ҚАЙНАРБҰЛАҚТА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҚСАРДЫ Избранное

Пятница, 12 Май 2023 05:35 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 800 раз

Шымкентте бесінші ауданның құрылуына байланысты қаладағы шалғай елді мекендерде инфрақұрылым жұмыстары жаңа леппен қарқын алды. Мәселен, бұрын Қаратау ауданына қарайтын Қайнарбұлақ тұрғын алабы мен саяжайы 2023 жылдың қаңтарынан бастап Абай ауданының құрамына енді. Қазіргі таңда Қайнарбұлақтың жолдарын жақсартып, көгілдір отынмен қамтамасыз ету бойынша 2 елді мекенде құрылыс жұмыстары қарқын алған.

714

 

Ал Қайнарбұлақ саяжайының өзінде ресми дерек бойынша 32 мың халық қоныстанған. Саяжай негізінен жеке сектор болғандықтан 225 көшеде 7 144 үй орналасқан. Онда қазір 2 мектеп, 2 балабақша және 1 амбулаторлық емхана тұрғындарға қызмет көрсетеді.
Саяжайлықтар ауыз су және электр қуатымен толық қамтылған. Тұрғындарды табиғи газбен қамту бойынша өткен жылы жобалық-сметалық жұмыс жүргізіліп, жыл басынан бері газ құбырларын тарту жұмыстары басталып кетті. Аталған жобаға жергілікті бюджеттен 5,6 млрд. теңге қаржы қаралып, құрылыстың аяқталу мерзімі 2024 жылға жоспарланған.
–Қайнарбұлақтықтардың негізгі көтеріп жүрген мәселесі – сапалы жол болатын. Мұнда қазір 33 жол асфальтталған, 186 көшеге тас төселген, 7 топырақ жол бар. Өткен жылы саяжайдағы 6,9 шақырымдық 17 ішкі орамдық жол асфальтталса, биыл 7 көше, 2024 жылға 28 көше және 2025 жылы 27 көшеге асфальт төселіп, нәтижесінде елді мекендегі сапалы жолдар көрсеткіші 44,8 пайызға жетеді, - деді Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов.
2020 жылға дейін елді мекенде көшелер мүлдем жарықтандаралмаған еді. 2021 жылы әлеуметтік нысандар орналасқан Центральная көшесіне кешкі шамдар орнатылып, ел игілігін көрді. 2022 жылы үш көшеге шамдар орнатылып, 2025 жылғы жоспарға 10 көшені жарықтандыру кірген.
–Қайнарбұлақ саяжайына көңіл бөлу 2021 жылдан басталды десем артық айтпағаным. Өйткені, оған дейін қала шетіндегі дамудан алшақтаған саяжай күйінде еді. Міне, енді орталық көшелеріміз жарықтанып, қоғамдық көліктер қатынап, бір жүйеге түсті. Бұрын №70 бағытқа шағын автобустар қатынайтын. Оның арасы кем дегенде 2 сағат болатын. Қазіргі таңда қоғамдық көлігіміз әр 20 минут сайын қатынап тұр. Одан бөлек, №149 және «Алаш», «Бекжан» базарына қатынайтын №2 автобустар жүреді. Биылдан бастап газ құбыры тартылып жатыр. Құрылысы аяқталса, көгілдір отынның қызығын көрер күн де алыс емес, - дейді Қайнарбұлақ саяжайының тұрғыны Д.Қалбаев.
Елді мекендегі №125 пен №83 мектепте оқушылар екі ауысымда білім алады. 2024-2025 жылдары Қайнарбұлақта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2 мың орындық мектеп салу жоспарланып отыр. Ал, №10 қалалық емханасында бүгінде 42 мыңнан аса халық тіркелген екен. Тұрғындарға сапалы медицинаны қолжетімді ету үшін «Imperium Medical» ЖШС жаңа емхана ашуды көздеп отыр.
Бұқаралық спортты дамыту, балалардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында бүгінде Абай аудан әкімдігі тарапынан спорт және балалар алаңшасын орнатуға жер телімі қарастырылып, зерделенуде. Бос жер анықтала саласымен «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жаңадан балалар ойын алаңшасы бой көтереді.