Ардагер аманаты

Пятница, 10 Апрель 2015 05:34 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4737 раз

Сырғып қанша жыл өтсе де, ер есімі ел есінде мәңгі қалмақ. Халыққа үлкен қайғы-қасірет әкелген Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 70 жыл толғанына қарамастан, кеудесін жау оғына қарсы тосқан ержүрек жауынгерлеріміздің жанқиярлық батырлығын жадымыздан шығармаймыз.

b890a1dd572487c05fdde155f01e889cЖасы 18-ге толмаған Таир Богданов 1943 жылғы наурызда Алматы облысының Самарқанд әскери комиссариатынан әскерге шақыртылды.  Петропавловскіде әскери дайындықтан өткен жауынгер майданға аттанып кетті. Эшелон Великие Луки стансасына келіп жеткені сол-ақ екен, неміс ұшақтары әуеден оқты қарша боратты. Қаперінде олай болады деп ойламаған жауынгерлердің кейбіреулері орманға жасырынып жан сауғаласа, үздіксіз тасталған бомбалардан көпшілігі жат елде бақилық болып кете барды. Эшелоннан небәрі 700 адам ғана аман қалды. Майдан алаңына жаңадан келген Таир Богданов осылайша алғашқы күннен үлкен сынға түсті.
Т.Богданов барлаушылар бөлімін басқарушы еді. Оған өз жауынгерлерімен жау орналасқан жерге шабуыл жасап, окоптарын басып алу тапсырылды. Сарбаздардың бәрі де бұл өздері үшін соңғы шайқас болуы мүмкін екенін жақсы ұқты. Дегенмен бұйрыққа көнбеске шара жоқ. «Отан үшін алға! Ура!» деп ұрандатып алға ұмтылды. Жаңбырша бораған оқ арасымен Т.Богданов жау орналасқан жерге басып кірді, бірақ осы жерде жарақат алды. Адам шығыны көп болды, дегенмен бөлім бұйрықты орындады. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» демекші, оқ пен оттың ортасында арпалысқан 27 жауынгерден 2-еуі ғана аман қалды. Соның бірі Таир болатын. Осы ерлігі үшін Т.Богданов «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды.
Алған жарақаты жазылған жауынгер қайта соғыс алаңына оралды. Жаудан Румыния, Болгария, Чехословакия, Венгрияны азат етушілердің бірі болды. Ұлы Жеңісті Австрияда қарсы алды. Соғыс аяқталғаннан кейін Т.Богданов Отан соғысының І дәрежелі орденімен марапатталды.
Өзекті өртейтін өкініш, тарихтың тірі куәсі саналатын Таир Богданов Жеңістің 70 жылдық мерейтойын көре алмай бақилық болды. Дүбірлі мереке қарсаңында бір кездері өзі жайлы ұмытпауды аманаттаған қарт жауынгердің бейнесі көз алдымызға келеді де тұрады. Аманатқа қиянат жасамай, тек көзін көрген адамдар ғана емес, қаламыздың басқа да тұрғындары Таир Сағитұлы Богданов жайлы біле жүргені абзал. 

Г. Абильдаева,
А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназия
директоры,
М. Сералиева,
қазақ тілі мен
әдебиеті пәнінің мұғалімі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.