Нұрқанат ЖАҚЫПБАЙ, «Жастар театрының» көркемдік жетекшісі, режиссер: «Мен өзімді де, оларды да аямаймын» Избранное

Среда, 16 Март 2022 04:27 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2742 раз

Сан қырлылығымен, жаңашылдығымен қазақ театр өнерінде өзіндік орнын айшықтаған, жас та болса жасампаз өнер ордаларының бірі — «Жастар театры» 10-14 наурыз аралығында Шымкентке гастрольдік сапармен келді. Шымкенттіктердің ыстық ықыласына бөленіп, көрерменнің көзайымына айналды. Ал бұл еңбектің басым бөлігі театрдың көркемдік жетекшісі әрі бас режиссеріне тиесілі екені анық. Осы сапар барысында театрдың негізін қалаушы, режиссер, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат ЖАҚЫПБАЙМЕН аз-кем сұхбаттасудың сәті түскен еді.

508

 

— Аға, әңгімені бүгінгі гастрольдік сапарларыңыздан бастасақ. Пандемия кезінде көптеген өнер ордасы есігіне құлып салуға мәжбүр болды. Ал бүгінде эпидахуал тұрақталып, өнер ұжымдарының гастрольдік сапарлар басталғанына қуаныштымыз. Іс-сапарды Оңтүстік өңірінен, оның ішінде Шымкент қаласынан бастаудың себебіне тоқталсаңыз.

— Биыл «Жастар театрының» өнер әлеміндегі қадамына 15 жыл толып отыр. Өздеріңізге белгілі, театр ұжымдары әр көктем сайын гастрольге шығады. Біз 15 жылдыққа арналған сапарымызды жылы аймақтан, Шымкенттен бастауды жөн көрдік. Елордаға, солтүстік аймаққа көктем кеш келеді. Тіптен, көк мамыр, маусым айларында көрініп, көтеріле бастайды. Ертеде көшпелі қазақ халқы қыстан аман шыққан соң жылы, жайлы аймаққа көшіп отырған ғой. Сапарымызды үшінші мегаполистен бастауымыздың тағы бір себебі — театр сүйер шымкенттік көрермендердің шақыруы. Қыс бойы театрға, әлеуметтік желіге хат жолдап, «Шымкентке қашан келесіздер?» деп сұрап жатты. Сондай-ақ, Шымкент қаласының әкімдігі, қалалық мәдениет басқармасындағы азаматтар Наурыз мерекесі қарсаңында он күндік іс-шаралар ұйымдастырылып жатқанын айтып, бізді мерекеге орай арнайы шақырды. Міне, шымкенттік көрермендердің, қала басшылығының шақыруын ыстық ықыласпен қабылдап, келіп қалдық.

— Театр әртістерінің басым бөлігі өзіңіздің шәкірттеріңіз. Актерлердің бойынан қандай қасиеттерді іздейсіз?

 

510

— Актер бесаспап болуы керек. Алпысыншы, сексенінші, екі мыңыншы жылдары баяу қимылдаған болсақ, қазіргі көрермен оны қабылдамайды. Себебі, заман да, талғам да өзгерді. Тоқсаныншы жылдары туған балалар әлемдік деңгейде білім алып жүр. Бізде кенже қалған, жоқ дүниелерді көріп келеді. Шетелге шықпаса да, ғаламтор арқылы барлық ақпарат қолжетімді. Көзі қарақты оқырман, көрермендер бұрынғы баяулықты қабылдамайды. Міне, көрерменнің қалауын беру үшін осындай театр құрдық. Ол үшін бесаспап, жан-жақты мамандар керек болды. Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясындағы шеберханамда әмбебап мамандарды тәрбиелеуге тырыстым. Бүгінде театр актерлерінің 98 пайызы өзімнің шәкірттерім. Әр төрт жылда қанаттанып шыққан түлектермен шығармашылық құрамды толықтырып отырамыз.
Ертеректе аталарымыз «санасыз» деген сөзді естіртпе деуші еді. Қарап отырсақ, «санасыз» деген – өте ауыр сөз. Ұрпақ санасыз болса, ұлттың дамуы, өсуі неғайбыл. Қаңтар оқиғасы кезінде елдің тәрбиені босаңсытып алғаны көрінді. Арандатушылар, террористер делік. Дегенмен, арасында өзінің материалдық жағдайын, кедейлігін кемістік санап, іштей ызаланып жүргендер де болды. Олар да өзіміздің балалар ғой. Іштей ызаланып жүргендер бұзақылықты, ұрлықты әдейі істеді деп ойламаймын. Арандатушылар хаос тудыру үшін жан-жақты қиратып жатқанда, эмоциямен еріп кете берді. Өзінде жоқ дүниелік бұйымдарға оңай, бірақ лас жолмен қол жеткізгісі келді. Антагонизм пайда болды.
Театрдың өзіндік миссиясы бар. Ол — ұрпақтың бойына руханияттың, ізгіліктің дәнін себу. Бүгін театрға көзі ашық, көкірегі ояу, білімді екі азамат келсе, келесі қойылымға ол төртеу болып келуі мүмкін. Ары қарай режиссер түрлі формаларды тауып, актер рөлін нанымды етіп жан-тәнімен сомдап, бесаспап болып жатса, көрерменнің көбейетіні анық. Сол кезде театр қоғамдағы балансты ұстап тұрады. Мәселен, гастрольдің алғашқы күнінде зал толмады. Бірақ, алғашқы күнгі көрермен өз жанына керегін алған соң, келесі күні досын, ағайынын, туысын хабардар етті. Міне, бүгін, өзіңіз көріп отырғандай, аншлаг болды. Мен мұны мақтану үшін емес, еңбегіміздің ақталғанын көрсету үшін айтып отырмын. Яғни, мен шәкірттерімнің бойынан өзінің кәсібіне деген адалдықты, махаббатты, жанкештілікті көргім келеді. Солай тәрбиелеп те жүрмін.

— Сіздің режиссерлігіңізбен қойылған қойылымдардың негізгі ерекшелігі – әуезді әнмен көркемделуінде. Яғни, мюзикл жанрын қазақ театрлары арасында ең жиі қолданатын да өзіңіз...

— Мен ешбір қойылымды музыкасыз сахналамаймын. Бір тақырыпты ойланғанда-ақ көкірегімді күй тербей бастайды. Сахнада 2-3 беттік мәтінді оқығаннан гөрі сол мазмұнды жүрекке жеткізетін кішкентай ғана әуен іздеймін. Бет-бет мәтінді оқып, көрерменге ақыл айтып, жалықтырудың қажеті жоқ. Әуенді бәрі түсінеді. Мәселен, жаның қиналғанда, тығырыққа тірелгенде әуен тыңдай қойсаң, ойың да, көзқарасың да өзгеріп жатады. Ол 2-3 минуттық туынды болса да сенің тағдырыңның өзгеруіне, ойыңның тазарып, жаңа деммен өмір сүруіңе леп береді. Көп сөзді спектакльдерді ұната бермеймін. Керекті-керексіз қара сөзді көрерменге тықпалай берсең, олар жериді. Одан гөрі қара сөздің ішіндегі мәйегін алып, әуенмен көркемдесеңіз, тезірек жетеді. Біздің театрда хор бар. Хор каппеласын орындату үшін біршама уақыт айқастым. Неге менің әртістерім хор орындамауы керек? Хор әртістерді ұқыптылыққа тәрбиелейді. Хорда 40 адам болса, ән бірнеше партияға, 10-12, 8,4 дауысқа бөлінеді. Бір әртіс өзінің даусынан бөлек, 15 дауысты ести алуы, соған өзі қосылып, гармония беруі тиіс. Концертке барғанда да бір ғана аспаптың әуенін емес, домбыраны, симфониялық оркестрді де тыңдайсыз ғой. Түрлі әуен тыңдаған сайын адамның көңілі сергиді. Ол адамның жақсылыққа ұмтылуына әсер етеді.

511

 

— Сұхбаттарыңыздың бірінде «Жастар театрының әртістері тойға шықпайды, таңнан кешке дейін театр қабырғасында рөлін пысықтайды, шынығады. Әртістерімді өзгелер «Нұрқанаттың зомбилері» деп те атап жатады» деген екенсіз. Ал театр актерлерінің киноға түсуі жайында не айтасыз?

— Шәкірттерімнің киноға түсуіне, танылуына ешқашан қарсылық білдірген емеспін. Бірақ, айтары жоқ, бірін-бірі қайталайтын арзан фильм, сериалдарға түскенін қаламаймын. Сол үшін киноға шақыру алса, «Режиссері кім? Қандай фильмдері бар? Фильм не туралы?» деп анықтап, сапасына мән беремін. Тіптен, сценарийін алып, оқып көремін. Саралап, бағдарлап барып жіберемін. Себебі, ол менің шәкіртім, менің актерім. Ол таза болуы керек. Бұзылмауы керек. Ертең ол кинодан қайтып келгенде ұжымдағы қалған 40 актермен жұмыс істейді. Олардың да ойын бұзбауы тиіс. Ұжым «Бір құмалақ бір қарын майды бүлдіреді» дегеннің кейпін кимеуі керек. Шәкірттерім де менің талабыма түсіністікпен қарайды. Яғни, мен олардың өнерге тән тазалықты сақтап қалғанын қалаймын.

— Театр 15 жылда Қазақстанның ғана ішінде танылып қоймай, әлем елдерінің сахналарында өнер көрсетіп үлгерді. Бұл жетістік талаптың күштілігінен бе, әлде жетістікке жетудің өзге де сыры бар ма?

— Иә, талапшылмын. Мен өзімді де, оларды да аямаймын. Өнерге тазалық керек. Өнерге деген сүйіспеншілік, махаббат мәңгілік болуы тиіс. Көрерменнің бір күндік қошеметі, ду қол шапалағына масайрамауды үйретіп келемін. Себебі, біреу аяп, біреу шын риза болып, енді бірі бүгін ғана ұнатып қошеметтеген шығар. Ертең басқа пікір айтуы мүмкін. Кейде көрерменнің үнсіз қалатын сәті болады. Бізге керегі осы! Қойылым барысында көрерменнің жанарына көзің түсіп кетсе, көзіне жас алғанын, қиялдың жетегінде кеткенін байқайсың. Міне, осы тазалық сақталуы керек.
Өмірі мен өнерін бөліп қарамауға үйретемін. «Сендердің бақыттарың осы сахнада, осы кәсібіңде. Ел сені сахна арқылы таныды. Сахна киесіне адал бол!» деп айтып отырамын.

— Сіздің режиссураға тәрбиелеп жүрген шәкірттеріңіз бар ма?

— Менің режиссураға тәрбиелеп жүрген шәкіртім жоқ. Ертең көзім кеткен соң, театрым не болар екен деп ойланатын кездерім де бар. Бірақ, режиссер тәрбиелеу үшін мемлекеттің қолдауы, қаржысы болу керек. Мектеп құру жолында қағазбастылықты, тағысын тағы кездесетін түрлі кедергілерді ойланамын. Оның барлығына жүгіру үшін уақыт керек. Біреуі 1 ай, екіншісі 1 жыл күтіңіз дейді. Ал өмір күтіп тұрмайды.
Жалпы өнерге келіп жатқан жас режиссерлер бар. Дейтұрғанмен, олардың заманауи қойылым сахналағанда жіберетін үлкен қателігінен көңілім құлазиды. Кейбіреуінің ойынша, заманауи деген ұғым Айман мен Шолпанға «современный» киім кигізіп, шалбарлап қою. Жоооқ, бұлай қателесуге болмайды. Мысалы, «Жібек» мюзиклі — заманауи қойылым. Қазақтың ұлттық киімдерімен, сол уақыттың атмосферасымен-ақ заманауи қойылым шығардық. Ол үшін режиссер спектакльдің формасын ойлап табуы керек.
Тағы бір қынжылатын дүние — заманауи етеміз деп, сахнаға келмейтін анайы, тұрпайы әрекеттерді қолданады. Ол — ұят. Бұлай кете берсек, қазақы тәрбие қайда қалады? Әрине, ақпаратты саралап қабылдайтын қоғам болса, біртіндеп жаманнан жиренуі мүмкін. Дегенмен, бұл ұлттық кодқа, қазақы болмысқа әсер етуі бек мүмкін. Ал біз осы ұлттық болмысымызды сақтап қалу үшін еңбек етуіміз керек.

— Премьера туралы әңгіме қозғағанда драматургтер туралы еріксіз айтуға тура келеді. Бүгінде заман талабы, көрермен танымына лайықты туынды жазып жүрген драматургтер бар ма?

— Керемет пьеса жазылып жатса, біздер, режиссерлар таласып сахналайтын едік. Жазылып жатқан дүниелер бар, бірақ...
Шамамның келгенінше бұрынғы оқыған дүниелерді ыңғайлап, жаңа формада, бүгінгі көрермен қабылдайтындай етіп ұсынамын. Ілияс Есенберлиннің өткен ғасырдың елуінші жылдары жазылған «Ғашықтар» романын ұзақ уақыт ойланып жүріп, жуырда ел астанасында премьерасын өткіздік. Дәл осы қойылымды жастар жылы қабылдады. Оларға ой салды. Көбіне Оралхан Бөкей, Шыңғыс Айтматовтың прозаларын да қарап жүремін. Ұмытылып кеткен поэмаларды іздеймін. Біріктіремін. Автордың көзі тірі болса, хабарласып «кейіпкердің сөзін өз тіліңмен былай өзгертіп берсең» деп өтініш айтып, бейімдеймін. Кез келген шығармадан бүгінгі қоғамда да өзектілігін жоймаған проблеманы табуға болады.

— Яғни, бұл мәселелер бүгінгі қазақ театрларының басты проблемасына айналып отыр ғой...

— Алдыңғы екі жауабымды толықтырып өтейін. Қазақ театрларының ең үлкен проблемасы — режиссер. Режиссерсіз театр болмайды. Театр дегеніміз — сәулеті мықты ғимарат емес, оның ішіндегі шығармашылық ұжым. Яғни, театрдың директоры да, актері де жақсы болуы мүмкін. Бірақ, режиссерсыз ол театр бола алмайды.
Екінші проблема — драматургтер керек. Сахна арқылы өмірден баз кешкен көрерменнің өзін ойынан айнытып, өмірін сақтап қалуға болады. Ертеректе Оралхан Бөкей, Роза Мұқанова, Шыңғыс Айтматов үшеуінің прозасынан бір спектакль шығардым. Қысқаша мазмұны былай – Шыңғыс Айтматовтың шығармасында бас кейіпкердің досы өмірін айдаладағы разъезде өткізіп, бар ғұмырын сол қоғамды дамытуға арнайды. Бақилық болған досын жерлейін десе, барлық жер сатылып кеткен. Осыған Роза Мұқанованың «Ләйлөк» шығармасындағы Ләйлөкті алдым. Оның да баратын жері, тілдесетін адамы жоқ. Аймен ғана сөйлеседі. Оралханның «Жетім ботасында» да бас кейіпкер тілдесетін ешкімі жоқ, теңіз суымен сырласады. Осы үш оқиғаны біріктіріп, спектакль қойдық. Қойылымнан кейін «сізді шақырып жатыр» деген соң шықсам, екі қыз баласы күтіп тұр. Бірі — журналист, екіншісі — көзі жасқа толған көрермен. Көрерменнің көзі ісіп кеткен. Үнсіз бетіме қарап тұр. Көзінен жас парлап жатыр. Бір кезде басын көкірегіме қойды да, жылай берді. Арқасынан қағып, жұбатпақ болдым. Не болғанын сұрадым. «Өмірден түңіліп, өмір сүргім келмей жүрген еді. Мына қойылымға ойламаған жерден келдім. Бірақ сіз осы спектакль арқылы менің өмірге деген құштарлығымды оятып, оның құнын түсіндірдіңіз. Көзқарасымды, шешімімді өзгерттіңіз. Сіз мені аман алып қалдыңыз» деді. Режиссердің теңіздей төгілген терінің бір өтеуі осы шығар!..

— Әңгімеңізге рақмет!

Последнее изменение Четверг, 17 Март 2022 03:06