Асыл аға Айтбек

Пятница, 13 Март 2015 05:31 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5243 раз

Айтбек ағамыз туралы жақында белгілі жазушы Мархабат Байғұттың әсерлі мақаласы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Асыл ағаның өзіме жасаған жақсылықтарын ұмытқан емеспін, жиі еске алып тұрамын. Ал, газеттегі мақала өткенді қайта жаңғыртып, қолыма қалам алуыма себеп болды.

60 ataАлдымен қысқаша мәлімет. Айтбек Мұсаев Оңтүстік өңірінде ғана емес, бүкіл елге ерен еңбегімен танылған болатын. Өткен ғасырдың елу алтыншы жылы шопан таяғын қолға алған Айтекеңнің бастамасымен «Темір» кеңшарында бүкіл республика бойынша алғаш рет комсомол-жастардың ірілендірілген бригадасы құрылды. Мал шаруашылығы саласындағы еңбегі жоғары бағаланып, ең жоғары награда «Ленин» орденімен, медальдармен марапатталды. Тізе берсек ағаның өмір жолындағы жетістіктері мол.
1973 жылдың қазан айы болатын. Сол кездегі Қызылқұм ауданы, «Темір» совхозының бас зоотехнигі Айтбек аға Мұсаевтың үйіне арнайы барып сәлем бердім. Ол кісі мені төрге оздырып, дастархан басына шақырды.
 – Сен үйге келе бермейтін, орынсыз мазаламайтын інілердің бірі едің, бұйымтайыңды айта отыр, – деді ағамыз амандық-саулықтан соң.
– Аға, бес айдың жүзі болды, совхоздың бұрынғы комсомол жетекшісі мектепке ауысты. Ауылдан жіберілген бір-екі жігіт обком комсомолдың іріктеуінен өте алмапты деп естідім, – деп келген шаруамды айта бастадым. – «Темір» совхозына комсорг Шымкенттен келмейтін шығар, өзімді осы орынға ұсынсам деймін. Әбден ойланып, толғанып келдім. Сізді, кеңшар жастарын және басшылықты ұятқа қалдырмаспын деген ойдамын.
– Иә, кеңшар басшылары комсорг таппай жүр еді. Жастарды басқаруға сенің қабілетің жетеді. Неге бұрын менің ойыма келмеген, – деді Айтекең.
Ағаның маған сенетініне көзім жеткен соң батылдана ойымды жалғадым.
– Мені партком хатшысы жете танымайды, оның үстіне ұяңдығым бар. Аудандық комсомол комитетіндегілер қалай қарайды екен?
Айтбек аға менің ойымды тыңдап болған соң, кеңесін беріп, көмектесетінін айтты. Ағаның айтуы бойынша кеңшар директорының келісімін алдым. Одан кейін Айтбек аға облысқа хабарласып, үйленгенімді, жоғары оқу орнында сырттай оқитынымды, әскери борышымды өтегенімді, тіл білетінімді айтып, мен туралы өте жақсы мінездеме берді. Сөйтіп, Айтбек ағаның, кеңшар комсомолдарының қолдауымен комсомол комитетінің хатшысы болып сайландым. Ағамыздың сенімін ақтадым, қызметті мінсіз атқардым.
Атамыз қазақ «болар бала бесігінен бұлқынар, болар құлын желісінен жұлқынар» деп ұрпақтарының болашағына күні бұрын болжам жасай білген. Қазақ жылқы мінезді болғандықтан шығар, текті ұл бұлқынып та, жұлқынып та ширап өсетіндіктен, намысы өрекпіген, батыл жүректілігі мен күш-қайраты тасыған күйде ер жететіні сөзсіз. Мұның өмірлік нәтижесін Айтбек ағаның шопандық өміріндегі ерек еңбегі шүбәсіз дәлелдеп берді. Аты аңызға айналған, абыз ақсақал атанған Айтбек ағаның бойындағы асыл қасиеттерінен бір ғана мысал келтірдім.
Бір айта кетерлігі, кәсіби комсомол қызметкері болмаса да Айтекең адал еңбегінің, абыройының арқасында Өзбекәлі Жәнібеков сынды басқа да одақтас республикалардың жастар ұйымы жетекшілерімен тығыз байланыста болған. Ағаның қайталанбас кең пейіл, ірі тұлға екендігін замандастары күні бүгінге дейін айтып келеді. «Пейілі кеңнің нұры пейіште шалқиды» дегендей ағаның алды өзіне пейіш, ұрпағына кеніш болсын.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.