"Бойымызда қазаққа тән қасиет басым" Избранное

Пятница, 27 Февраль 2015 04:08 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 7081 раз

Шымкентте 2500-ге жуық қырғыз ұлтының өкілі тұрады. Көп емес, әрине. Бірақ, олардың үлесін аз деп айтуға болмайды. Қазақпен туыс халық тілі мен салт-дәстүрін сақтауға мүмкіндіктің мол екенін жасырмайды. Ұлт пен ұлыстың ұйытқысы болған Оңтүстікте өсіп-өнген қырғыздар достыққа берік, антқа адал. Олар жергілікті халықпен бірге ұлтаралық татулық пен достыққа лайықты үлес қосып келеді.

DSC 0770– Ел бірлігі мен ынтымағын арттыру жолында Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің орнықтылығын ғана дәлелдеген жоқ. Елбасымыз айтқандай  Ассамблея қазақ жерін татулықтың талбесігіне бөледі. Елдіктің өлшемі, татулықтың тұтқасы болды. Ел дамуы үшін маңызды мәселелерді шешумен де ерекшеленеді. Ассамблеяның негізінде құрылған өңіріміздегі этномәдени бірлестіктер мәдениеті мен салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын ғана дәріптемейді. «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруға, этносаралық бітім мен қоғамдық келісімді нығайтуға айрықша мән береді. Қазақ жерін мекен еткен барша ұлттың міндеті – ел бірлігі мен ынтымағына қылау түсірмеу, – дейді Қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Аблай Рысбеков.  
Қырғыз этномәдени бірлестігі 2005 жылы құрылған. Тілі басқа болса да, тілегі бір ұлттың дәстүрінде мейірім мен қайырымдылыққа үндейтін үрдістер көп. Оны бірлестіктің қариялары жастарға айтып, бағыт-бағдар беріп отырады. Аблай Рысбековтің айтуынша, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халық ағарту ісінің үздігі Мырзақұл Тұрғынбаев, облыстық саз колледжінің дирижері Есіркеп Жолдасов, жеке кәсіпкер Райысбек Рәсілбеков бірлестіктің іс-шараларына қатысып қана қоймай, өңірдегі түрлі ұлт пен ұлыстың татулығының артуына сүбелі үлес қосып келеді.
Алатаудың теріскейі де, күнгейі де – түбі бір түркі жұртының Отаны, яғни қазақ пен қырғыздың өсіп өнген өлкесі. Сондықтан қазақ пен қырғыздың туысқандық қатынасы әріден бастау алады. Екі халықтың салт-дәстүрінде ұқсастық көп. Айтысы мен термесі, оюы мен өрнегі, шұбаты мен қымызы бір-біріне таңсық емес. Қазақ секілді олар да жылқыны қатты қадірлейді. Ет, шұжық, қуырдақ қырғыздар үшін ұлттық тағам болып саналады. Дегенмен біздің ұлттық тағамымыз еттен қырғыздардың бешбармағының айырмасы бар. Олар еттің қамырын кеспе ретінде салады. Майдалап туралған етпен араластырып, тұздық қосады. Ал, ұлттық ойындарымыз «кёк бору» (көкпар), «курёш» (күрес) – екі халыққа да ортақ спорт ойындары.
Қырғыз десе, «Манас» жыры еске түсетіні рас. Дастан жарты миллион жолдан тұрады. Көлемі жағынан Гомердің «Одиссеясы» мен «Илиадасын» орап алады. Қырғыз халқының ұлы рухани мұрасы «Манас» эпосын зерттеуде қазақтың ұлы жазушысы М.Əуезовтың алатын орны ерекше. Ол туралы Ш. Айтматовтың: «Мұхтар Əуезовты қырғыздар туған перзентіміз деп таниды. Біз Əуезовтың көзі тірісінде солай дейтінбіз, қазір де солай дейміз» деген жылы лебізі еске түседі. Тағдыры талқыға түскен эпосты ғалымның қорғап қалуын қырғыз халқы қалай ұмытсын!
IMG 1709– Біз тамыры тереңде жатқан, тағдыры ортақ, екі жұрттың перзентіміз. Қырғыз халқы Жамбыл облысымен шекаралас Талас ауданынан келген екен. Содан бері екі ғасырға жуық уақыт өтті. Қазақтармен туысымыздай араласып кеткенбіз. Қазақпен төс түйістіріп, құда болдым. Қызым қазақ жігітіне тұрмысқа шықты. Үлкен ұлым Шыңғыс қазақ қызымен бас қосты. Балаларымызға отбасымыздың тарапынан қарсылық болған жоқ. Әрине, ежелден ауылы аралас елдің жерінде отырып, қазақпен қалай құда болмайсың! Біз Қырғызстанға барып, сонда өсіп-өнеміз деп айта алмаймын. Өйткені, біз Қазақ жерінде туылдық. Қазақ елінде білім алдық. Сондықтан біздің Отанымыз тек – Қазақстан, – дейді қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Аблай Рысбеков.
Достықта шекара жоқ екенін алға тартқан Аблай Серікбайұлы елдегі бірлікті нығайтып, ынтымағы жарасқан Қазақ елінің берекесін тасытуға осылай үлес қосуды мақсат тұтады.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.