғалім жеке дара сабақ өтеді. Сондай-ақ, әр тоқсан сайын шәкірттер емтихан-сынақ тапсырып отырады. Мектебімізді бітірген түлектер  еліміздің, қала берді ТМД мен шет мемлекеттерде өнер-білім ұяларында жемісті қызмет етіп жүр. Бүгіндері  Оңтүстікте жаңа мәдениет ошақтары, білім ұялары  көбейіп келеді. Қаншама балабақшалар, жалпы  білім беретін мектептер салынды. Ал, еліміздегі үшінші қалаға айналғалы отырған Шымқалада  неге дарынды балаларға арналған мамандандырылған музыкалық  мектеп-интернат  ашпасқа?! Бұл ұсынысты кезінде облыс әкіміне ашық хатта жолдаған болатынмын. Егер осындай білім ұясы салынатын болса, ауылдардағы  өнерге талпынған қарадомалақтарымызға  кең жол ашылар еді.
– Сіздің  ұстаздықпен қатар түрлі тақырыптарда қалам тербеп жүретініңізді білеміз. Жазуға деген қызығушылық қалай қалыптасты?
– Әрбір азаматты қоғамдағы болып жататын құбылыстар бейжай қалдырмаса керек.  Осы орайда, руханиятымыздағы, өнер, білім саласындағы мәселелер мені де көптеген ойларға жетелейді. Сондай сәттерде лықсып келген ойларымды сирек болса да қағаз бетіне түсіріп отыратыным бар.  Бірқатар дүниелерім облыстық, республикалық басылымдарда аракідік болса да жарияланып тұрады.  
– Болашақта жобаңыздың жалғасын көре аламыз ба?
–  Біздің мақсатымыз – мұны Қазақ елінде «Бабалар аманаты» деген форматпен жоба ретінде қалыптастыру. Ол үшін бір ізге түсіріп, жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Атап айтқанда, мұны барлық облыс орталықтарында, сондай-ақ, Елордада өтуіне, мүмкіндік болса, өнерге сусап отырған Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Иран, Түркіменстан, Түркия сияқты мемлекеттердегі  қандастарымызға  көрсетсек, қанекей!  Бірақ бұл жұмыстарды түгел атқару үшін қомақты қаражат керек. Алдағы уақытта  жобаның аяғынан тұруы үшін  ұлттық өнерге жанашыр  азаматтар қолдау көрсетеді деген ойдамын.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.