Көне мен жаңа үйлесiм тапқан қала

Friday, 23 October 2015 11:52 Written by  Published in Мәдениет Read 5228 times

Шымкентте «Қазына» этно-тарихи кешені ашылды

Жасарып, жаңарып жатқан бүгінгі Шымкент шырайына шырай қосып, құлашын кеңге жаюда. Облыс орталығында құрылыстың қарқыны бәсеңдемей, жаңа нысандар елдің игілігіне беріліп жатыр. Бұл, әрине, көңіл қуантарлық жайт.

kone men jana 43 2

Осы аптада сондай жаңа нысанның бірі – «Наурыз» алаңы маңында орналасқан «Қазына» этно-тарихи кешені пайдалануға берілді. Шаһардың шырайын келтірген көрікті кешеннің салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты Ш.Мырзахметов сөз алып, Үкімет пен Парламент атынан құттықтауларын жеткізді.
Сондай-ақ жиында сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары А.Мырзахметов пен облыс әкімі Б. Атамқұлов осынау этно-мәдени, тарихи ошақтың ашылып отырғандығы рухани құндылықтарымызды дәріптеуде мағынасы терең екендігін ерекше атап өтті.
– Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның алғашқы заманауи урбанистік орталықтары ретінде Астана мен Алматы қалаларымен қатар, Шымкент қаласын да атап көрсеткен болатын. Бұл қалалар халықтың және инвестициялардың шоғырлану орталықтарына айналып, сапалы білім беру, медицина, әлеуметтік-мәдени қызметтер көрсетуі тиіс деген талаптар қойылған. Бұл орайда қаймағы бұзылмаған қазыналы өңірде жаңадан ашылған кешен тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына өз септігін тигізетіні сөзсіз, – деді А. Мырзахметов.
kone men jana 43Мәртебелі меймандар Оңтүстік өңірдегі мәдени нысан Елбасының «Мәңгілік Ел», «Ұлы дала» идеяларымен үндесіп жатқандығына айрықша тоқталды. Сонымен бірге кешен Елбасы тапсырмасымен Шымкент қаласын үшінші мегаполиске айналдыруға да өз үлесін қосатындығына сенім білдірді.
Айта кету керек, тұсауы кесіліп отырған «Қазына» этно-тарихи кешені Шымкент қаласының жалпы аумағы 76,4 гектар жерінде орналасқан. Этносаябақтағы жаяу жүргіншілер аллеясының бойына өңірдегі 27 тарихи-сәулеттік ескерткіштердің макеттері қойылған. Кешеннің құрамында «Бәйдібек» ескерткіші, «Наурыз» алаңы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, «Салт-дәстүр және әдеп-ғұрып» орталығы, «Жайлаукөл» демалыс орны біріктіріліп, бірыңғай сәулеттік ансамбльді құрайды. Саябақтың ортасына диаметрі 21 метрлік түрлі-түсті субұрқақ салынып, оны айнала ротондалар орналасқан. «Жайлаукөлдің» айналасындағы демалыс аймағының көлемі 15 гектарды алып жатыр. Көл жағалауына 4 ротонда, қайық стансасы, автокөлік тұрағы салынып, киіз үйлерден тұратын қазақы ауыл орын алған. Осылайша бұл жер қала тұрғындары мен қонақтары үшін тағы бір заманауи демалыс орнына айналып отыр.
Этно-тарихи кешен аумағында сондай-ақ Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументалды ескерткіш бой түзеді. Биіктігі 15 метрлік монумент қазақ ою-өрнектерімен безендірілген айқасқан қос арканы бедерлейді. Монумент ортасына биіктігі 10 метрлік, ені 8 метрлік пирамида түріндегі композиция қойылған. Пирамиданың қырларына Қазақ хандығының барелъефті композициясы және Тұңғыш Президенттің сөздері бедерленген.
Сонымен бірге ұзындығы 50 метр, биіктігі 8 метрді құрайтын тарихи ескерткіштердің бірі – «Ұлы Жібек жолы» сәулеттік-композициясы. Тоныкөк, Яссауи, Фараби ғасырларынан кейінгі 19-20 ғасырлардағы ғұламаларымыздың өсиет сөздері тасқа қашалып жазылған «Даналар өсиеті» де бар. Бабаларымыздың көптеген ұлағатты, ғибрат аларлықтай тамаша тәлім-тәрбие беретін өсиеттері, ғұлама ойшылдар мен шешен-билерден, ақын-жыраулар мен сал-серілерден мұра, мирас болып қалған парасаты – бүгінгі ұрпаққа өнеге. Олардың даналық болжамы, ғибрат аларлық сөздері мен пайымдаулары бүгінде халықпен қайта қауышып, саябақ төрінен орын алған.
Шаһардың көркін ашып, қала тұрғындары мен қонақтарының демалыс уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін осындай мәдени, этно-тарихи кешендердің бой көтеруі үшінші мегаполис – Шымкенттің қарқынды дамып келе жатқандығының тағы бір айғағы.

C. АЙБАР

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.