Әжімдері шежіре - тарих әжелер...

Вторник, 03 Март 2015 04:19 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4213 раз

Қайнарбұлақ тұрғын алабының Жұмат Шанин көшесінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үш жесірі тұрады. Олар – Жәмилә Қаратаева, Аманкүл Дәденова және Нәзипа Әлімқұлова. Олардың өмір жолы, қиындыққа қасқайып қарсы тұрған сәттері – жас ұрпақ үшін үлгі екені даусыз.

DSC 0164Жәмилә Қаратаева Ұлы Отан соғысының ардагері Тоба Қаратаевтың жесірі. Жәмилә әже биыл қараша айында 85 жасқа толады. Жұбайы Тоба ата екеуі 5 қыз, бір ұл тәрбиеледі. 30 немере, 3 шөбере көріп отыр. Тоба Қаратаев 1941 жылы 8 наурызда соғысқа аттанып, 1944 жылы сол қолына оқ тиіп, туған елі Қайнарбұлақ ауылына оралды. Тоба атамен бас қосқанда Жәмилә апа небәрі 15 жаста екен. Өзінен 10 жас үлкен азаматын көзі кеткенше қадірлеп өткен. Сексеннен асқан әженің ағаш басына шығып, өрік жинағанын көріп пе едіңіздер? Әрине, жоқ. Ал, біздің кейіпкеріміз осындай! Еңбексүйгіш жан тазалықты да жақсы көреді. Денсаулығы жаман емес. Осы күнге дейін бір рет те ине шаншытпаған. Жылда 8 наурызда бұл шаңырақта кең дастархан жайылып, барлығы бас қосады. Әжелерін ортаға алып, тарту-таралғы жасайды.
Аманкүл әже Дәденованы іздеп барғанымызда көршісінің ауласында, күншуақта әңгіме-дүкен құрып отыр екен. Арнайы келгенімізді айтып едік, әже қуанып қалды. Аманкүл Дәденова ҰОС-ның ардагері Жарылқасын Дәденовтың жесірі. 1931 жылы туған. Жолдасымен бас қосқанда Аманкүл  әженің жасы 16-да екен. «Азаматтарыңды сыйлаңдар деген ақылымды айтамын. Барлық нәрсе әйелге байланысты. Отбасын жарқырататын да,  гүлдендіретін де әйел. «Күлшелі бала сүйкімді» дейді. Дүниеге бала әкелсін. Оларды санмен шектеп, артық көрмесін. Көпбалалы ана атанса, перзенттерінің ортасында шалқып өмір сүреді. Өзім 9 ұл-қыз өсірдім. Олардан 16 немере көріп отырмын. Шөберелерім де бар» дейді әже.
DSC 0178Ал, ҰОС-ның ардагері Оразбай Әлімқұловтың жесірі Нәзипа әже 1934 жылы туған. Өмірге 8 ұл-қыз әкеліп, 30-дан аса немере сүйіп отыр. Ұлы Төрегелді мен келіні Айманның қолында. «Жас кездеріңде жұмыс істеңдер» деп келінін үйде ұстамаған. Таң атқаннан кеш батқанға дейін жұмыс істепті. Ал, Нәзипа әже болса, үйінде немерелеріне қарайтын. Келіні Айманның айтуынша, әже жұмсақ мінезді адам. Мейлінше, бойында қуат барда ұлы мен келініне жағдай жасауға тырысқан.
– Соғыстан кейінгі уақытта өмір қиын болды ғой. Біз бойжете бастаған шақта ер кісілер соғыстан оралып жатты. Ауылдың тоз-тозы шыққан. Оразбайға айттырып келгенде, ойланбастан келісім бердім. Ол кезде 17 жастамын. Біз жұмыстан қорықпадық. Көпсінбедік те, – дейді Нәзипа әже.
Келіні Айман апайдың айтуынша, әже сыйлық алғанды жақсы көреді екен. Нәзипа әже оған лайықты да. Мереке қарсаңында ұл-қыздары ерекше тарту жасамақ болып уағдаласыпты.
Отанын қорғаған ардагерлеріміздің түтінін түтетіп, олардың ұрпағын көбейтіп отырған әжелерімізге мың алғыс. Ғұмырлары ұзақ болсын.

Последнее изменение Пятница, 13 Март 2015 09:25
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.