Тұрмыстық қалдықтар кәдеге жарайды

Пятница, 10 Апрель 2015 05:19 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 9931 раз

Шымкентте жеке тұрғын үйлер аумағында қоқыс тастайтын жаңа жәшіктер орнатылып жатыр. Енді қалалықтар тұрмыстық қалдықтарды бөлек-бөлек жинайтын болады «ЭКО Тазалық» ЖШС-нің ұсынған қанатқақты жоба тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттырмақ. Кәсіпкер Сәуле Әтемованың жобасы «Шымкент инновация» ЖШС-і арқылы жүзеге асуда.

photo 67630Қоршаған ортаның экологиялық тазалығын арттыру мақсатында «Самал-2»  шағынауданында 10 үйге әлемдік стандартқа сай 20 контейнер қойылды. 240 келілік қара жәшікке қағаз, пластик құтылар, әйнек секілді заттардың қалдықтары салынады. Ал 120 келілік жасыл жәшікке керексіз тұрмыстық қалдықтар тасталады. Әзірге «ЭКО Тазалық» ЖШС-нің пилоттық жобасы  тұрғындардың көңілінен шығып отыр. Жаңа қоқыс жәшіктері басқа контейнерлерге қарағанда ыңғайлы. Арнайы қақпақтары  қажетсіз қалдықтардың ұшып кетуінен, шашылуынан қорғайды. Тұрғындар ауласының кез келген жеріне қоя алады.
– «ЭКО Тазалық» ЖШС-нің контейнерлерді тұрғындарға  тегін орнатып берді. Тиімділігі өте жақсы. Жауын-шашын кезінде де арнайы қақпағы болғандықтан, қоқыстар сол күйі сақталады. Тасталған қалдықтардың жағымсыз иісі шықпайды, – дейді «Самал-2»  шағынауданындағы Тәжібай ата көшесі №32 үйдің  тұрғыны Қалдықыз
Сәрсенбаева.   
«ЭКО Тазалық» мекемесінің өндіріс басшысы Жеңісбек Пермановтың айтуынша,  Германияның  «SCHAEFER» зауытымен бірлесе жұмыс істеу жөнінде  келісім-шарт жасалған. Жаңа контейнерлер Германияда тәжірибеден өткізілген. Сынақ кезінде жәшіктерге ауыр заттар салынып, биіктен жерге тасталған. Бірақ контейнерлердің дөңгелектері сынбаған, еш жері жарылмаған. 40-50 градус кезінде ыстықта ерімепті.
Қала тазалығына тамшыдай болса да үлес қосу Сәуле Әтемованың мақсаты болатын. Ол қоқыстарды заманауи құрал-жабдықпен өңдеу, қалдықты пайдаға асыру бойынша жобалармен танысу  үшін Германияға барып қайтты. «SCHAEFER» фирмасының жұмысымен танысып, қоқысқа арналған түрлі контейнерлер мен сұрыптап жинау жүйесін көрді. Сөйтіп артықшылығы мен тиімділігіне көз жеткізеді. Мекеме директорының мәлімдеуінше, бірқатар Еуропа мемлекеттері полиэтиленді құтыларды шығарудан бас тартса, енді бір мемлекеттер қоқысты түрлі заманауи жолдармен өңдеуге бет алған. Әлемде осындай зауыттары бар бірден-бір мемлекет Германия. Биыл «Ақжарда»  ашылған қалдықтарды өңдейтін зауыт жуырда іске қосылады.  Яғни, қоқыс алаңы бұрынғыдай қажетсіз қоқыстардан арылатын болады. Есесіне қалдықтар өңделіп, тұрмыстық заттар шығарылады.Алдағы уақытта жоба жүзеге асатын болса, 2016 жылы  Шымкентті толық қамтиды.
Күн сайын көркейіп келе жатқан қалаға тазалықтың қажет екені белгілі. Қоғамдық орындарда, үй аулаларында тазалықты сақтамайтындар жиі кездеседі. Кейбір тұрғындар қоқысты арнайы орынға жеткізбейді. Кез келген жерге тастай салады.
Ал, қаланың тазалығы бірінші кезекте ауладан, әр отбасыдан  басталады. Олай болса, ұқыпты болу өз қолымызда екенін ұмытпайық!

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.