«Украинада көшбасшылыµымен ерекшелендi» Избранное

Вторник, 02 Декабрь 2014 02:48 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4204 раз

1958-1960 жылдары қазақ жастары комсомолдық жолдамамен Украинаға аттанады. Сол жігіттердің арасында шымкенттік Қайрат Исламқұлов та болды. Ол Днепродзержинскіде металлург мамандығын игеру туралы шақыртуды жүрегімен қабылдайды. Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында Елбасының курстас досы, академик Қайрат Исламқұлов сол бір сағынышты күндерді еске алып, əсерлі сəттерді әңгімелеп берді.

265 001-1Академик үшін Днепродзержинскіде оқыған жылдар өмірінің басты оқиғасы саналады. Өйткені кәсіби мамандықты игеруде жергілікті металлургия комбинаты Одақта соншалықты таңдаулылар қатарында жоқ болатын. Мықты жабдықталған білім кешені жастардың жақсы оқуына, шығармашылықпен айналысуына, спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасады. Олардың училищедегі уақыты босқа кеткен жоқ.
– Алғашқыда бәрі қызық әрі қорқынышты еді. Үш топ бір жатақханада бірге тамақтанады, бірге оқиды. Болашақ мамандығымыз қиын болса да, төзімділікпен игердік. Кейін механизмдердің гүрсілінен қашпайтын, оттан қорықпайтын болдық. Мен №8 техникалық училищенің қыздыру пештері мен құдықтарының дәнекерлеушісі мамандығы бойынша білім алдым. Нұрсұлтан шойын цехында болды. Ол жас кезінен-ақ жанып тұрды. Бәрімізді өзіне үйіріп алатын. Мінезі де ашық-жарқын. Әдемі әзіліне, өткір қалжыңына тәнті едік. Нұрсұлтан әр кеш сайын жастарды жинап алып, ойын-сауық кештерін, ардагерлермен кездесулерді, қала-кенттерге экскурсияларды жиі ұйымдастыратын. Тіпті қазақ жастары украиндықтармен етене араласып кеттік. Бір күні Днепр өзенінің сол жағалауына бардық. Табиғаты қарасаң көз тоймайтын көркем жер екен. Біз табиғат аясында серуендеп, демалысты жақсы өткіздік. Жылдар өте келе Нұрсұлтанның тәжірибелі металлург ғана емес, рухани дүниеміздің бай болуға ынталандырғанын түсіндік. Бірде Нұрекең  бәрімізді комсомол өміріне белсене араласуға шақырды. Біз Нұрсұлтанның кандидатурасын  комсомол комитетінің құрамына ұсындық. Ол бюро мүшесіне сайланған соң,  комсомол жұмысын жандандырды. Тек көшбасшылығымен ғана емес, сонымен қатар шешендік өнері мен домбырада керемет ән салатын қабілетімен де танылды.
Нұрсұлтан талантты жастардың бойындағы қыры мен өнерін ашуға мұрындық болды. Бізбен бірге қызылордалық Әбіләш Әбуов деген жігіт оқыды. Өзі көп сөйлемейтін, ұялшақ болғанымен, әнді жақсы айтатын. Нұрсұлтан оған консерваторияға түсуге  кеңес берген болатын. Әбіләш Нұрекеңнің ықпалымен училищедегі  көркемөнерпаздардың байқауына қатысып, бірінші орын алды. Кейін Нұрсұлтан  әнші жігітті Днепропетровск теледидарына апарып, қазақ әндерін шырқауына, біздің мәдениетімізді Украинада танытуға ықпал етті. Шындығында Нұрекең айтқандай училищедегі білімді ешкім де бере алған жоқ. Оқуды аяқтаған соң, Теміртауға келдік. Бірақ зауыт құрылысы толық бітпепті. Тек шойын қорыту цехы дайын болатын. Нұрсұлтан Теміртауда зауытта қалды. Қалғанымыз мамандығымыз бойынша Украинада тәжірибемізді  жалғастырдық. Бір қызығы металлургтар арасынан болашақ Президент, Мәжіліс депутаты, сот төрағасы, академик шығады деп ешкім ойлаған жоқ. Мен де, курстастарым да сол бір бақытты шақты ұмытпаймыз. Бас қосқанда сағынышпен еске аламыз. Бәріміз Назарбаевтай металлург болғанымыз жоқ. Әйтсе де от жалынды мамандық бізді өмірлік бағытымыздың берік іргетасын қалауға, жігерлі болуға тәрбиеледі. Осы училищенің арқасында көбіміз ертеңгі өмірімізге жігер алып, тамаша маман атанып, түрлі жоғары оқу орындарын бітірдік. Кандидаттық  және докторлық диссертацияларды сәтті қорғап шықтық. Сондағы қатарластарымның арасынан ең бірінші техника ғылымдарының докторы мен  болдым. «Дзержинка» бойынша курстастарымның арасынан мені алғашқы рет Нұрсұлтан Әбішұлының құттықтағаны ерекше есімде, – дейді Қайрат Мұхамедқұлұлы.
Қайрат Исламқұлов Елбасымыздың бұрынғы Түркия Президенті Тұрғұт Озалдың келісімімен ашылған Қ. А. Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің қалыптасуына атсалысты. Осы оқу орнында проректор, соңғы жылдары университет президентінің кеңесшісі қызметін  абыройлы атқарды. Академиктің айтуынша, Елбасы әрқашан курстас достарымен кездесіп тұрады. Әрбірінің тілегін тыңдап, қуанышын бірге бөліседі
– Нұрсұлтан жас ұрпақтың білім алуына, еліміздің экономикасын көтеріп, мәдениетін өрістетуге ерекше көңіл бөліп келеді. Елдің ертеңі үшін еңбек етіп жатыр. Көз алдымызда Қазақ елі адам айтқысыз жетістіктерге жетуде. Мұн­дай ерлік кез келгеннің қолынан келмей­ді. Нұрекеңнің бастауымен біздің еліміз болашақта ең мықты мемлекеттер қатарына қосыларына кәміл сенемін. Бірінші Президент күні құтты болсын! – дейді техника ғылымдарының докторы  Қайрат Исламқұлов.   

 

Последнее изменение Вторник, 02 Декабрь 2014 03:18
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.