«Жаңа Қазақстанды құруға әрбір ата - ана үлес қосса»

Понедельник, 26 Декабрь 2022 10:27 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 7971 раз

Қай заманда, қандай қоғамда болсын отбасындағы бала тәрбиесі – аса өзекті мәселелердің бірі. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі адам өміріндегі тәрбиенің негізгі ұйытқысы ата-ана болып қала береді. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген дана халқымыз. Заман ағымына қарай жас ұрпақты көп жағдайда ғаламтор қызықтырып, ұялы телефон тәрбиелеуші құралына айналып бара жатқаны шындық.
«Жұмысбастылықпен көпшілігіміз бала тәрбиесін мектепке, ұстаздарға артып қелеміз. Бірақ отбасы – бала тәрбиесін қалыптастырушы ең алғашқы бесік», - дейді «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент филиалының төрағасы Асқар Досболұлы. Отбасы құндылығының маңыздылығын нығайту, бала тәрбиесі, ата-ананың жауапкершілігін арттыру бойынша қаламызда ұдайы іс-шаралар ұйымдастырып жүрген қоғамдық бірлестіктің басшысымен аз-кем сұхбаттастық.

140

 

–Асқар Досболұлы, бірлестіктің отбасы құндылығы мен бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арттыруда қаламыздағы көптеген іс-шаралар ұйымдастырып жүргенін байқап жүрміз. Бірлестіктің бұл жұмыстарының маңыздылығын атап өтсеңіз?

–Расында, отбасы құндылықтары құлдырап, ұрпақ тәрбиесіндегі орын алып жатқан кемшіліктер бұл бағытқа жаңа қырынан қарауды талап етіп отыр. Халықтың байлығы да, тілегі де – ұрпағы. Сондықтан бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі мен жауапкершілігін арттыру маңызды болып отыр. Біздің мақсат – саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру. Олардың белсенділігін арттыру, бала тәрбиесіндегі рөлін күшейту, отбасы құндылықтарын насихаттауды назарға алдық. Баланың құқығы, білімі, денсаулығы, қауіпсіздігі мәселелерін талқылап, мемлекеттік бастамаларды қолдап, оларды нақты жүзеге асырып келеміз. Жаңа Қазақстанға саналы ата-аналар тіреу болсын деген тілегіміз бар.

141

 

–Бала тәрбиесінде әкенің рөлін арттыру жайын жиі көтеріп жүрсіздер...

–Иә, әкенің жауапкершілігін арттыру – бұл қоғамымызда ең өзекті мәселеге айналып отыр. Осы бағаттағы жұмысты жандандыруға күш салып жатырмыз. Республика бойынша бірлестіктің 18 бөлімшесі бар, ондағы мамандарымыз ата-аналарға, ұстаздарға тәрбие бойынша оқу-әдістемелік құралдарды тегін таратады. Мектеп, колледж, балабақшалармен тығыз жұмыс жасап, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылармен, көп балалы және ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарымен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Мектеп оқушылары арасында үйірмелер, отбасылық спорттық және шығармашылық ойындар, концерттер ұйымдастырсақ, ата-аналар мен ұстаздар арасында бала тәрбиесіне қатысты, баланың өмірінде әкенің маңыздылығын көрсету мақсатында «Толағай» атты әкелер апталығын өткізіп тұрамыз. «Әкелі бала – жаужүрек» тақырыбында тренингтер ұйымдастырылды. Осы жылы Шымкентте «Ата-ана – ұлттың ұясы» атты республикалық ата-аналар форумы өтіп, оған еліміздің барлық аймақтарынан ата-аналар қатысты. Кәсіби психолог, педагогтарды шақырып, өзекті деген мәселелер талқыланды. Сонымен қатар биыл бірлестік Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесіп, «Саналы ұрпақ – ұлт болашағы» атты республикалық тамыз конференциясының өтуіне ұйытқы болды.

–Шымкенттік ата-аналардың белсенділігі қандай?

– «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы үшінші мегаполисте 2022 жылдың наурыз айында ашылды. Шымкент қалалық білім басқармасымен меморандумға отырдық. Осыған орай, қалалық білім басқармасына қарасты мектеп, колледж, балабақшалармен бірлесіп, бірқатар жұмыс атқарылды. Шымкент – салт-дәстүрін ұрпаққа өнеге етіп, ұлттың уығын бекітетін ұрпақты көбейтіп жатқан қаймағы бұзылмаған өңір. Сондықтан мұндағы ата-аналардың белсенділігі жоғары. Десе де, кез келген уақытта көмек сұраған ата-аналарға кеңес беруге даярмыз.

–Асқар мырза, ата-аналарға кітапты тегін үлестірудегі мақсат қандай?

–Кітап- тәрбеи құралы. Кітап – адамның ішкі мәдениетін, рухын, ұлтжандылықты қалыптастыратын негізгі құрал. Сол себепті, бірлестіктің қаржыландыруымен бірнеше құнды кітаптар қайта басылып шықты. Атап айтсақ, Жүсіпбек Аймауытовтың «Психологиясы» мен «Тәрбиеге жетекшісі», Ахмет Байтұрсынұлының «Оян қазақ», «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» кітаптары. Егер әрбір адам кемел болам десе, осы еңбектерді оқуы керек. Жақында Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» кітабын шығардық. Бұл – қазақ қоғамына, ұрпағына саналы тәрбие берем деген әрбір отбасына қажетті еңбектер. Бүгінгі жастарды кітап оқуға ынталандыру – аға буынның алдында тұрған үлкен жауапты міндет.

- Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен,
Салтанат ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.