Қырдағы ел ойдағы елмен араласып... Избранное

Среда, 15 Март 2023 04:33 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 761 раз

Көрісу күні Шымкентте «Астана» алаңынан басталды. Онда қыстан шыққан жұртшылық бір-бірінен аман-саулық сұрасып, төс қағыстырды.

360

 

Қаланың айшықты жері Абай саябағында «Шымкент-Цирк», Абай атындағы қалалық орталық кітапхана, Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі мекемелерінің қызметкерлері көрісіп, әннен шашу шашты. Қонақтар дәмнен ауыз тиді. Жиналған қауымның көңіл-күйі ерекше. Ұлы Абай айтқандай, «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» мәре-сәре болысты. Ұлттық киім киген, домбырасын асынған көпшілік қала тұрғындарына мерекені сезіндірді.
– Көрісу – адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін ізгі амал. Бұл күннің өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын тағылымы мол. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігі табиғат-анамен тығыз байланысқан халқымыз үшін Көрісу дәстүрі – жаңару мен жасампаздықтың, ырыc пен берекенің бастауы, – дейді қала тұрғыны
Мақсат Әмірбеков.

Амал мерекесі Арбат алаңында жалғасты. Шымкент қалалық орыс драма театры және Шымкент қалалық тілдерді оқыту әдістемелік орталығының қызметкерлері алаңға келген қала қонақтарымен көрісті.
– Бұл – ұмыт болып бара жатқан дәстүрдің бірі. Көп жастарымыз бұл амалдың жөн-жоралғысын біле бермейді. Осы күні әрбір шаңырақ дастархан жайып, қыстан қысылмай жыл басына аман жеткеніне амал еткен. Жасы кішілер үлкен ақсақалдарымызбен көрісіп, амандығын біледі. Міне, осы дәстүрді бүгін бізде жалғастырып, тұрғындар және қала қонақтарымен көрісіп жатырмыз, – дейді Шымкент қалалық тілдерді оқыту әдістемелік орталығының қызметкері Болат Бердімұратов.

361


Мереке Shymqala этноауылында жалғасын тапты. Игі шарада қалалық мәдениет мекемелерінің қызметкерлері мен білім басқармасының мамандары көрісу амалдарын жасап, қала тұрғындарына ынтымақ пен берекенің, татулық пен тағылымның көрінісін көрсетті. Бір-бірін жас қосуымен құттықтап, жақсы тілегін айтты.
— Бүгін мәдениет қызметкерлері адам көп шоғырланатын орындарында көрісу мерекесін ұйымдастырып, қала түрғындарын айтулы күнмен құттықтап жатыр. Алдымызда ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі. Қаламызда наурызды тойлау бүгіннен бастау алып отыр. Ұлыстың ұлы күнінде ағайынмен қол алысып, кеуде қағысып көрісіп жатырмыз. Барша жиылған қауымды амал мерекесімен құттықтаймын! – деді қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Сәкен Шәкеев.
Мерекелік іс-шаралар айдың соңына дейін жалғасады. Күні кеше қалалық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы Жастар ресурстық орталығымен бірлесе әлеуметтік желілерде «Наурыз нақыштарын насихаттайық» челленджін бастап, жастарға көрісу күнін кеңінен насихаттаған.
–Қала жастары арасында көрісу күні жайлы білмейтіндер де бар екен. Бұл күннің маңыздылығына қанық болған жастар іс-шараларымызға белсенді атсалысты. Орталығымыздың мамандары қаланың ерікті жастарымен бірге ымырт түскенде түнгі ауысымда жұмыс істейтін еңбекші жастарға «Ұйқыашар» дәмін таратты. Қаратау аудандық полиция басқармасы, қаладағы өрт сөндіру мекемелері, ауруханаларды аралап, мерекелік дәмнен үлестіріп, құттықтадық, – дейді қалалық Салт-дәстүр және әдет-ғұрып орталығының ғылыми зерттеу бөлімінің меңгерушісі
Гүлшат Жаханқызы.
Мерекелік жиын этно-фольклорлық концертке ұласып, ән мен жырдан шашу шашылды.

Салтанат ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ,
Бибайша НҰРЖАНҚЫЗЫ,
Гүлнұр СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.