«Қара қағаз» бен қоңыр чемодан...

Пятница, 10 Апрель 2015 05:29 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 6101 раз

72718996 1301308954 P1010502Әкем Әлібекұлы Бахай ағасы Бөбей және інісі Сүттібаймен 1942 жылдың жазы-күзінде  ауылдастарымен бірге Ұлы Отан соғысына аттанған болатын. Бөбей алғаш соғысқа кірген кезде жараланып, елге қайтады. Ал, Сүттібай қан майдан шебіндегі ұрыстарда жеті рет жараланыпты. Әскери госпитальдарда емделіп, ұлы  жеңісті Венгрияның Будапешт қаласында қарсы алады. Оның әскери ордендері мен медальдары көп болатын: екі мәрте «Қызыл Жұлдыз», «Даңқ», «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» тағы басқа медальдармен ерліктері үшін марапатталған.
Соғысты жеңіспен аяқтап, елге оралғаннан кейін  «Қайтпас» колхозында ұзақ жылдар бойы төраға қызметін атқарды. Ерен еңбегі ескеріліп «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды, бірнеше рет Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің депутаттығына сайланды. Соғыста снайпер болып, неміс фашистерінің талайын жер жастандырған. Атамыз Әлібектің атына 1943 жылы оның баласы Сүттібайдың соғыста ерлікпен қаза болды деген «қара қағаз» келген, ал сол кезде ағамыз Черкасск қаласы түбіндегі фашистермен бір ұрыста қатты жаралы болып, ес-түссіз күйінде далалық госпитальда ұзақ уақыт емделген екен. Кейін ол «қара қағазды» мен де өз көзіммен көріп оқыдым.
Әкем Бахай соғыстың орта кезеңінде солдаттармен бірге жау қоршауында қалып, тұтқынға түсіп қалады. Содан фашистердің концентрациялық лагерлерінде көп азаптарды көреді. Кейін оны Германияның бір қаласында жұмыстарға алып кетіп, соғыстың соңғы күндерін сонда қарсы алады. Оларды азат еткен американдық-ағылшындық әскери адамдар  қасындағы қалған тұтқындармен бірге оны басқа батыс елдерге кетуге үгіттейді. «Соғыста тұтқынға түскен совет солдаттары сатқын деп есептеледі, сондықтан елдеріңе қайтсаңдар, сендерді түрмеге қамайды, атады», деп қорқытады. Менің әкем олардың айтқандарына көнбей елге қайтады. Бірақ, НКВД қызметкерлері оны тексерістен өткізіп, оны қайта соттатып жібереді. Содан Тула қаласында жазасын өтеп, Сталин қайтыс болғаннан кейін ғана босатылып, туған елге 1953 наурызда ғана оралады.
Әлібек атам 1947 жылы қайтыс болды. Әкем Бахай 1953 жылы көктемде ауылына келгенде оны ешкім танымай қалған екен. Үйдің ауласында ол да үндемей ұзақ уақыт қоңыр чемоданымен тұра беріпті. Оның қасынан ары-бері өтіп жүрген ағайын-туғандар бұл кім болды екен деп шырамыта алмапты. Ал сондағы қоңыр чемодан әлі бар, оны біздің үйде – қара шаңырақта көздің қарашығындай сақталуда.

Омарбек Әлібеков,
М.Әуезов атындағы
ОҚМУ-нің «Машина
жасау» кафедрасының  
доценті, техника
ғылымдарының
кандидаты

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.