Ширек ғасыр ақпарат айдынында Избранное

Понедельник, 07 Декабрь 2015 06:07 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4170 раз

 MG 8662-1

Биыл «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттеріне – 25 жыл! Тарихқа зер салар болсақ, 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап қаланың бас газеттері жарық көре бастады. Ресми басылым сол жылдардағы елең- алаң заманда өз оқырмандарына түрлі тақырыптарда қалам тербеп, халықтың рухын көтеруге зор үлесін қосты. Бүгінгі күнге дейін егіз басылымды бірнеше редакторлар басқарды. Қаншама журналистер осы ұяда қаламын ұштап, түлеп ұшты. Олардың бірқатары қазір облыстық, республикалық басылымдарда еңбек етуде. Әрқайсысының газетке сіңірген еңбегі бар, оған газетіміздің тарихы куә. Олай болса, ширек ғасырдан бері қаланың тыныс-тіршілігін насихаттап келе жатқан қос газеттің өткен тарихына көз жүгіртсек...

Елдiң рухын көтерген газет

2222Газет алғашында жаршы болып шықты. Оның негізін Мәлік Абдуллаев қалаған болатын. Ал 1991 жылдан бастап газет толыққанды басылым болып жарық көрді. Газетті журналист, жазушы Жұмамұрат Тұяқбаев басқарды. Ол бас редактор болған жылдары басылым өркендеп, тек қалаға ғана емес, облысқа да тарайтын таралымы көп газетке айналды. 1993–1998 жылдары «Шымкент келбетi» газетiнiң таралымы 25 мыңды құрағанын мақтанышпен айтамыз. Облыстық ғылыми-әмбебап «Отырар» кітапханасына барып, ондағы мұрағатта сақтаулы басылымды парақтап, газеттің құрылтайшысы және шығарушысы Халық депутаттары қалалық советі мен Қазақстан Компартиясы Шымкент қалалық комитеті болғандығына көз жеткіздік. Газет аптасына бір рет, сенбі күні оқырманға тарап отырған. Алғашқы мекен-жайы сол кездегі Совет көшесі, №20 үйде болатын. Мұнан соң Курнаков және 2015 жылдың мамыр айына дейін Ленин проспектісінде – қазіргі Республика даңғылында орналасты.
Басылымның ең алғашқы санында-ақ, тілшілер өткір сын, көкейтесті мәселелерді көтеріп, түрлі салалардағы жетістіктерді қамтыпты. Мәселен, газеттің алғашқы нөмірін жасауда үлесін қосқандардың бірі – Светлана Есжанова. Ол әлі күнге дейін осы ұжымда, яғни «Панорама Шымкента» газетінде жұмыс істейді. Өткенді есіне алған ол газеттің алғашқы санында-ақ қаланың демографиялық ахуалы туралы, ер азаматтарға қарағанда әйелдердің саны басым болғаны жайлы мақала жазған екен. Бұдан бөлек, редакция ұжымы мектептердегі пара алу, ұрлық оқиғасы секілді мақалалар жарияланыпты. Алғашқы нөмір сол кезде журналистиканың ыстығы мен суығына төзген өз ісінің білгірлерінің арқасында оқырманға жол тартты.
Мұрағатта сақтаулы тұрған «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің 1991 жылғы нөмірлерін парақтай отырып, тарихына қанықтық. 12 қаңтарда шыққан 1 нөмірінде «Оқырмандарға арнау» атты мақалада қайта құру кезеңінде жұмысын бастаған газеттің жаңа жылдан зор үміт күтетіні, сондай-ақ, қалалық газет редакциясының ұжымы өте қиын жағдайда жұмыс істеп отырғаны, оқырмандардың бұл туралы білуі тиістігі айтылған. Газет ұжымы қала халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтауға күш салатынын жеткізіпті. Сонымен қатар, басылымның бірінші бетінде оқырмандарға сүйіншілетіп, жақсы жаңалықтан хабардар еткен. 1990 жылдың 27 желтоқсанында №451 болып, «Шымкент келбеті» қазақ тілінде шығатын газет ретінде Қазақ ССР Баспасөз жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы В.Набоковтың қол қоюымен тіркелген. Шығарушы – Халық депутаттары Шымкент қалалық Советі, Қазақстан Компартиясы қалалық комитеті екендігі туралы жазылған куәлік жарияланыпты. «Биылғы – 1991 жыл «Шымкент келбеті» газеті редакциясы үшін көңіл толтырарлық қуанышты жыл болды. Қазақ ССР Баспасөз жөніндегі мемлекеттік комитеті газетімізге заңды №451 тіркеу куәлігін берді. Демек, газетіміз екі тілде (орыс және қазақ тілдерінде) жарық көретін ресми газет болды» деп басылым қуанышын оқырмандарымен бөлісіпті.

Газеттiң атын өзгертпек болды

Басылымның бір жылдығына орай, 1991 жылы 6 шілдеде жарық көрген №25 санында мерекелік мақалалар жарияланған. «Басылым аты жарасымды болсын» деген тақырыппен Қуандық Тұрдалиннің мақаласы шыққан. Онда «Шымкент келбеті» газетінің атын ауыстыру туралы ұсыныстар жайлы жазылыпты. Қысқаша келтіре кетсек. «...Төтесін айтқанда қалалық, «Шымкент келбеті» газетін бұдан былай «Қошқарата сәулесі» деп атасақ қалай болар? Алдын ала айта кету керек, «Шымкент келбеті» болып шығатын бұл газетіміз аз уақыттың ішінде оқырмандардың жүрегінен терең орын алып, әсіресе, жастарымыздың құмарта оқитын басылымына айналып алды... «Келбет» деген ұғым тым сырт пішім, үстірт ұғым көрінеді. Оған қоса, Шымкенттен шығатын газетті «Шымкенттің газеті» деу еш жаңа ұғым бермеумен бірдей. Керісінше, «Қошқарата сәулесі» ұғымы бейне бір жанды құбылыс сияқты емес пе? Оның есесіне «Қошқарата» өзені барша ұлттарға ортақ табиғи байлық екені анық қой», – дей келе мақала соңында оқырмандар өз пікірлерін ортаға салып, бәлкім бұдан да басқа ат қоюға атсалысар деген оймен аяқтаған. Бірақ бүгінгі күнге дейін қаланың бас газеті өзінің атауын өзгертпей-ақ, сұранысқа ие. Газет аты да өзіне жарасымды екенін уақыт төреші дәлелдеді.

Ұлттық мүдде үнемi назарда

90 жылдары газет беттерінде естеліктер, әдебиет және өнер, шетел әдебиеті, деректі әңгімелер, очерктер, ақындардың өлеңдері жиі жарияланып тұратын. «Шешендік сөздер мектебі», «Ел аузынан», «Журналист мінбері» секілді көптеген айдарлар оқырманның талғамынан шықты. 90 жылдардағы «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен қиын-қыстау заманда, тоқырау жылдары газетіміз халықтың рухани дағдарысқа ұшырауына жол бермеуге барынша тырысты. Әсіресе, «бетің бар, жүзің бар» демей, сыни материалдар жиі жарияланған екен. Сөзіміз дәлелді болсын. 1991 жылы 1маусымда жарық көрген санында «Баламызды қазақша оқыта аламыз ба?» және «Ұлттық мәдениетіміздің көкейкесті мәселелері» деген мақалалар менмұндалап тұр. Бұдан бөлек, «Сусыз өмір...Көнбіс өмір...Қалған көңіл...» деген материалда «Қазығұрт» шағынауданындағы өзекті мәселе жазылған. Онда қазығұрттықтардың тұрмысына басшылар тарапынан тиісті дәрежеде көңіл бөлінбей келгені, халық жағдайын жақсартатындай өзгерістердің алға басуы тасбақа аяңнан аспағаны, талай есіктің қағылып, арыз-шағымдардың жазылғаны жайлы өткір баяндалған. Тіл мәселесіне қатысты өзекті материалдар саны аз болмады. «Шымкент келбеті» газетінің арнаулы тілшісі О.Бекболатов «Тұйықтан шығар жол қайда?...» деген мақаласында тіл тағдырына алаңдаушылығын жеткізген. Сонымен қатар, «Қазақ тілі қоғамын» қатаң сынға алды. Қазақ тіліне деген немқұрайлы көзқарас мәселесі көтерілген. «Қаладағы саңырау-мылқаулар мектебінде 260 оқушының 200-і өзіміздің қаракөздеріміз. Өкінішке қарай, бұлар тек қана орыс тілінде оқиды. Байқап қарасақ, бұл мектептегі 57 мұғалімнің 47-сі қазақ тілін білмейді екен. Қалалық оқу бөлімі бұл жәйтті тез арада реттемесе болмайды, – деді Абай аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Ү.Қарасаев», – делінген мақалада. Айта кетейік, ол кезде облыстық партия комитеті идеология бөлімінің меңгерушісі Оразкүл Асанғазиева болатын. Әйелдер қап арқалап, бала тәрбиесіне көңіл бөле алмай, күнкөрістің қамын күйттеп жүрген шақта, газеті қыз тәрбиесіне қатысты мәселелерді де жиі көтеретін болған. Мысалы, «Айсәуле» қыз-келіншектерге арналған ғибрат клубы болды. Бертін келе «Ақ отау» айдарында нәзік жандыларға арналған талай кеңестер жарық көрді.

Сыни мақалалар үшiн тiлшiлердi сотқа сүйредi

Әділдікті ту еткен газет ұжымының басшысы Ж.Тұяқбаев журналистерге тек шындықты жазуға кеңес берген. Сыни мақалалардан соң, газет ұжымы соттың жиі «қонағына» айналды. Ақпарат шынайы болғандықтан, көп ретте тілшілер жеңіске жететін. Сол жылдарда облыстық телеарнада журналист болған Ерсұлтан Әмірбек былай деп есіне алады: «90 жылдардың аяқ шені еді. Басылымның батыл бас редакторы
Жұмамұрат Тұяқбаев ағамыз Шымкентте бензин сатқызып, пайда тауып жүрген пысықай шенеуніктер мен қызылжағалы «крышаларын» ашық сынады. Сыналғандар журналистерді сотқа сүйреледі. Сол кездегі бастығым Байдулла Қонысбек қолдау білдірейік деп мені соттан репортаж беруге жіберетін. Айларға созылған сот Жұмамұрат ағамыздың жеңісімен аяқталды».
Әр жылдары газетті басқарып, оның өркендеуіне үлес қосқан редакторлар туралы айтсақ.
«Шымкент келбетi» газетiн Қайырғали Медет, Анар Бәкiрова, Дәрменбай Шәрiп, Захардин Қыстаубаев, Жеңiс Баһадүр, Балтабек Түйетаев, Жарқынбек Төлтебай басқарды. Ал бүгінде қос газетті ұстанымы нық бас редактор Айгүл Жарылқасынқызы Қапбарова басқарып отыр.
Қос басылымның қызықты шығып, оқырманның үзбей оқуына атсалысқан тілшілерді бүгінде ел таниды. Олар – Атанбек Наурыз, Ләззат Ноғайбаева, Нұрлан Кенжеғұлов, Бекзаттар Дiнәсiлов, Сабырбек Олжабай, Айгүл Мамыт, Жәмила Мамырәлi, Оралхан Дәуiт, Ғалымжан Елшiбай, Шадияр Молдабек, Мәди Манатбек, Гүлжамал
Мұсаева суретшi Суат Бегманов, фототiлшi Әбдуәлi Розметов, Фарида Шарафутдинова, Әлия Еңсебаева, Райхан Ақбердиева, Галина Хан, Ольга Каплина.
Қазір «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінде қаламы жүйрік, жалындаған жастардың қатары басым. Ізденімпаз тілшілердің арқасында газет оқырмандары әлі талай қызықты да, көкейкесті мақалалардың куәсі болары даусыз.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.