«ҚЫС ҚАМЫҢДЫ ЖАЗ ОЙЛА» Избранное

Пятница, 27 Январь 2023 09:39 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1010 раз

Шымкент — еліміздің өзге өңірлермен салыстырғанда ауа температурасының жылылығымен ерекшеленетін аймақ. Алайда, қыс қаһарына мінген сәтте шымкенттіктер біршама қиындыққа душар болды. Әсіресе, қаланың коммуналдық саладағы қызметкерлері тәулік бойы халыққа қызмет көрсетті. Оның ішінде «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС жедел әрекет етіп, кезекші бригадаларды ұйымдастыру арқылы халықтың алғысын алды.

65

 

Аязды күндерде су құбырларының қатып қалу қаупі күшейген кезде «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС 15 кезекші бригада ұйымдастырған.
— Алғашқыда 15 арнайы бригада жұмыс істеді. Алайда, 3 күнде су құбырының қатуы, жарылуы сынды жағдаймен 950 өтініш түсті. Оның басым көпшілігі көп қабатты тұрғын үйлердің тұрғындарынан келді. Жағдай ушығып кетпеу үшін апаттық бригада санын 15-тен 25-ке жеткіздік. Алайда, апаттық жағдайлардың шамадан тыс көбейіп кетуінен бригада санын 45-ке жеткізіп, оған дилерлік және мердігерлік ұйымдардың мамандарын тартуға мәжбүр болдық, - дейді «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС бас директорының орынбасары Бекжан Ешімбетов.
Мамандар аязды күндері мәселенің тек салдарымен күрескенін алға тартып отыр. Ал, себебіне келсек, бір мезетте жаппай су құбырларының қатып, апаттық жағдайға әкелуіне қала тұрғындарының қыс мерзіміне дайындалмауы себеп. Яғни, жеке сектор үйлері су құбырларын талапқа сай жүргізбеген және ортақ есептеуіш құралы орнатылған жәшікті ашық-шашық қалдырған болса, көп қабатты үйлердің жертөлелері есіксіз, жылусыз қалғандықтан жағдай ушығып кеткен. Қаладағы Солтүстік, Жоғарғы және төменгі Отырар, Қарасу және 3-ші, 4-ші, 16-шы, 17-ші, 18-ші шағынаудандарда, Ш.Уәлиханов, Ә.Молдағұлова, Алдияров көшелеріндегі тұрғын үйлерде су құбырлары мен таратылатын желі қатып қалған.
— Әрбір қала тұрғыны жауапкершілік танытса, аязды күндері сақтық шараларын күшейтсе, мұндай қиындық болмас еді. Мәселе негізінен тұтынушылардың, яғни, тұрғындардың меншігіндегі ішкі желілерде туындады. Ішкі су құбыры желілерінде мұз қатқан тұстарды жылыту, қалыпқа келтіру «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің құзіретіне кірмейді. Алайда, жағдай күрделеніп, халыққа қолайсыздық тудырмай, жедел көмек көрсету үшін кәсіпорын басшылығы қосымша жұмыс бригадаларын құрды. Яғни, әрбір көп қабатты үйдің тұрғындары подъездің сынық терезелерін бүтіндеп, жертөлелердің есігін жабылатын етіп реттеуі тиіс. Ал, жеке сектор тұрғындары мемлекет жеткізіп берген су құбырын ары қарай өз үйіне кіргізерде тереңірек қазып, даладағы су құбыры мен крандарын қаптап, орап, ортақ жәшіктерді қыс маусымына дайындау керек. Бригадалар тұрғын үйлер мен нысандарда тәуліктің уақытына қарамай жұмыс істеді. Тұтынушылар сусыз қалмас үшін барлық шаралар қаралды. Дер кезінде атқарылған іске риза болған тұрғындар мамандарға алғысын айтып хабарласып жатыр, - дейді Б.Ешімбетов.
Синоптиктер аязды суық қаңтар айының соңына дейін созылуы мүмкін екенін болжап отыр. Ал, коммуналдық сала қызметкерлері тұрғындарға аязды күндері апаттық жағдайдан аулақ болу үшін сақтық шараларын сақтауға шақырды.
— Әрбір тұрғын үй ішіндегі және ауладағы су құбыры желілерін тексеріп тұруды ұмытпау керек. Ашық жатқан су құбырлары мен есептеуіш тораптарды орап қойыңыздар. Қатты аяздарда, әсіресе түнгі уақытта су айналымы тоқтамау үшін кранды аздап ашып қойған дұрыс, - дейді мамандар.
Аязды күндердің әлегі аз болмады. Мамандар апаттық жағдайлардың алдын алу, тіптен болдырмау үшін «Қыс қамыңды жаз ойла» деген халық даналығын есте сақтап, әрекет етуге шақырады. Әсіресе, «өзіне де, өзгеге де қолайсыздық тудырмас үшін әрбір тұрғын жеке иелігіндегі жүйеге жауапкершілікпен қараса» деген тілегін де жасырмады.