ТҰРАН АУДАНЫНДА БИЫЛ 22 КӨШЕ ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛАДЫ Избранное

Среда, 17 Май 2023 04:53 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 726 раз

Тұран ауданында инженерлік-инфрақұрылымды дамыту, көшелерді жарықтандыру, әлеуметтік нысандар, балалар ойын алаңшасын салу жұмыстары жоспарға сай атқарылуда. Биыл ауданда 22 көше жарықтандырылып, 22 мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылады. Ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен танысу мақсатында баспасөз туры ұйымдастырылды.

89

 

Тұран ауданында маңызды жобалардың бірі – Құрсай және Арғымақ елді мекенін ауыз сумен қамту. Бірінші кезең бойынша 185,5 шақырым ауыз су құбырының 95,5 пайызы орнатылса, II кезең бойынша барлығы 151 шақырым ауыз су құбырын орнату жұмыстары жүргізілді. Мердігер «Реголит» ЖШС құрылыс жұмыстарын биыл маусым айында аяқтауды жоспарлауда. Оның нәтижесінде Құрсай елді мекеніндегі 22 мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылады. Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы Еркеғали Жаназаттың айтуынша, биыл ауданда ауызсумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетпек.
Құрсайда тәулігіне 450 адамды қабылдайтын жаңа емхана құрылысы басталды. Жеке инвестор Балтабай Асанов жаңа нысанды 2024 жылдың I тоқсанында тапсыру жоспарда екенін мәлімдеді. Әлеуметтік мекеме маусым айында тұрғындарды қабылдамақ. Бас мердігер – «Hi-tech building» ЖШС. Нысан құрылысы 100 пайыз жеке инвестиция есебінен салынып жатыр.
Аудан әкімі Боранбай Болатбеков құрылыс жұмыстарының сапасы басты назарда екенін атап өтті.

88


– Биыл Құрсай елді мекеніне баса назар аударып отырмыз. 2023 жылы елді мекенде 40 көшеге шағал тас, 13 көшеге асфальт төселеді. 5 балалар ойын алаңшасы, 3 спорт алаңшасы салынады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында биыл 22 көшені жарықтандырамыз. Қазіргі таңда 9 көшеде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жалпы ауданда 10 спорт алаңша, 13 балалар ойын алаңшасының құрылысы жүргізіледі, – деді аудан әкімі.
Айта кетсек, аудан аумағында Құлантөбе көшесінде, Бәйдібек би даңғылы, № 246 үйдің ауласында балалар ойын алаңшаларының құрылысы бастау алды. Ол нысандар биыл тамыз айында пайдалануға беріледі.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.