Биік абырой-беделдің иесі

Пятница, 29 Январь 2016 05:53 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5123 раз

Нұрмаханбет Исаев туралы бір үзік сыр

photo 2106«Ер қадірін назардан тасалаудан
Қай ел опа тауыпты?
Иә, ерлікті жасамаудан
Бағаламау әлдеқайда қауіпті».
Ақиық ақын Мұхтар Шаханов жалынды жырларының бірінде осылай депті. Рас, жасаған ерлікті шынайы бағалай білу де жомарттықты қажет ететін үлкен өнер. Әрине, ерлік жасау үшін майдан даласында шайқасу міндетті емес, еңбек майданында жүріп те ерлік жасауға болады. Сондай ерліктің шынайы иесі жайында сөз қозғала қалса, еңбек майданына қатардағы жауынгер болып қосылып, генералына айналған әріптесіміз, бүгінде Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Нұрмаханбет Исаевтың есімі еріксіз ойымызға оралады. Өйткені, бүгінгі кейіпкеріміздің терең білімі, мол тәжірибесі, өз мамандығына деген шынайы сүйіспеншілік сезімі, бойындағы адами қасиеті, өзінен кейінгі толқын иелеріне деген ұстаздық өнері көпке үлгі боларлықтай. Прокуратура саласында қызметтес болған жылдарымда Нұрмаханбет Молдалыұлының бұдан да бөлек мың сан қасиетке ие екеніне көзім жетті.

Асылында, ер азамат кіндік қаны тамған топырағына тартып өседі деген сөз тегін айтылмаған. Үш жүздің басын қосып, жауға жұдырықтай түйілуге себепкер болған қасиетті Ордабасы тауын танымайтын қазақ жоқ. Міне, осындай қасиетті топырақтан нәр алып, балалық шағы өткен Нұрмаханбет Молдалыұлының мінезіне осынау киелі мекеннен дарыған қасиет көп. Оның үстіне тағдыр оны білім алумен бірге еңбекке ерте араласуға мәжбүр етті. Әкеден ертерек айырылған шиеттей жеті бала-шағаны жалғыз шешенің жетілдіруі оңай деймісіз? Мұндайда аяулы анаға қолғабыс жасап, көмекші болғандардың бірі осы Нұрмаханбеті болды. Бірақ, бұл ынталы ұлдың білім алуға деген құштарлығына тұсау бола алмады. Керісінше, тағдырдың бұл сынағы қаршадай баланы қиындықтармен күресе білуге, оны жеңе білуге, еңбектің наны тәтті болатынын үйретті. Білімсіз биіктерді бағындыру мүмкін еместігін де мектеп жасында жүріп-ақ сезінді. Бұл сезім – бала Нұрмаханбеттің білім алуға деген құмарлығын онан сайын арттыра түсті. Ол жеміссіз де болмады. Ордабасы ауданы, Бадам станциясындағы өзі оқыған білім ұясын Нұрмаханбет Молдалыұлының мектеп тарихында тұңғыш болып алтын медальмен бітіргені осы сөзіміздің дәлелі іспетті. Дербес өмірге алғаш басқан қадамы да сәттілікпен өрілді. Арман қуып, арман қала – Алматыға келгенде мектепте алған осы үздік білімі басты көмекшісіне айналып, қара шаңырақ – Қазақ мемлекеттік университетінің шәкірті атану бақытына кенелді. «Алмас қылыш қап түбінде жатпайды» демекші, жоғары оқу орнында да курстастарының арасында белсенділігімен көзге түсіп, өзі оқыған топтың беткеұстары атанды.

Адамды абыройдың аспанында қалықтататын қос қанатының бір жағында білімі мен еңбекқорлығы тұрса, екінші жағында адамгершілігі мен мінезі тұратынында талас болмаса керек. Нұрмаханбет Молдалыұлы білімділігі, еңбекқорлығымен қатар мінезге де өте бай азамат. Прокуратура саласындағы ұзақ жылғы еңбек жолында әріптесі арасында өзі жалтақтауды білмейтін және өзгенің жалтақтағанын жақтырмайтын, нақтылықты қалайтын, турашыл, әділ, уәдеге берік азамат екенін көрсетіп келеді. Оның бойындағы адамгершілік қасиет пен достыққа адалдығы әріптестер арасындағы беделін онан сайын биіктетеді. Соның арқасында қызметте тек қана сатылап көтерілумен болды.

Еңбек жолын университетті бітірген – 1978 жылы Жамбыл облысының Жамбыл аудандық прокуратурасында тағылымдамадан өтіп, алғаш тергеуші, кейін облыс прокурорының көмекшісі болды. Сосын Мерке ауданының, Шу қаласының прокуроры қызметін абыроймен атқарды. Осы жылдар ішінде тағы да өзінің белсенділігімен танылған Нұрмаханбет Молдалыұлының еселі еңбегі басшылық тарапынан оң бағаланып, 1995 жылы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының адам және азаматтық құқықтары мен бостандықтарын сақтау заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы лауазымы сеніп тапсырылды.

Қай қызмет ұсынылмасын сенім үдесінен шыға білген Н.Исаев 1997-2009 жылдар аралығында Алматы облысы прокурорының орынбасары, Бас прокуратураның құқықтық статистика және ақпарат орталығы бастығының орынбасары, бірінші орынбасары, Бас прокурордың аға көмекшісі, департамент бастығы, Алматы және Астана қалалары прокурорының орынбасары, Павлодар облысының прокуроры қызметтерін мінсіз атқарды. Ал 2010 жылы Бас прокуратураның тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау департаментінің бастығы лауазымына келсе, 2011 жылдың қыркүйек айынан бері Бас прокурордың орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді. Қазір сотқа дейінгі іс жүргізу және шұғыл іздестіру қызметінің заңдылығына қадағалау жасайды.

Нұрмаханбет Молдалыұлының тәжірибесі мен білімі еліміздің негізгі заңнамаларын қайта қабылдауда да көп пайдасын тигізді. Айталық, осы жылдың қаңтар айынан бастап қолданысқа енген жаңа Қылмыстық процестік кодекстің жобасын дайындау барысында сіңірген еңбегі орасан. Алғашқы күннен бастап заң нормаларын қабылдау топтарының жұмыстарына етене араласып отырды. Нұрекеңнің
біраз ұсыныстары мен идеялары кодекске процессуалдық прокурор секілді жаңа ұғымның, қылмыстық істер жүргізу заңының тәртіптеріне өзгерістер енгізуге себеп болды.

«Жігітке жеті өнер де аз» деп бекер айтылмайды. Осы нақыл сөз дәл Нұрекеңе арналып айтылғандай әсер қалдырады. Нұрмаханбет Молдалыұлы мектеп жасынан бастап жанына серік еткен спортты жоғары оқу орнында оқыған жылдары да тастамай соның арқасында жолдастарын қиын-қыстау кездерде дауға да, жауға да бермей, студенттер кеңесінің мүшесі ретінде жатақханадағы тәртіптің сақталуына жауапты болған. Осы жылдары студенттердің би үйірмесіне қатысып, осы өнердің арқасында сонау Мәскеудің үлкен сахналарында өнер көрсету бақыты бұйырған.

Мақаламыздың басында айтып өткеніміздей, еңбектің бағаланғанына не жетсін. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме қазақ. Нұрмаханбет Исаевқа 2007 жылы Елбасы Жарлығымен 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі жоғары шені берілді. Прокуратура саласындағы жемісті еңбегі үшін мемлекеттік награда – ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталған. Прокуратураның құрметті қызметкері. Ал, медальдары мен құрмет грамоталарының есебіне жетудің өзі қиын. Жұмысты ұйымдастырудағы оң тәжірибесі Одақ және Республика прокуратураларында үлгі ретінде ұсынылып, бірнеше рет таратылды. 1992 жылы республикамызда өткен үздік мемлекеттік айыптаушы сайысы жеңімпаздарының бірі болды.

Нұрмаханбет Молдалыұлы әріптестерінің арасында ғана емес, жерлестерінің алдында да, отбасының ортасында да өзіне лайықты абырой-беделге ие азамат. Елге сіңірген еңбегі орынды ескеріліп, Нұрекеңе «Ордабасы ауданының құрметті азаматы» атағы берілген. Құдай қосқан қосағы Әзия Қайроллақызы екеуі екі ұл, екі қыз өсірген өнегелі отбасы иелері. Үлкен ұлы Руслан әке жолын қуып, заң саласында қызмет етіп жүр. Бүгінде ол Бас прокуратураның Құқықтық статистика және ақпараттық комитеті Алматы қаласы бойынша басқармасының басшысы болып қызмет атқарады. Одан кейінгі ұл-қыздары да жоғары білімді, әртүрлі салада еңбек етеді.

Американы ұзақ жылдар басқарған, сол елдегі президенттер әулетінің басшысы болған Джозеф Кеннеди өз ұлына «Сен кім болсаң да мейлің, тіпті, көр қазушы болсаң да өз ісіңнің ең шебер маманы болуың керек» деп өсиеттеген екен. Осындай тәрбие көрген президенттің ұлдары кейін әкелерінің ізін басып, алып мемлекеттің тізгінін ұстаған. Қазақтың атақты ханы Абылай да Төле бидің малын бағып жүріп, «мен қазаққа хан боламын» деп өзінше мәлімдеп, соған жетуге бар күш-жігерін жұмсап талпынған. Сол талаптың нәтижесінде ол қазақтың ең ұлы, ең атақты ханы атанды. Міне, әкеден ертелеу айырылса да қазақы тәрбие көрген Нұрмаханбет Молдалыұлы таңдаған мамандығын шексіз сүйетін, өз ісінің нағыз шебері және өзі көтерілген биікке талмас талабының арқасында қол жеткізген абыройлы азамат деп айтуға әбден болады. Мен өмір жолымда осындай азаматтарды жолықтырған, қызметтес болуды нәсіп еткен тағдырыма разымын.

Ибраһим Иманов,
Оңтүстік Қазақстан
облысының прокуроры

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.