Саз колледжiнiң студенттерi – «Шабыттың» жүлдегерi

Пятница, 21 Ноябрь 2014 05:17 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5508 раз

Оңтүстік Қазақстан саз колледжінің хор ұжымы халықаралық «Шабыт» фестивалінен  жүлдемен оралды. XVII  рет өткізілген байқауда өңіріміздің өнерпаздары үшінші орынды иеленді.  Өнер бәсекесінде қатысушылардың талантын Қырғызстанның халық әртісі Мұратбек Бегалы бастаған топ таразылады.

shabyttБиылғы «Шабыт» бұрынғыдан өзгерек болды. Фестиваль бағдарламасы «Ұлттық музыка» және «Камералық хор»  аталымдарымен толықты. Бұл жауқазын жастардың халық алдына шығып, өз өнерін паш етуге мүмкіндік туды. Өнерпаздар додасында жерлестеріміз қазақ әндерін, әлем классиктерінің шығармаларын орындады. Екінші кезеңде 5 бірдей хор сайысқа түсті. Фестивальге қатысушылардың ешқайсысы да осал болмады. Десе де,  хор ұжымы жеңісті қолдан бермеді. Талантты жастардың өнерін халықаралық сайыстың қазылар алқасы  жоғары бағалады.
Хор жетекшісі Жанат Сақыбекованың айтуынша, бұл — үлкен ізденіс пен тынымсыз  еңбектің нәтижесі.
– Біз мұндай жеңісті күткен жоқпыз. Бірақ алдымызға жүлдемен ораламыз деген мақсат қойдық.  Шараға жан-жақты дайындалдық. Шығармаларды бұзбай, байсалды,  байыпты орындалуына мән бердік. Нәтижесінде үшінші орынды жеңіп алдық. Жеңіс ұжымға шексіз шабыт сыйлады,– дейді 4 курс студенті Әсел Анетова.
Бүгінде Оңтүстік Қазақстан саз колледжіндегі хор ұжымында 65 студент бар. Оның 24-і «Шабыт» фестиваліне қатысып отыр. Ұжым жуырда халықаралық сайыстарға  қатысуды жоспарлауда.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.