СОТТАН ТЫС БАНКРОТТЫҚ: жеті рет өлшеп, бір рет кес Избранное

Среда, 29 Март 2023 04:41 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5668 раз

Қаржылық сауатсыздық, жинақталған қымбат несиелер мен мардымсыз табыс кейбір отандастарымыздың қарызға белшесінен батуына себепші болды. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, елде мұндай азаматтардың саны бір миллионға жуықтайды екен. Өзекті мәселенің шешімін табуда өткен жылы Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңға қол қойды. Аталған заң 2023 жылдың 3 наурызынан бастап күшіне енді. Осы тұрғыда борышкерлерді мазалаған сауалдарға заңгер, «Әділдік жолы» РҚБ Шымкент қаласындағы филиалының басшысы Айжан КЕСЕБАЕВА жауап берді.

917

 

–Айжан Өмірзаққызы, банкке қарызын өтей алмай отырған борышкерлерге қойылатын талаптар қандай? Жеке азаматтар өзін қалай банкрот деп жариялай алады?

908


–Елімізде 3 наурыздан бастап банкроттыққа өтініш беру басталды. Шымкент қаласында да бұл бағытта заңгерлерге кеңес сұрап келіп жатқан тұрғындардың қарасы аз емес. Жалпы қазақстандықтар банкроттықтың үш түрін қолдана алады: соттан тыс банкроттық, сотпен банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Ресми ақпаратқа сүйенсек, республикада борышкерлердің 95 пайызы соттан тыс банкроттық процедурасына жатуы мүмкін деген дерек бар. Сондықтан банкроттықтың осы түріне тереңірек тоқталсам. Соттан тыс банкроттық рәсімі бойынша борышкер арыз беруі үшін оның екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарының алдындағы қарызы 1600 АЕК-тен аспауы тиіс. Яғни, қаражаты 5 млн 520 мың теңгеден аспаған жағдайда соттан тыс банкроттық қолданылады. Сонымен қатар, борышкер өтініш берер алдында мына талаптарды ескеруі керек.
-Атында мүлкі болмауы тиіс;
-Өтініш берген күнге дейін 12 ай қарызын төлей алмаған болуы тиіс;
-Берешектің мерзімі өткен күннен бастап 18 айдан аспайтын мерзімде борышкерге қатысты несие шарты бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу жөніндегі рәсімдер жүргізілген болуы;
-өтініш берілген күні 7 жыл бойы банкроттықты қолданбаған болуы қажет.
Соттан тыс банкроттыққа қарыз бойынша 5 жылдан астам уақыт бойы төлем жүргізбеген азаматтар да арыз бере алады. Бірақ оларға жоғарыда көрсетілген талаптар қолданылмайды. Бір ескерте кететін жағдай, алты ай бойы атаулы әлеуметтік көмек алған адамға соңғы он екі ай ішінде төлем жасалмауы қажет деген талап қолданылмайды.

–Өтініш тастауға құжаттар қай мекемеге жолданады?
–Жеке тұлғалар өз өтініштерін кез келген уақытта «E-salyg Azamat», «E-gov» веб-порталы және ХҚКО-ның ақпараттық жүйесі арқылы қалдыра алады. Тиісті құжаттар (арыз, қарыз сомасы көрсетілген кредиторлар тізімі, орындалмаған міндеттемелерді реттеу және өндіріп алу жөніндегі рәсімдердің жүргізілгенін дәлелдейтін құжат көшірмесі) жіберілгеннен кейін 15 жұмыс күні ішінде бас тарту туралы хабарлама келеді немесе бас тартпаған жағдайда 6 ай ішінде банкроттық рәсімі жүргізіледі. Бас тартпаған жағдайда тұлғаға «банкрот» мәртебесі беріледі.

–Соттан тыс банкроттыққа құжат тапсырарда көптеген азаматтарда «орындалмаған міндеттемелерді реттеу және өндіріп алу жөніндегі рәсімдер» туралы сұрақтар туындауда...
–Бұл тұрғыда заңгерлерден де азаматтар көбірек жүгінеді. Негізінде әрбір азамат «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі» заңына сәйкес несиені төлеу мерзімі өткен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарыз алушы – жеке тұлға банкке немесе микроқаржы ұйымына өзінің банктік қарыз шартының талаптарына өзгеріс енгізу туралы жазбаша өтініш беруге құқылы.
Борышкердің өтініші міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге және қаралуға жатады. Өтініште міндетті түрде қарызды төлей алмау себептері көрсетіле отырып, осы жағдайды дәлелдейтін құжаттар қоса тіркелуі тиіс. Яғни, өзінің қаржылық немесе әлеуметтік қиындыққа тап болғанын борышкер өзі дәлелдеп, дәлел құжаттарды ұсынуы керек. Осындай дәлел құжаттарды ұсынбау арызды қараусыз қалдыруға себеп болуы мүмкін.
Борышкер барлық құжаттарды түгел тапсырған жағдайда кредитор арызды қарастырады. Ол сонымен қатар борышкердің төлем қабілеттілігі, әлеуметтік-материалдық жағдайы, кепілге қойылған тұрғын үйдің жалғыз екендігі, қарыз бойынша міндеттемелерін уақтылы орындауы сияқты факторларды да ескеруі тиіс. Нәтижесінде 15 күнтізбелік күн ішінде жауап беріледі. Банк немес микроқаржы ұйымы шартқа өзгеріс енгізу туралы борышкер ұсынған ұсыныстармен келісуі мүмкін немесе өз ұсыныстарын ұсынады. Немесе дәлелді себептерін көрсете отырып, өтінішті қанағаттандырудан бас тартады.
Банктің немесе микроқаржы ұйымының арызда көрсетілген талаптардан бас тарту туралы жауабы немесе борышкердің арызына жауап бермеген жағдайда, арыз көшірмесі немесе арыздың электрондық форматта жіберілгені туралы растама осы рәсімнің жүргізілгенін растайтын құжаттары болып табылады.

– Банкрот болып танылған адамға қандай шектеулер қойылады?
–Жеке тұлғаның өзін банкрот деп тануы «жеті рет өлшеп, бір рет кесілетін» мәселе. Себебі, банкроттықтың жеке тұлға үшін кері әсері жоқ емес. Айталық, банкрот болып танылған тұлғаға бес жыл ішінде несие немесе микронесие берілмейді. Кепіл немесе кепілгер бола алмайды (ломбардтан басқа). Олардың үш жыл бойы қаржылық жағдайына мониторинг жасалады.

— Әңгімеңізге рахмет!

Дайындаған А.КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.