Маржан ЕСЖАНОВА, айтыскер ақын, Б.Өтеп атындағы мамандандырылған «Өнер» мектеп-интернатының директоры: «АҚЫННЫҢ ҚҰЛАҒЫ ӨЗІНЕН ЖҮЗ ЖЫЛ БҰРЫН ТУЫЛАДЫ» Избранное

Пятница, 31 Март 2023 04:58 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 7484 раз

«Қара өлеңнің Қажымұқаны өзіңсің,
Деген бүгін ел ішінде атың жүр» деп ұстазы Әселхан апасын өлеңге арқау еткен Маржан ЕСЖАНОВА да аламан айтыстың шашасына шаң тимес жүйріктерінің бірі. Маржан айтыс ақыны ғана емес, үлгілі отбасы, аяулы жар, тарихта қалған батыр апаларындай қайратты, өнегелі ұстаз. Айтыс өнерінің туын жықпай, сөзден маржан терген кейіпкерімізбен сұхбатымыз төмендегідей өрбіді.

306

 

–Маржан әпке, «Тоғызыңда қандай болсаң, тоқсаныңда сондай боласың» деген екен ақын Мұзаффар Әлімбаев. Әңгімеміздің басын ертеректен, сіздің балалық шағыңыздан бастасақ...

–Мен Отырар ауданының Шілік деген аядай ғана ауылында, он баланың ортасында өстім. Әкем — совхоздың қарапайым жұмысшысы, ал анам поштада байланыс қызметкері болды. Сол әке-шешеден туған он бала бір үйде, бір-біріміздің жоқ-жітігімізді жамап, әке-шешемізге көмектесіп өстік. Біздің жастық шағымызда қазіргі замандағыдай уақытты бос өткізу, телефонға телміріп, тапжылмай отыру деген болған жоқ. Сол кезде қолымыз босамайтын. Шешеміз поштада істейтіндіктен басылымдардағы жаңалықты алғашқы болып біздің үй оқитын әрі жан-жақтан келген газет-журналдарды тарату біздің мойнымызда. Әрі мал жайғау, сиыр сауу сияқты үйдің бар шаруасына араласып, қолғабыс етеміз. Соған қарамастан отбасымызбен кітапты көп оқыдық. Тіпті, кітап оқып отырып талай мәрте қазандағы сүтті тасытып, талай рет тамақты күйдіргенмін. Кітапқа құмартқаным соншалық ақырында шешемнің кітапханашыға барып «енді менің қызыма кітап берсең, саған өкпелеймін» деген сөзді айтуына тура келді. Осыған дейін жеттік. Бірақ, өмірде кітап оқығанның пайдасын көп көрдік. Менің Әлжаппар және Сейітжаппар деген ағаларым бар. Үшеуміз тетеміз. Бала кезіміз. Әлі есімде, үшеуміз кешқұрым қойға қарап, үйге келгеннен кейін міндетті түрде қазақтың қабырғалы қаламгерлері Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тері» мен Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебесін», неге екенін білмеймін, таласып оқи беретінбіз. Әсіресе, ағам Әлжаппар «Қан мен тердің», «Қызыл жебенің» кез-келген бетін ашып қойып, бір сөйлемін бастасаң, ары қарай жалғастырып, жатқа айтатын құймақұлақ болатын. Міне, мен осындай ортада өстім. Ол кезеңде ауылдың адамдарына жан-жақтан хаттар, мейрамдарда, тіпті, ашық хаттар да көп келетін. Сондағы ашық хаттардың барлығын ерінбей оқып шығатынмын. Ашық хаттардағы түрлі-түрлі керемет өлеңдер, тілектер тілімнің төселіп, ойымның дамуына үлкен әсер етті-ау деп ойлаймын. Осының барлығы дерлік менің ақын болып қалыптасуыма әсерін тигізді.
Ал, «ақындық қан арқылы, тек арқылы қайдан келді?» десеңіз, әкемнен дарыған дер едім. Ол — сталиндік репрессияға ұшыраған, көрген құқайы көп, жиырма төрт мемлекетке табаны тиіп, әйтеуір, қырық жасында айналып туған еліне қайта келіп, бәрінен аман-есен ақталған, он екі бала сүйіп, оларды тәрбиелеп, ортаға қосқан, Ілияс Есенберлинмен, Бибігүл Төлегенованың ағаларымен қиындықта бірге болып, Германияда Мұстафа Шоқайды көрген кісі. Әкемнің Сейітжан деген ағасы өлеңге бейім жан екен. Кейіннен, Сейітжан ағамыз қайтыс болғанда жары Хадиша апамыз ол кісінің өлеңдері жазылған қалың бір дәптерін сандығынан тауып алыпты. Сондағы өлеңдерін апамыз маған да көрсеткен. Сөйтсек, ағамыз басынан өткерген қиын-қыстау кездерін, қуанған сәттерінің барлығын өлең етіп, қағазға түсіре берген. Бұл менің ақындығыма әкем жағынан қосылған үлес болса, ал анам жағынан шешемнің әкесі Бекей, Бекейдің әкесі Жұмабай деген бақсы, қобызбен қара суды теріс ағызатын кісі болыпты. Жалпы, маған айтыс, өнер, өлең осылай екі жақтан да қатар дарып, қонды-ау деп ойлаймын.

–Айтыста «алғашқы миллионер ақын» атанғандардың бірісіз. Осы «ең алғашқы» сөзін сіз жайлы тағы қандай жерде қолдана аламыз? Айтыста жаңалық жасай алдыңыз ба?

–2006 жылы Ақтауға айтысқа барғанда миллионға қол жеткіздім. Оның тарихы қызық. Жалпы, сол кездерде сауданың қызып тұрған шағы. Қай өңірде жүрсеңіз де, шымкенттіктердің аяғынан шалып қалғысы келіп тұратындар көп еді. Ұстазым Әселхан апамның маған айтқан мына сөзі бар: «Маржан, сен бір рет жеңілсең, басқа жақ сені, Шымкентті мойындамайды. Сен бір емес, екі емес, қайта-қайта жеңіп, қарсыласыңды бокстағыдай «мен жеңілдім» дегенге дейін жеткізбесең, көп адам Шымкенттен жеңісті бұрып жібереді. Сол себепті, қызым, мына сөзбенен бір жеңдім деме. Қарсыласыңды тұқыртып, тас-талқан етіп жеңбесең, ешкімді мойындата алмайсың. Соның барлығын көрдік, біздің шекемізге тиді». Сондықтан да мен Шымкенттің жоқ-жітігін шамам келгенінше, өзімізше өлеңменен түгелдеген қыздардың бірі болдым. Ақмарал Леубаева, Кәрима Оралова, Анар Жаппарқұлова төртеуміз «Түркістаннан шыққан төрт қыз» болдық. Айтыста Шымкенттің намысын қорғадық. Бұл айтыс та сондай кездердің бірінде өткен айтыс. Шамамның келгенінше дайындалдым. Бірақ, айтыс басталардан алдын гардеробқа барсам, үстелдің бетінде «Айғақ» газеті жатыр. Газеттің бірінші бетінде «Шымкенттің саудагерлері Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішінің аяғын кесіп, металлоломға өткізіп жіберіпті» деген үлкен мақала тұр екен. Оны көріп, «осы қазір алдымнан шығады-ау» деп, ішім қылп ете қалды. Өйткені, газеттің бірінші бетінде болғаннан кейін оны барлық ақындар оқып жатыр. Шынында да сол айтысты қарсыласым, Батыс Қазақстан өңірінің жігіті Нұрлан Мұсаев «Шешең дейтін Шымкентің, аяқ сатқан саудагер Шымкентің аман ба?» деп бастады. Айтыс басталмай жатып Нұрлан Мұсаевтың «осы елдің бас ақыны екені, ауылы, елі, әкімі қолпаштап мың долларға домбыра әперіп, мың долларға шапан тіккізіпті. Қалайда бас бәйгені осы алады деп отыр екен» деген дақпыртын естіп алғанбыз. Үрей бар. Сонымен, шыққаннан кейін жаңағы сұрақты маған тікелей қойды ғой! Жас кезімнен кітапты көп оқығаным осы тұста үлкен көмек болды. Ол елдің тарихынан хабардар маған «Әй, бұл — Махамбеттің ауылы. Махамбеттің басын кескен ауыл ғой бұл» деген ой сап ете қалды. Сөйтіп сахнада «Өзіңнің ешбір мінің болмағасын,
Шымкент жайлы сын айтып толғанасың.
Біреулер Махамбеттің басын кескен,
Сен неге аяқ кессе, таң қаласың?
Арғы жағын айтпай-ақ мен қояйын,
Мына ел өзің-ақ аңғарарсың» дедім. Сол кезде көрермендердің қатарындағы қариялар «шынында нең бар еді аяғында» деп шулап қоя берген. Сонда айтыстың қазылар алқасында Көпен Әмірбек, Қадыр Мырза Әли отырды. Сол кісілерге Жүрсін Ерман «айтысты тоқтатамыз ба?» дегенде Қадыр Мырза Әлидің өзі «бұл айтыс бағана біткен. Маржан бағана бітіріп қойған» деп төрелігін айтты. Ғұлама адам ғой, бәрін түсініп отыр. Осылай қыздардан шыққан алғашқы миллионер болдым. Жалпы, айтыстағы алғашқы миллионер жамбылдық Ахметжан Өзбеков, кейін Балғынбек Имашев атанды. Жаңағы айтыстан соң бәріміз таңғы асқа жиналып жатқанбыз. Сонда Балғынбек бір жағына Ахметжанды құшақтап, маған құшағын жайып «келші, үш миллионер өзіміз бөлек отырайықшы» деп көпті күлдіргені бар.
Мен — Әселхан апамның ең алғашқы шәкіртімін. Осыны мақтан етемін. Жамбыл «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» дейді ғой. Әселхан апам да мен үшін сондай жан. Тоғызыншы сыныпта жүргенімде алғаш рет аузыма өлең салған, өлең үйреткен Жұмагүл Нәлібаева деген апайым болды. Сол кісі баптап, Әселхан апамның қолына ұстатты. Қазақта «бақ жұлдызың биіктен жансын» деген әдемі сөз бар. Менің сол жұлдызымды жағып, өнердегі өзіндік орнымды көрсеткен осы ұлы ұстазым — Әселхан!

–Сіз жайлы бір сөзінде Әселхан Қалыбекова апамыз «дәл біз секілді ұстаз бен шәкірт жоқ шығар» деген екен. Қазақтың айтыс өнерін жаңғыртқан Әселхан Қалыбекова жайлы кеңінен толғансаңыз. Ұстазыңыздың көпшілік білмейтін қандай қыры бар...

–Ол кісімен арамыздағы сыйластық көзбен көріп, қолмен ұстауға болмайтындай, бірақ, сондай берік, мығым болды. Кейде мен анама, күйеуіме айта алмаған жағдайларымды Әселхан апам арқылы шешіп отырдым. Отбасылық кейбір жағдайлардан қиналғанымда сол кісіге хабарласып, мұңымды шақсам, «сен мына кітабымдағы мына өлеңімді оқышы. Сол өлең ана жайлы, ана отбасы үшін неге барады сол жайлы. Саған керек, дұрыс жауап сонда тұр, қызым. Бірақ, жылап ал. Жеңілдеп қаласың. Ал кейін менің ана өлеңімді оқып, өзіңе өзің мықты бол» деп маған күш-жігер сыйлап отыратын. Елу жылдық мерейтойымда өз анам «Маржанның анасы мен емес, Әселхан болды. Әйтеуір менің қызымнан бірдеңе тапқан болуы керек, менен гөрі көп қамқорлықты сол жасады» деген еді. Шынында да, Әселхан апамның қыздары Алматыда оқып, алыста болғаннан кейін бе, мүмкін соларға деген сағынышын маған жеткізді ме, әйтеуір, бауыр басып, маған көп қамқорлық жасады. Кейіннен апам екеуміз бірімізді-біріміз көрмесек тұра алмайтындай хәлге жеттік. Тіпті, кейде араға ай салып жолықпай қалсақ, «Маржан-ау, Анар екеуің келіп, үйден шәй ішсеңдерші. Әйтпесе, сендерге мен барамын. Үшеуміз отырып, арқа-жарқа болып шәй ішейікші» деп сағынатын. Мені алғаш рет Жұмагүл апай айтысқа апарып, таныстырды. Алғашқы айтыста-ақ бас бәйге алып, Әселхан апамның көзіне түскеннен кейін Шілік пен Шәуілдірдің ортасын біраз жол еткенмін. Ол кезде қазіргідей көлік жоқ. Тас таситын КАМАЗ-дар болатын. Сонда шілдеде қорықпай, жүк көлігімен автовокзалға жетіп, ары қарай Әселхан апамның үйіне жаяу баратынмын. Алғаш рет барғанымда апам бір айтыстан он екі кесесімен қымыз құятын жап-жаңа астау алып келген екен. Менің келгенімді көріп: «Жаным-ау, шөлдеп қалдың ғой. Ыстық күнде келіпсің. Сенен түбі бірдеңе шығатынан біліп отырмын. Үмітім зор. Сондықтан, кеше бір үлкен айтыстан алған осы астауды ашып, саған сусын құйып берейінші» деп шөлімді қандырған болатын. Алғаш рет осылай басталған сыйластығымыз аналық-перзенттік махаббатқа ұласты.

–Сіз үшін бұрынғы айтыс пен бүгінгі айтыстың айырмашылығы бар ма?

–Әрине, бар. Бұрынғы айтыс ақындары айтысты тірілтуге, құрып бара жатқан айтысты аяғынан тік тұрғызуға, айтыс деген ақ үйді құруға атсалысты. Бізде соның бір іргесін қаладық. Шамамыздың келгенінше айтыстың не екенін, суырапсалмалықтың не екенін, халық көкейіндегі сөздің не екенін жеткізуге тырыстық. Ал қазіргі айтыста, ақындарда бұл жоқ. Олар бұрынғылар секілді күш жұмсаған жоқ. Ол үшін қазіргі ақындарды кінәлауға болмайды. Олар Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбілов, Ерік Асқаровтар, шамамыздың келгенінше біздің кезіміздегі толқын да салып берген ақ сарайдың ішінде өздерінің ойын тәуелсіздікке еркін жеткізетін адамдар болды. Олар «айтысты құрайық, айтыс өшіп бара жатыр» деп алаңдаған жоқ. Бұрынғылар айтысқа алаңдап, айтысты қалайда сақтап қалуды мақсат тұтса, қазіргілер — өзінің үйінде, өзінің төрінде еркін ән салатын ұлдар мен қыздар. Бүгінгі айтыс жайлы базбіреулер «қазіргілер жаттап айтысады, жазып айтысады» деп айтады. Әрине, сөйтеді. Себебі, қазіргі халық сенің суырып салып, қиналып отырғаныңды күтпейді. Ақпарттардың ағыны лықсып, толып жатқан заманда сахнада ойланып отыра алмайсың. Халық үлкен дайындықты, жоғары өнерді күтеді. Әрі жазса да, жаттаса да еңбек қой бұл. Ешкімнен сұрап алып жатқан жоқ, ұрлап алып жатқан жоқ. Өздері күндіз-түні ұйықтамай жазып, дайындалады. Айтса өздерінің еңбегін айтады. Сосын тағы біреулер «дайындалғанды былай қойып, екі жақ бір-бірімен келісіп алып айтысады екен» дейді. Ал енді мен осылай айтатындарға сұрақ қоямын. Мақұл, келіскенде олар «амандасамыз, одан кейін...» деп бас жағын келіссе келісер. Бірақ, жүлде тігіледі ғой. Ол арада миллион да тігулі тұр. Кімнің бас жүлдені алғысы келмейді? Ал олар келісіп алса, олардың біреуі жеңіп, біреуі жеңілу керек қой. Сонда бәйгені кім алады? Жалпы, «екеуі келісіп алыпты» деген сөзді айтуға болмайды. Неге? Өйткені екеуі де жүлдеге таласып тұр. Екеуі келісіп алатын болса, неге таласады? Бәйгені бөліп бермейтіні белгілі. Келісті дегеннің өзінде ар жағында ол бәрібір келіспейді. «Мен жеңіп, жүлдені алсам» деген ой жатады кез-келген ақында. Сондықтан, біреулердің «ақындар келісіп алыпты» деген жалаң сөзіне еріп кетудің қажеті жоқ.

–Айтыс – сөз барымтасы. Барымтаға лайық қарымта қайтару керек. Айтыста қарсыласыңызға естен кетпестей есе жіберіп, қатты өкінген кезіңіз болды ма?

–Болды. Әселхан апамның 40 жылдығы болып жатқан. Мен ол кезде пединститутта лаборант болып істейтін едім. Сонда басшым «сағат беске дейін жұмыста болып, содан кейін барасың» деп жұмыстан жібермеген. Ол кезде он жетідемін. Жұмысқа жаңадан тұрғанмын. Қатты қиналдым. Әселхан апамның кеші сағат үште басталатын. Амалдың жоқтығынан сағат бесте жұмыстан шығып, алып-ұшып бірінші кездескен көлікпенен сағат алтыдан аса жеттім. Айтыс бітейін деп қалған. Сол кешке Қарағандыдан Абай деген ақын келіпті. Мені Абаймен айтысады деп отыр екен. Төбем көрінгеннен айтыс басталып кетті. Мен ол кезде ешнәрсені бағамдап үлгерген де жоқпын. Әселхан апам туралы айтам ғой деп отырғанмын. Сөйтсем, әбден мені күтіп дайындалып отырған Абай «сен кешігіп келдің. Сен Әселхан апаңды құрметтемейсің. Сыйласаң ерте келер едің» деп бас-көз жоқ сөзбен төпеп қоя берді. Әрі бастығыма өкпелеп, апамның тойына ерте жете алмай қалдым деген ренішім тағы бар, әрең отырмын. Сол жерде ашудан сөз таппай қиналып, қарымта қайтара алмай, Абайдан қатты жеңілгенмін. Әмзе Қалмырзаев деген ақын ағам арқамнан қағып: «Болды, Маржан, ешнәрсе етпейді. Өй, одан да «жолықтым Қарағанды Абайына, мынау өзі қыз көрмеген жабайы ма?» деп ұрыспадың ба оған деп мені жұбатқан болатын. Үлкен жеңілісім он жеті жасымда болды. Сол жылы Қарағандыға студенттердің айтысына Абайды жеңдім. Халық «екеуіне де бірінші орын беріңіздер» деп сонда шулаған болатын. Осы айтыста Олжас Сүлейменов «Аз и Я» кітабын екеумізге де сыйлады.

–Сұхбаттарыңыздың бірінде «Жас ақындарға көңілім толыңқырамайды. Ізденістері аз, .... сұрамайды. Өзгелерді қайдам, өз басыма айтыс өнеріндегі өрендердің ешбірі кеңес сұрап келмепті» депсіз. Бүгінгі жастарда да осы олқылық бар ма? Кеңес сұрап келсе, қандай кеңес берген болар едіңіз?

–Бұны бұрынырақта айтқанмын. Кейін осы олқылықты толтыру мақсатында «Тұран – Түркістан ақындары» деп ақындардың басын құрадық. Мұны Біржан Байтуов, Бекмұрат Анарбаев, Қажымұқан Абзаловтар құрды. Сол ортаға талапкерлерді жинақтап, өзіміз баулып, кеңесіміздің бәрін сол жерде береміз. Жастарға айтар ең басты кеңесіміз – ерінбеу. Одан кейін тарихты біліп, тарихпен сөйлеу. Жастардың ішінде ешкімнен жеңілмей жүрген Айым (Асылбекқызы) деген қызымыз бір айтыста «саған мен келін болмаймын. Үлкен басыңменен ініңе ара түсіп жүргенің не? Ініңнің өзі қайда? Еркек басыңмен неге маған құда түсіп келдің?» деп Қалижанды (Білдашев) тұқыртқан болды. Сонда Қалижанның тарихты білетіні, сауаттылығы ғой «өзіне Данагүл келінін таңдап алған Төле биге қарсы шығасың ба?» деп Айымды жеңіп кетті. Қазіргі жастардың бәріне де тарихты көлденең тосып тұрып, баяғы өткенді қосып тұрып сөйлейтін сауаттылық керек.

–«Айтыс бұрынғы биігінен түсіп, көрерменін жоғалтып алды» деп жатады. Бұл жайлы пікіріңіз қандай?
–Бұл сөздің жаны бар-ау, рас. Өйткені ұйқас қуып, ұзағынан толғау-термесінің барлығын айтам деп жүріп, халықты шаршатып алатын ақындар көп қазір. Бірақ, осының бәрін кешегі Еркебұлан Қайназаровтың, Жансая Мусинаның, Балғынбек Имашевтің халықты өзіне қаратып алатын әдемі, ойнақы сөздері мен әуендері жуып-шайып кетті. Қазіргі заманғы хит әуендерге салып айтыс жасау, әсіресе, біздің оңтүстікте Нұрлан Есенқұловта жақсы дамыған. Бұлар айтысқа әдемі әнмен тұздық қосып, халықты өзіне қайтадан қаратып жатыр. Халықты қайтып қарату бірізділіктен, халықты жалықтырып алудан арылу деп ойлаймын. Жалпы, бұл олқылықтардың орны қазір осындай жастардың арқасында толып келе жатыр.

–«Алпыстан асқаннан ақыл сұра» дейтін қазақтың ақындары қырыққа келісімен-ақ айтыстың үлкен сахнасынан кетіп жатыр» деген пікірлерді де байқадым. Осы жөнінде не айтасыз.

–Уақыты келгенде сахнадан да кету керек. Жұрт «Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова, кешегі Тәушен апалар жүрді ғой кетпей-ақ» деуі мүмкін. Жүрді, рас. Бірақ, әр нәрсенің өзінің шегі бар екенін ескеру керек. Мысалы, Тәушен апаммен айтысқа бара жатқанда ол кісі «Құдай-ай, қатарың болмаса тойға барма деген. Қазір барғаннан кейін бір жас балаға салып қойып отырады-ау. Құдай-ай, бір үлкендеу кісімен айтыссам, дұрыс болар еді» деп уайымдап баратын. «Қатарың болмаса, тойға барма» дегенді Тәушен апамнан көп естідім. Абай Құнанбайұлының 150 жылдығы әлемдік деңгейде атап өтілді. Сол кезде Әселхан апам Мұхамеджан Тазабековпен айтысты. Қасында болдым. Құйрық тістесіп, өсіп келе жатқан жастар: «Апа, сен қасқырсың, бірақ қасқыр өзінің құйрығын өзі тістемейді ғой» деген сөзді айтқанда, Әселхан апам қатты қиналды. «Жастармен айтысу, шынында да, қиын екен ғой» деген сөзді мен ол кісілердің өкінішпен айтып отырғанын көрдім. Содан «кезі келгенде тоқтап, жастарға орын береу керек екен» деген ой түйдім. Шынында да, елуден асқан соң, өзіңнің орныңды білгенің дұрыс. Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін!» деген сөзін қолданып шәкірт тәрбиелеп, өз ойыңды, өзіңнің мақсатыңды сол шәкіртің арқылы жеткізу де әдемі бір дәстүр. Біз соған үйрене алмай жүрміз. Өзіміз шаба берсек, өзіміз ала берсек дегенді қою керек.

–«Ақын болашақты сөзбен болжайды» деп жатады. Келешекке көз тастағанда сіз нені көресіз?

–Он сегіз жасымда Ақтауда айтыстым. Сонда маған қарсылас ақын «Қандай ана боласың?» деді. Әлі тұрмысқа шықпағанмын. Мен «бес баланың анасы боламын» дедім. Кейін Таразда Ахметжан Өзбековпен айтыстым. Ол да «Қандай келін боласың?» деді сонда. Сол айтыста да
«Жүремін қайныларды жеңгелетіп,
Болашақта ана болсам,
Бір әулетті әкетем дөңгелетіп.
Бес баланың анасы болам» дедім. Берікбай Елтайұлы деген азаматқа тұрмысқа шықтым. Енем болды. Құдай беріп, үш балалы болдым. Бір күні Сарыағашта демалып жатқан демалушылар «Бір айтыс ұйымдастырып берсеңіздер» деп өтініш айтқан екен. Өтінішін орындадық. Қалижан Білдашевпен айтыстым. Екеуміздің айтысымыз керемет өтті. Жарты сағаттан аса айтыстық. Қалижан «болды енді осыменен қоштасайық, жақсы айтыстық елге сәлем айтайық» деді. Мен де «Иә, Қалижан, қоштаспасақ кеш қаламыз, осындай қонақтармен дос боламыз. Қоштассақ, қоштасайық үйімізде, Қалижан күтіп отыр бес баламыз» дедім тағы да. Осылай деп орынымнан тұрып бара жатыр едім, Қалижан «отыр, апа» деді. Жұрт шулап кетті. Қайта отырып, Қалижанға қарап едім «апа, мен сізді жөні түзу апамның бірі ғой деп жүр едім. Үйіңде үш балаңның барын білуші едім. Екі балаңды қайдан шығардың, айтып бер. Оларың қай жақта?» деді. Жұрт шулап қоя берді. Енді амал жоқ, тұрған жерден орындыққа отырғанша ойландым да
«Ақын өлең табады сасқан кезде,
Ағайын не айтады деп тосқан кезде.
Қалижан, бесеу болмай нешеу болды?
Енем мен күйеуімді қосқан кезде» дедім. Қалижан «ей, сіз де» деп тұрып кетті. Онда, шынында да, үш балам бар. Бірақ, «бес балам» дегенді Құдай аузыма үш рет салды. Содан отыз жеті жасымда үш баламен Б.Өтепов атындағы өнер-интернат мектебіне директор болдым. Тағы екі балам өмірге келді. Мұнымен айтайын дегенім, адамның аузынан шыққан әрбір сөзі — дұға. Құранда да жазылған дейді «ақынның құлағы өзінен жүз жыл бұрын туылады» деп. Ақынның келешекті көретіні рас. Жалпы, Қазақстанның болашағы жақсы деп ойлаймын. Өйткені, қазақта «тегіне тартқан» деген сөз бар. Біздің қанымыз, тегіміз мықты. Оны ешкім улай алмайды. Себебі, қазір мықты жастар, шешен, таза жастар өсіп келе жатыр.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Тұрсынбай ЕШІМОВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.