Той өткізу мәдениетін жетілдірейік!

Пятница, 21 Ноябрь 2014 04:54 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5545 раз

Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткізілген «дөңгелек үстел»
қатысушыларының облыс тұрғындарына Үндеуі

toiiiiiБіз – «Той өткізу мәдениеті» атты «дөңгелек үстел» мәжілісіне қатысушылар, Оңтүстік Қазақстан облыстық, Шымкент қалалық ардагерлер кеңестерінің, ОҚО әкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы  хатшылығының, ОҚО «Азаматтық альянсы» бірлестігінің, облыстық кәсіподақтар кеңесінің «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының, Шымкент қалалық ішкі саясат, мәдениет бөлімдерінің басшылары мен қызметкерлері, республикалық, облыстық, қалалық БАҚ өкілдері, соғыс және еңбек ардагерлері, өзге де зиялы қауым өкілдері облыс тұрғындарына Үндеу арнап отырмыз.

Құрметті
оңтүстікқазақстандықтар!

Бүкіл байтағымызда, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының қалалары мен аудандарында, кенттері мен ауылдарында тойлар да тойханалар да барған сайын көбейе түсуде. «Той – Құдайдың қазынасы», «Той тойға ұлассын», «Той көріңіздер» деп бата-тілек айтатын қазақ үшін тойлардың мән-маңызы айрықша екені белгілі. Тойдың және той өткізетін орындардың артуы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың жақсарғанын да білдіреді.
Кейінгі жылдары той өткізу мәдениетінде біршама жақсы үрдістер пайда болуда. Ғасырлар бойы халық санынан өтіп, сұрыпталған салт-дәстүрлер жаңашылдықпен үйлесе жалғасын таба бастады. Дастархан мәдениеті биіктеді. Өнерпаздар талғамы өсті.
Өкінішке қарай, тойдың өте-мөте кешігіп басталуы, музыканың құлақты жаратындай қатты қойылуы, театрланған көріністердің дым көп уақыт алуы, шын ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың орнына «сақал байланған», «әртістік кимешектер киген» жасанды жандардың бата беруі, көңілге қона бермейтін қойылымдар қоюы, асабалардың көп сөйлеуі, талғамсыз әңгімелер айтылуы, сөз бергендердің де бірін-бірі қайталап, жаттандылыққа ұрынуы жұртшылықты ығыр етеді. Әлдебір ұлттарға еліктеп, қазаққа жараспайтын рәсімдерді тықпалау, мәселен шырақтар қоршаған торт асату және жанып тұрған отты сөндіру, небір тамақ түрлерінің желінбестен ысырап болуы да қатты ойландырады. Сый-сияпаттар, шапан-шапқыттар, тарту-таралғылар, алтын-күміс, гауһарлар беруде де байлық жарыстыруға тырысушылық секілді даңғойлық өркөкірек өзімшілдік бадырая білініп, кері әсер тудыратыны жасырын емес. Үйлену тойлары алдында жастардың сейіл-серуен құруы, яғни «гулянка» аталатын шарасы да шектен шығып барады. Көше қозғалысына кедергі келтіру, әдепсіздік, тәртіпсіздік орын алуда. Кейбір өңірлерде той басталар-басталмас азық-түлікті қапшықтарға тықпалау сияқты жат әдеттер дендей түсуде. Басқа да кемшіліктер аз емес.

Ардақты ата-әжелер!
Әке-аналар! Үлкенді-кішілі
ұрпақтар! Жастар!

Той өткізуді мәдениетін ұлттық ұлы ұлағаттарға, озық салтдәстүрлерге сай биіктету – баршамыздың парызымыз. Жоғарыда атап көрсетілген кемшіліктерді, басқа да олқылықтарды түзетуге, талғампаздықты, тағылымды арттыруға бір кісідей атсалысайық. «Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай бол!» деген бабаларымыз. Тойлардың түр-түрлерін ұйымдастырып, өткізуде де бірлік пен ынтымақты, мәдени деңгейді атап нығайта түсуге тиіспіз.
Біз баршаңызға осы Үндеуді арнайы отырып, мынадай мәселелерді айрықша атап көрсетеміз:
Ең бастысы, қандай той болса да белгіленген уақытта, кешіктірілмей басталуы керек. Көптеген кемшіліктер тойдың бір, кейде екі-үш сағат кеш басталуына байланысты туындайды. Барлық тойларды тұп-тура көрсетілген сағатта бастауды ұсынамыз. Осыған қол жетсе, той иелері де, жастар да, басқалар да, шақырылғандар да, тойхана қызметкерлері де шаршап-шалдықпайды. Мүмкіндігінше кейбір тойларды, әсіресе тұсаукесер, сүндет тойларды күндіз өткізген жөн деп санаймыз.
Асабаларға талапты күшейте түсу қажет. Облыстық, қалалық, аудандық ішкі саясат, мәдениет басқалары мен бөлімдері, өзге де тиісті мекемлер асабалар оқуларын, курстарын, семинарларын ұйымдастыруы тиіс деп санаймыз.
 Той өткізуге байланысты алуан түрлі сценарийлер, жобалар, ұсыныстар жасап, кітапшалар шығарып, тарату тиісті ұйымдар мен мекемелер, ұлтқа, мәдениетке, өркениетке жанашыр меценаттар тарапынан жан-жақты қолға алынуы керек.
Үйлену тойының алдындағы «гулянка» деп аталатын шараны түбегейлі өзгерту – аса ділгір мәселе. Оны ұлттық салт-дәстүрге сәйкестендіріп, қасиетті орындарға тәу ету, тағзым жасау, гүл қою, т.б. рәсімдерге арнау қажет. Ішімдік ішу, көше қозғалысын бұзу, тағысын тағы жат әрекеттер қатаң айыпталып, жазалану керек.
Бесік той, тұсау кесер, сүндет тойдан басқаларына жас жеткіншектерді апаруға тоқтам салмаса болмайды. Көптеген үйлену тойларында, мерейтойларында жас бүлдіршіндер беталды жүгіріп, алыса ойнап, асабаның да, өзгелердің де мазаларын алатынын білесіздер.
Көршілес кейбір елдерде той туралы заңдар немесе жергілікті өкілетті органдар біткен ережелер қабылданған. Бізде де осы мәселелерді ойластырған абзал деп санаймыз.
Телеарналарда, газеттер мен журналдарда арнайы бағдарламалар мен айдарлар ашып, той мәдениетін биіктету туралы жан-жақты айтылып, жазылып, талқыланып, бәйәдеп өтке тойлар сыналып, өнегелі өткен тойлар насихатталғаны жөн.
Тойларды бірте-бірте спиртті ішімдіктерсіз, сапалы, таза қымыз бен қымырын арқылы өткізген абзал болар еді. Жалпы бәсеке үшін, дақпырт үшін тамақ түрлерін көбейтіп, ысырапқа жол беру – өркениетке де, мәдениетке де, қасиетті Құран талаптары мен ұлттық салт-дәстүге де, қайшы деп, иманды қортындылар шығарар кез жетті.
Той мәдениетіне байланысты тақырыптар облыстағы барлық қалалар мен аудандарда, кенттерде ауылдарда, ардагерлер кеңестерінде, жастар бірлестіктерінде, ұйымдарда, оқу орындарда, мешіттерде, мәдени-көпшілік орындарында талқыланып, озық ойлар мен пікірлер қорытындыланып, тиісті мекемелерге тапсырылса, олар жинақталып,таратылса деген ұсынысымыз бар.
Облыстық ардагерлер кеңесі мен облыс әкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумының хатшылығы біраздан бері барлық аудандар мен қалаларда «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» тақырыбы бойынша алуан түрлікездесулер, сырласулар, талқылаулар өткізіп келеді. Ол жүздесулерде той өткізу мәдениеті де терең қозғалуда. Сайып келгенде, жоғарыда айтылған ұсыныстардың бәрі жүйелі атқарылса, кемшіліктер түзетілсе, қазақ тойының мәдениетін мәністі етуге мүмкіндіктер мейлінше мол екені аян.

Құрметті жерлестер, осы үндеуімізді қызу қолдайды деп сенеміз. Той өткізу мәдениетін жетілдіруге бір кісідей жұмылуға шақырамыз!


Шымкент қаласы  
2014 жылғы қазан айы.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.