ШЫМКЕНТ «ЖАСТАР ТЕАТРЫН» АНШЛАГПЕН ҚАРСЫ АЛДЫ Избранное

Среда, 16 Март 2022 04:26 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2363 раз

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Жастар театры» гастрольдік сапарын Шымкент қаласынан бастады. Өнер ұжымы 10-14 наурыз аралығында шымкенттік көрермендерімен қауышып, театр сүйер қауымның назарына 5 бірдей қойылым ұсынды. Гастрольдік сапар театрдың 15 жылдығына орай басталып отыр.

509

 

Гастрольдік сапардың алғашқы күні Ғ.Мүсіреповтің «Жібек» спектаклімен шымылдығын түрді. Ғасырды ғасырға жалғаған жауһар жыр «Жастар театры» сахнасында өзгеше формада, мюзикл жанрында ұсынылды. Мюзиклде негізінен жастардың сыры мен мұңы, арманы мен мұраты, ең бастысы, кіршіксіз махаббаты ерекше суреттелген.
Театрсүйер қауымға 11 наурызда жерлесіміз, драматург С.Қасымбектің «Лифт» психологиялық драмасы ұсынылып, 12 наурызда Қ.Жүнісовтің «Пранк махаббат» комедиясы Дәурен Серғазиннің режиссерлігімен сахналанды. Жатақхана ішіндегі жастардың іс-әрекетін, кереғар қылықтарын әзілмен сипаттайтын қойылымның екі көрсетілімі де аншлагпен өтті. Ал 13 наурыз күні театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер Н.Жақыпбайдың «Жанарымдағы жалғыз әуен» қойылымы сахналанды. Музыка тілі арқылы сезім күйін шертер қойылым шымкенттік көрермендерін бей-жай қалдырмады. Хор орындаушылары аспаптардың сүйемелдеуінсіз, халық әндерінен заманауи әуендерге дейін акапелла түрінде орындап, әр көрерменнің жүрегіне әуенмен жол сала білді.
Сапардың соңғы күні У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясымен қортындыланды. Театрдың көркемдік жетекшісі, қоюшы режиссер Н.Жақыпбай «Асауға тұсау» арқылы асау қызды ауыздықтау емес, кіршіксіз махаббатты шынайы түсінуден тұратын ерлі-зайыптылар арасындағы адал достықты ерекше сахналанған. Сөзі өткір, өр мінезді Петруччио мен тапқыр, әрі ақылды тентек Катарина екеуінің әзілді қақтығыстары қыз бен жігіт айтысындай өте тартымды шыққан.
«Асауға тұсау» қойылымынан соң Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Б.Нарымбетов театр ұжымына ізгі тілектерін білдіріп, қойылымнан алған әсерлерін бөлісті. Театрдың көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері Н.Жақыпбайдың мерейлі 75 жасқа толуымен құттықтап, Шымкент қаласы әкімінің атынан шапан жауып, құрмет көрсетті.
— Жыл сайын гастрольдік сапарымызды Алматы қаласынан бастаушы едік. Биыл театр сүйер қауымның шақыруымен, Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен шырайлы Шымкенттен бастау алды. Бізді құшақ жая қарсы алған мегаполис тұрғындарына алғысымыз шексіз. Сіздердің ықылас, ілтипаттарыңыз мына бүгінгі лық толы залдан, үздіксіз қошеметтеріңізден көрініп тұр, – деді «Жастар театрының» көркемдік жетекшісі Н.Жақыпбай.
«Жастар театрының» тұрақты көрермені, жанкүйері Әйгерім Бегімбет өзінің ойымен бөлісті.
— Осыдан 10-11 жыл бұрын «Жастар театрының» өнерін, ең алғаш, «Ревизор» спектаклі арқылы тамашалаған едім. Кейін «Асауға тұсауды» көрдім. Әр қойылымды көрген сайын театр өнерпаздарына деген құрметім артпаса, кеміген емес. Себебі, «Жастар театрының» әртістері сахнада рөлдерді сомдамайды, өмір сүреді. Бірде досыма «астананың суықтығына қарамастан театр үшін көшер едім» деген едім. Ол кезде «Жастар театрының» фотографы болсам дейтін арманым болатын, – дейді Ә.Бегімбет.
Театрдың гастрольдік сапары 15-16 наурыз күндері еліміздің рухани астанасы — Түркістан қаласында жалғасты. Ендігі бағыт Қызылорда, Тараз қалалары болмақ.
Айта кетейік, театрдың құрылғанына небәрі 15 жыл толса да қоржынында 50-ден астам қойылымы бар. Оның 13-і халықаралық, республикалық фестивальдерде гран-при жүлдесін иеленсе, 12-сі үздік қойылым деп танылған.