Асқақ Астана... Сырлы әндер... Избранное

Пятница, 10 Июль 2015 06:19 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 6245 раз

Биыл Отанымыздың жүрегі, күллі қазақтың күретамырына айналған – Астана қаласына – 17 жыл толды. Дәулеті тасып, сәулеті асқан сұлу қала халқымыздың мақтанышына айналды. Сондықтан бұл мерекені жұртшылық жыл сайын үлкен қуанышпен атап өтеді.


 DSC0666

Бұл жолы да облыстық әкімшілік-іскерлік орталығының алаңына халық көп жиналды. «Ел жүрегі – Астана» атты жергілікті өнерпаздардың концертін тамашалады. Кешке жиналған көрерменнің қарасы қалың. Бәрінің көздерінен қуаныш, көңілдерінен шаттық еседі. Мерекенің дәстүрлі үрдіске айналғанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Облыс әкімінің орынбасары Е. Айтаханов қала тұрғындарын Астана күнімен құттықтады.

 DSC0796– Астана Елбасымыз Н. Назарбаевтың  көреген саясаты,  ерен еңбегі мен теңдесіз қабілетінің арқасында бой көтергені баршаға аян. Сондықтан да Елорда атауы Елбасы есімімен тығыз байланысты. Ұлық мерекелер қатарында Астана күнінің шоқтығы биік. Астана – әлемнің үздік астанасы болу үшін алдына нақты міндеттер мен мақсаттар қойды. Сәулеті мен дәулеті асқан келбетті қала  өз мақсаттарына жету үшін жұмыс істеп жатыр. Ендеше, баянды болашақтың ордасы болған Астанамыздың мәртебесі биіктей берсін! – деді Е. Айтаханов.
Жылы лебізден соң, жергілікті өнер ұжымдары Астана күніне әннен шашу шашты. Астананың асқақтығы, әсем көркі шартарапқа ән болып қалықтады. Өнерсүйер қауым «Өркен» халық ансамблінің «Аяулы Астана», Қыздар триосының «Нұр Астана» әндерін жылы қабылдады. Ал, эстрада әншісі Асқар Жүнісбековтің сахнаға көтерілетіні хабарланғанда көрермен қошемет көрсетіп, қол соқты. Өнерді өміріне серік еткен, ән әлемінде өз қолтаңбасын қалыптастырған жерлес әншіміз шымкенттіктерге жаңа әндерін тарту етті.  Сондай-ақ, әнші ғана емес, ақын ретінде де елге танымал Төреғали Төрәлі де Астана күніне ыстық ықыласын әндерімен жеткізді.
 Шараның шарықтау шегі – отшашу болды. Қала тұрғындары шат-шадыман. Түнгі аспанда түрлі-түсті отшашулар жарыса атылып жатты.  

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.